Республикалық баспа беттерінде соңғы айлардағы жаңаша түлеген ізденістері мен батыл сараптамалары оқушыларын жаңа толғаныстар мен талпыныстарға жетелейді. Осыған байланысты «Идеологиялық қазықтың негізі неде?» атты тақырыптағы сұрақтардың үш түрлі бағытына пікір білдіруді жөн көрдім.
Сауалнамадағы сұрақтардың қойылуының өзінен-ақ, бүгінгі таңдағы қазақ қауымының: – Саясат дегеніміз не? Иә болмаса, Идеология дегеніміз не? – дейтін сауалдарға әлі де тұшымды жауап ала алмай жүргені аңғарылады…
Осы екі ұғымның айналасында жарияланып жатқан мақалалардың ішінде де, екіұшты ой, дүдәмал тудыратын түсінік, тіпті нақты айтылмайтын мәселелер де толып жатыр. Соның салдарынан, жиі-жиі жазылып жүрген «…ұлттық идеология, немесе халықтық идея» жайындағы ұғымдар да, өз мәнінде айқындалмай отыр. Себебі, егемендігін алған елімізде саясат пен идеологияның ара-жігі мен айырмашылығы, әлі күнге дейін анық емес. Тіпті,«Саясат ғылым ба, өнер ме, жоқ әлде, ойын ба?» - дейтін де ұғымдар кейде белең алып қалатыны рас.
Біз, ең әуелі, өз тұжырымдарымызды ұсынбастан бұрын, талқыланған мәселелердің құрылымы мен қойылу мәнеріне көңіл аударсақ, жоғарыда айтылған екі ұғым жайындағы пікірлердің дұрыстығы бірден-ақ байқалады.
Мәселен, «мемлекет, немесе ұлттық саясат» деген де, әуелі бұл екеуінің ара-жігін іздегеннен гөрі, саясат ұлттық бола ма, немесе мемлекет пен саясаттың ара-жігі бар ма? – дейтін сауалдардың мәні мен маңызын анықтап алған жөн сияқты.
Жалпы, бұл сауалдарды айқын да ашық етіп қоюдағы мақсат, мәселе ішінен мәселе шығару емес, қайта журнал көтеріп отырған проблеманың құндылығы мен ұрымталдығын айқындай түсу үшін, жасқанбай диалектикалық таныммен тереңірек толғанғанды дұрыс көрдік. Өйткені, басылымдардың да іздеп отырғаны осы екені түсінікті! Олай болса, қысқа ғана тұжырыммен түйіп айтсақ, қашанда «мемлекет» атқару қызметі жағынан «саясатқа» жақын болса, ал «ұлттық ұғымның» негізі мен төркіні «идеологиямен» сабақтас екенін барынша қадап айтқымыз келеді.
Сондықтан да, бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамымыздың сипаты – «мемлекеттік саясатқа» зәру емес, керісінше «ұлттық идеологияға» шөліркеп отырғаны уақыт өткен сайын аңғарыла түсуде. Сөз жоқ, бұл мәселелердің күрделілігіне қарамай, журнал қысқа да болса нұсқадай етіп айтудың ұтымды жолдарын қарастырып отырғанын түсінуге болады.
Ендеше, барынша қысқа сөйлеуге тырыссақ та, ең әуелі «Саясат дегеніміз не?» – десек, бірден саясат дегеніміз – ілім деумен қоса, оның сыртқы және ішкі екі түрлі саласы өзара үндескен тепе-теңдікте болуын ескертеміз. Оның үстіне ол да ілім ретінде өзінің ғылыми методологиясы мен жүйелі негіздеріне сүйеніп, үздіксіз дамып отыруға тиісті.
Дұрыс жүргізілген саясаттың басты қызметі, мемлекеттің сыртқы және ішкі экономикасын, әлеуметтік салаларын, өркениеті мен мәдениетін басқарумен қоса, осы салалардың үнемі іркіліссіз жетілуін қамтамасыз етеді. Солай дей тұрсақ та, бұл әлі идеология емес!
Бүгінгі таңдағы біздің қоғамымыздағы негізгі түсінбеушілік, осы саясат пен идеологияның ара-жігін ажырата алмай отырғандығымыздан «халықтық идея мен ұлттық идеологияның негізі неде?» – деп әлі де шарқ ұрудамыз. Мұның ең негізгі себебі –«империялық саясаттың» бұғауынан шыға алмай жүрген «құлдық психологиямыздың әсері» екенін ашық айтқан жөн.
Бұған дәлел ретінде, жалпы империя атаулының сүйенетіні, тек біржақты саясат пен сол өктем саясатқа суарылған алдамшы идеология екенін тәптіштеп жатудың өзі артық. Бұл жер бетінде пайда болған алғашқы Рим империясынан жалғасып келе жатқан үрдіс. Сондықтан да, қазақ халқы өзінің мемлекеттігін жоғалтқан 300 жылдан бері қарай, шынайы ұлттық идеологияның не екенін көргенде, естіген де емес. Олай болса, ендігі жерде «не істеуіміз керек?» – дегенді шындап тұрып ойланғанымыз жөн.
Егерде шынымен-ақ, егеменді ел боламыз десек, бұдан әрі кідіртуге келмейтін мәселенің үлкені – осы! Ұлттық немесе халықтық идеяны дұрыс жүйелеп алмай, тәуелсіз ел бола алмайтынымызды түсінетін мезгіл жетті. Көне жұртымыздың ұрпағына қалдырып кеткен аса бай халықтық құндылықтарын (тілін, дінін, ділін) бүгінгідей құрбандыққа шалып құлдырата берсек, көп ұзамай-ақ, құрдымға кетеріміз анық.
Қазірдің өзінде, рухани деңгейіміз жан түршігерліктей сипатта екені, жасырып қоюға болмайтын шындық. Әсіресе, дертті болып туып жатқан бала, одан да бетер сорақысы, тірі жетім күйінде өсіп жатқан сәбилеріміздің жағдайы, жастарымыздың тым еліктегіш өрескел тәрбиесіздіктері, осы көтеріп отырған мәселенің жағымсыз көріністері екені дау тудырмаса керек.
Қашан да, саясат қондырма болғанда, кез келген дербес мемлекеттің базисі – халықтық идея мен ұлттық идеология болып табылады. Сонда, «идеология дегеніміз не?» – дейтін заңды сұрақ туындайды. Әрине, идеология дегеніміз де ілім!Бірақ, ол қандай ілім екенін түсінікті тілмен айтсақ, бұл адам тәрбиесі мен қоғам тәрбиесі туралы ілім десек, көз алдымыздағы тұман да, түсініктегі түйткілдер де сейілгендей болады. Оның да өзіне тән методологиясы мен негіздері және халық педагогикасымен астасып жатқандәстүрлі жүйелері бар.
Ендеше, идеологияның қоғамдағы атқаратын басты қызметі – қоғам тәрбиесі мен адам тәрбиесі, тіпті нақтырақ етіп айтсақ,келешек ұрпақ тәрбиесі болып табылады. Ойлап көріңіздерші!Тәрбиесіз ұрпақ, өзінің Отанына, оның тәуелсіздігіне ие бола ала ма? Әрине, жоқ! Үзілді-кесілді жоқ! Олай болса, тек халықтық идеямыз бен ұлттық идеологиямыз ғана, келешек ұрпағымыздың алғыр да терең санасы мен жан дүниесінің дұрыс жетілуін қамтамасыз етпек. Былайша айтқанда, ол ұлттық және азаматтық сананы қалыптастырып жетілдіруші.
Егер салыстырмалы түрде қарасақ, ұлттық идеологиясы дұрыс дамып отырған елдерде тап бүгінгі біздегідей тіл, дін, діл, халықтың өзіне тән психологиясы, дәстүрі мен салты, руханияты мен мәдениеті екіұшты күй кешіп, дау-дамайға түскен жоқ. Ал, біздерде, тіпті мемлекет деңгейіндегі білім мен ғылымды басқару, денсаулық мәселелері де керағар күй кешіп, еліктеу мен солықтауғаұрынып отыр ғой.
Осыншама көп қателіктердің белең алуы, сол халықтық идеямыз бен ұлттық идеологиямызды дұрыс жүйелеп ала алмауымыздың салдары екені белгілі. Егер, шын мәнінде, идеология деген ұғымды дұрыс түсінсек: «Абай – дайын тұрған ұлттық идеология», немесе, «Президенттің шығарған әр кітабын идеология» деп даурықпас та едік. Бүкіл дүниежүзі бойынша, ұлттық идеологиясын бір ғана данышпанының атымен дәріптеп отырған қай халықты көрдіңіз?!
Мәселен, мысал ретінде алсақ, өзінің ұлттық идеологиясы мен нарықтық экономиканы дұрыс сабақтастырып отырған, ұлы Қытай елі де бір ғана Конфуций мен День Саупинге тіреліп отырған жоқ қой. Әрине, сөз жоқ, Тоныкөк, Фараби, Асан Қайғы, Кетбұға, Бұқар, Дулат, Махамбет, Абай, Абылай, Нұрсұлтан – халқымыздың інжу-маржандай қадау-қадау тарихи тұлғалары десек, інжу-маржан асыл тастарды да жіпке тізіп қана моншақ жасайтынымыз сияқты, осы ұлттық тұлғаларымызды да идеологиялық жүйеге тізе білсек қана ұлттық идеологиямыздың діңгектеріне айналдыра аламыз. Олай болса, ең алдымен, ұлттық идеологияның жүйесін табу басты шарт екен. Бірақ, мұның өзі бір бөлек мәселе болғандықтан, егжей-тегжей сөз етуге дәп осы жолы тереңдете талдауға мүмкіншілік жоқ сияқты.
Әйтсе де, қытымыр оқушылардың: – Сынау әркімнің де қолынан келеді, біліп тұрсаң, «ай қарап жүрсің бе?» – деп жазғырулары да әбден мүмкін. Ондайларға айтарым: – Жоқ, ағайын, зар жылаған үнім, ешкімнің де құлағына жетпей жүр! Міне, қаншама жылдар болды, Президент пен Үкімет басқармаларына жазғаныма да, тіпті бұрынғы білім мен ғылым министрлерімен жүзбе-жүз сөйлескенімнен де түк шыққан жоқ. Бәрі де, «Шақыртамыз» – деп алдап кетті.
– Өткенімізге көз жіберсек, қазақ халқы жақсы ма, әлде жаман ба, өз мемлекетіне өздері иелік еткен дәуірлерде, сөз жоқ, өзіне тәнсаясаты мен ұлттық идеологиясының болғандығында еш күмән жоқ. Оның дәлелі, Үлкен және Кіші Күлтегін ескерткіштерінде тасқа қашалып жазылған. Өйткені, өзіндік саясатсыз және идеологиясыз дербес мемлекет болуы мүмкін емес. Әйтсе де, бұрынғымызды сындарлы түрде анализ жасасақ, оның ұлттық идеологиясынан гөрі, ел басқару саясатының әлдеқайда әлсіз болғандығын, тарих бедерлеріндегі тағдырларынан қиналмай-ақ танып-білуге әбден болады.
Сол кездегі ел басқарудың әлсіз жүйелерінен, яғни, әлсіз саясатының салдарынан, боз даласының үстінде боздаумен жүрген жұрттың басына бодандықтың қайыс ноқтасы қалай киіліп қалғанын, өздері де аңғара алмағандығын анық байқаймыз.
Бұдан алатын сабақ, саясат пен идеология үндесе дамымаса, оның берер апаты да аз болмаса керек. Енді, мынау бір қызық сипатқа көңіл аударып көрсек, бодандықта болған үш ғасыр бойы, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың жер бетінен халық ретінде жойылып кетпеуіне әсер еткен, тек тамыры ықылым замандармен байланысып жатқан құнарлы тегі мен ұлттық идеологиясының қуатымен ғана сабақтастырған жөн. Сол кездегі ұлттық идеологиямыздың қуаттылығын «Өнер алды – қызыл тіл» деп түсінген ата-бабаларымыздың аса бай рухани мұралары мен халық педагогикасының тылсым сырларынан танып білуге болады.
Мысалы, сонау ескі замандардан келе жатқан «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі», тек қазақтың халық тағылымында ғана сақталғанын айтсақ та жетіп жатыр. Бұл табиғи сұрыптаудың негізін қалайтын қасиетті дәстүр, басқа түрі мен түсі бөлек халықтарды айтпағанда, «түбіміз бір» деп жүрген түркі жұрттарының көпшілігінде жоқ. Сөз реті келгенде айта кеткенді жөн көріп отырмыз, дәл осынау ата дәстүріміз бен ұрпақ тәрбиесінің жаңа көзқарасы жайында, 1995 жылы 30.0 баспа табақ көлемінде шыққан«Халық педагогикасының негіздері» атты монографиялық еңбекте егжей-тегжей зерттелгенін ескертеміз.
Жоғарыдағы айтылған ойдың екінші бір мысалы, өткен замандардағы ұлттық идеология тәрбиелеген адамдардың рухтарының биіктігін,тілі мен ділінен де, жігері мен зердесінен де, ұжданы мен мінезінен де, түйсіктері мен ішкі бес сезімдерінен де танып қана қоймай, бүгінгі ұрпақтарымен салыстырып қарасақ, адамдық санасы мен сапалары жер мен көктей екенін аңғару қиын емес. Тек бір ғана мәселеден байқасақ, дербес мемлекет және халық болудың алтын діңгегі ана тілің мен ділің десек, осы екеуінің қазіргі күйі қандай?
Мінеки, он бес жылдан асты, ана тілімізді саудаға салып келеке етудеміз, ал, дін мен діл туралы сөз қозғаудың өзі ұят-ақ! Және осының бәрін жасап отырған кімдер? Өзгелер мен қоса, өзімізден шыққан космополиттер екенін енді айтып қана қоймай, шара қолданып, айыптайтын мезгіл жетті. Әлде, біздің бүйректен сирақ шығарып, тағдырымызды қиындату қанымызға сіңген қаскөйлік пе? Әйтпесе, «тілімізді мемлекеттік тіл дей тұра, жалпақтап «ресми» тіл дегенді жапсырған да өзіміз ғой.
Ел басқарып отырған азаматтардың әрбір мекемедегі іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп жіберуге «күнде ертеңдері» таусылар емес. Ендеше, «қазіргі саясаткерлер кімдер» екені айтпаса да түсінікті болар.
Ел тыныш жұрт аманда «жер сатамыз» деуге біздерді кім итермелеп тұр. Тағы да сол, осы жерді қанымен де, жанымен де сақтаған халықты қорлап, дүние жүзінде тарыдай шашылып, ұрпағына жат болайын деп тентіреп отырған жұртты жинап алмай, жерді кімге сатпақшы? Халықты жарылқаушылардың жерді сатып байымақ ойлары күлкілі емес пе?! Ең әуелі, жеріміздің асты мен үстінде жатқан байлығымызды игеріп алсақ та жетер еді-ау. Тіпті, қолымыздағы бар қаражатты игере алмай отырғанымызды шешіп алғанымыз жөн деудің өзі артық қой.
Мінеки, осының бәрі де үндесе дамымаған саясат пен идеологияның әсері екенін мойындауымыз керек. Ендігі жерде ақыл қоса отырып береке-бірлікпен негізгі мәселені шешкеніміз дұрыс. «Ауруын жасырған – өледі» – деп халық даналығы бекер айтпаса керек. Халықтық идея мен ұлттық идеология деген ұғымдарды қоғамымыз ерекше жігермен көтеріп отырғанына шүкіршілік етіп, іске сәт демекпіз. Егер Елбасы негізгі принципті құптап, қабылдайтын болса, халықтық идея мен ұлттық идеологияның жүйесін жасасуға мүмкіндік бар. Алла жар болсын!..
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ЖАҢА ІЛІМІ.
Бүгінгі адамзат өркенниетінің дамуында Табиғи ғылым мен Рухани ғылымның үндессіздігінен, адам тәрбиесі мен тәлімінде орасан үлкен кемшіліктер көріне бастады.Сол кемшіліктердің көзге ұрып түрған екі түрлі сипаттарын ғана атап өтуді жөн көрдік. Ол – бүкіл адамзат қауымының өзімшілдігі мен құмарпаздығының салдарынан — табиғаттағы экзоэкология бұзылып жатса, ал адам ұрығының улануынан — өзінің эндоэкологиясы аса ауыр күйге душар болып отыр. Сондықтан да, бүгінгі Адам тәрбиесі мен Қоғам тәрбиесінежаңаша көзқарас керек.
Адам тәрбиесі дұрысталмай, қоғамда әділеттілік пен қайырымдылық орнауы мүмкін емес. Ендеше, бүкіл Педагогика мен Психология ғылымдарына батыл көзқарастарға иек артқан, мүлдем жаңа – Методология – Жүйе – Негіздердің –ұсынылуы ауадай қажет. Осы арада адамзаттың ұстаздары деп танылған Аристотель мен әл-Фарабидің айтқандарына құлақ ассақ; «...кезкелген пәннің негіздері, өзінің ішінен шығып дамымаса, ол ешуақытта – ғылыми пән бола алмайды...» - деп ақ пен қарадай ашып жазған.
Міне осы қағиданы басшылыққа алсақ, бүкіл батыстағы эвропацентристік методологиядағы педагогика мен Кеңестік ғылыми педагогиканың да, сындарлы көзқараспен қарайтын тұстары көп. Оның үстіне Кеңестік идеологияның сыңаржақ тәртібінде қалған, бүгінгі біздер басшылыққа алып жүрген Россия педагогикасының да, қасаң қағидаларының тозғандығы анық аңғарылады. Мұны байқаған бүгінгі Россия қоғамы, адам құндылығына ерекше мән беру арқылы, бүкіл педагогика ғылымы мен іс-тәжрибедегі методологиясын түбегейлі қайта қарастыруда (В.С.Кукушин, М. Р. на Д., 2006.).
Бұл кітаптың басты мақсаты сол, жалпы педагогика пәні ретінде, басқада үрдісдамып жатқан ғылымдар тәрізді, үнемі өзінде бар кемшіліктерді қайыра зерттеп және ғылыми негіздеріне тән сипаттарды, жан-жақты жетілдіруді қарастырады. Дәстүрлі педагогиканың көкжиегін тарихи деректермен кеңейтіп, әлемдік жаңалықтарды қамтитын адам тәрбиесінің инновациондық тәжрибесін жинақтауға тырысады.
Оның үстіне бұл еңбектің әмбебаптық сипаты, тіпті оқырманының мектеп оқушысынан бастап, ұстаздар мен ата-аналар және студенттер мен ғалымдарды да, қызықтыра алатын кеңдігімен ерекшеленеді.Өйткені мұнда, педагогика ғылымының әртүрлі салаларын қамтумен қоса, баланы да, үлкенді де шырмауықтай шырмап алатын әлеуметтік-педагогиканың – отбасындағы, өндірістегі, мектептегі, жоғарғы оқу орындарындағы, тіпті көшедегі көріністері сөз болады.
Адамзат қауымының өмір-тіршілігі мың-сан түрлі болса, ондағы педагогикалық традициялардың да соншама мол қырлары мен сырлары бар екенін байқатады. Бірақ осыншама көп ерекшеліктеріне қарамай, олар міндетті түрде рухани үндестіктерін табуға тиісті. Мінеки мұның өзі педагогика ғылымының үздіксіз дамуына әсерін тигізбек. Сонымен қоса, олар бірін-бірі байытып қана қоймай, педагогикалық тәсілдер мен технологиялардың үнемі алмасуын да қамтамасыз етеді.
Келер ұрпақтың тәрбие–тағылымының негіздері – болашақты жүйелі түрде болжау арқылы және оның әлеуметтік эндо-экзоэкологиялық сипаттарына жете мән берумен тереңдеуі қажет. Бұл - бүкіл қоғамдық тәрбиенің салауаттануымен қоса, адам ұрпағының өзін-өзі аздыру кінәраттарына да тосқауыл қояды. Ұрпақ тәрбиесін алдын ала болжалдау тәсіліне сүйену арқылы, оның диагностикалық мазмұнын түбегейлі өзгертуге әбден болады. Ендігі жерде, бұрынғыша қасаң қағидадан шықпайтын, көшірме ғалымдардан тез арылу мәселесі, кезек күттірмей шешуді қажет етеді. Өйткені, өтірік ғалым - өрт шалған өлкенің иесі ғана екені түсінікті.
Екінші бір аса ауыр ағат жағдай,бұл тіпті дүниежүзі педагогикасында кемшілік ретінде айтылуға тиісті мәселе, күні бүгінге дейін адамзат тәрбиесіндегі өз орнын алалмай отырған – «Халық педагогикасы» мен «Ұлттық психология» - пәндерінің білім беру жүйесіне енгізілмеуі дер едік. Сондықтан, қысқаша болса да, осы мәселеге көңіл бөлуді жөн көрдік.
Ендеше, алдымен бүгiнгі таңдағы халық педагогикасының жай-күйi қалай едi дейтiн заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалға жауап беру үшiн, бүкiл Кеңес педагогикасы бағдар етiп ұстаған Г.Н.Волковтың “Этнопедагогика” атты ғылыми еңбегiндегi тұжырымға ерiксiз тоқталуға тура келедi. Оның пiкiрi бойынша:“...Халық педагогикасы — ғылым емес, тек ғылыми педагогикаға шикiзат, материал,өмiрлiк фактiлер ғана бере алады. Оның бiртұтас жүйесiнiң жоғтығын былай қойғанда, алымды идеяларды жетiлдiрiп отыратын қорытынды теорияларының болуы да мүмкiн емес...” - деп тұжырымдайды.
Мiне, бұдан халық педагогикасының ғылыми жүйеленбегендiгiн былай қойғанда, тiптi оның мазмұны мен мәнiне, болмысы мен негiзiне ешуағытта да көңiл бөлiнбегендiгi анық байқалып тұр. Ендеше халық педагогикасының осыншама өгейлiкке ұшырауының себебi не? Оның басты себебi, халық педагогикасы ғылыми пән ретiнде танылмады. Бұл саналы түрде жүргізіп келген империялық саясаттың, немесе, эвропацентриз методологиясының тiкелей әсерi едi.
Мәселен, көне Грек мәдениетiнiң соңғы екi ғасыры мен бiздiң эрамыздың сегiз ғасырын қамтитын Рим империясының әсерiмен - Еуропа елдерiнiң халық педагогикасы ғылыми жүйеленбей, оның орнына “классикалық педагогика” дейтiн жасандылық дүниеге келдi.
Екiншi, өзiмiзге тiкелей қатысы бар орыс империясының әсерiнен оның қоластында бодандықта болған жүздеген халықтың Ұлттық тәлiм-тәрбиелерi ғылыми дамудан мақұрым қалды. Сондықтан да, ғылыми педагогика делiнетiн жасандылық қолдан таңылып, Адам баласы ең әуелi биологиялық индивид сонан кейiн ғана қоғамдық тұлғаға ауысатындығын даралай көрсетуге рұқсат етiлмедi.
Себебi, генетика ғылымдарының заңдылығтары империялық саясатқа қайшы келетiн едi. Жалпы Империя атаулы бағынышты елдерiнiң ұлттық тарихын да, халықтық педагогикасында табанының астына салып, оның бой көтеруiн ешуақытта қаламады. Өйткенi, бұл екеуiнен де, қай халығтың болмасын ұлттық санасы оянады. Ал Империя атаулыны күйрететiн күш тек ұлттық сана екендiгi дәлелдеудi қажет етпейтiн аксиомалық шындық...
Ендеше, уақыт талабымен жаппай өмiрге ене бастаған халық педагогикасын ғылыми түрде дамыту, оның өзіне тән методологиясымен жүйесін және қадау-қадау негiздерiн айқындау ауадай қажет. Сөйтіп, оны жалпы педагогиканың ауқымында үндестіре пайдаланудың берері мол... Мәселен, ұлы педагог К.Д.Ушинскийдiң:“Халық педагогикасы жоқ жерде, педагогика ғылымы да жоқ,педагог та жоқ”, -деген тұжырымын есте ұстаған жөн.
Алғаш рет жазылмақшы - "Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі" атты бұл оқу құралының мазмұны мен мәні, бағыты мен бағдары, 2005 жылы жарық көрген "Халық педагогикасы мен психологиясының негіздері" атты монографиялық еңбекпен бірыңғай үндестік тауып, ондағы теориялық ойлардың астарындағы кү р д е л і күрмеулерді тарата талдап айтып беруді мақсат етеді. Сол еңбекте ғылыми түрде дәлелденген педагогика мен психология пәнінің екі сатылы, немесе, екі деңгейдегі – методологиясы - жеті түрлі негіздері - екі жүйесі - осынау ұсынылмақ оқу құралы кітабыныңда, сапалы бітімі мен сындарлы келбетін айқындай түспек.
Былайша айтканда, монографияда ұсынылған тараулар мен тақырыптардың ішкі мазмұндарын ашумен қоса, халық тағылымының тарихи сипаттарына да ерекше тоқталып, оның өмірдегі өрнектерінен пәрменді мысалдарды, барынша адам тәрбиесі төңірегінде орынды пайдаланбақ. Жалпы Адам тәрбиесіндегі бұрын-соңды айтылмаған жаңа ұғымдар мен түсініктерді ұсынумен қоса, оның тіршілікпен үндескен қарапайым да нақты е р е ж е л е р і н де айпарадай ашып көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді.
Тіпті, тұңғыш рет - Адам дегеніміз не ? - Ж а н және Р у х деген не ? - Биологиялық жөне Физиологиялық заңдылықтар деген не ? - Оның адам тәрбиесіндегі әсерлері қандай ? - деген мың-сан сауалдарға да, ғылыми негізделген жауаптар ұсынумен бірге, көптеген тіршілік арнасындағы көріністердің ж ұ м б а қ сырларына батыл барлаулар жасалынбақшы...
Бұл ұсынылып отырған "Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі" оқулығында, бірінші рет Т ә н тәрбиесінің біржақтылығын ашып қана қоймай, оның Ж а н тәрбиесінсіз Ұлы Абай айтқан; “толық адам, нұрлы ақыл” бейнесіне, тіпті де жете алмайтындығымыз жайында сыр шертеді.
Бүгінгі таңдағы инновациялық технология жетістіктеріне иек арта отырып, Жанның да - он екі м ү ш е с і, яғни «он екі түрлі арнасы» жайында тұңғыш рет мәселе көтеріп, былайша айтқанда, компьютердің сан-қилы бағдарламасы тектес сипаттары бар екендігін анықтайды. Осы күнге дейін, тіпті ХХІ-ғасырлық өркенниетіміз де, жанның тәрбиесін жүргізу қажеттігі мүлдем ескерілмей келгендіктен, адам бойындағы жанның бар арналары жабылуға жақындаған. Соның айқын дәлеліндей, бүгінгі жарық тіршілікке келіп жатқан ұрпақтарымызда; түйсіктің түрлері, шынайы сүйіспеншіліктің іздері, ар-ұждан мен имандылықтың көмескі тартуы, жігерсіздік, ішкі бес сезімге жататын - көкірек көзі мен сана саңылауларының әлсіреуі, тұқым қуалайтын т е к т і л і к, тіпті з е р д е мен з е й і н н ің де көп төмендеп кеткендігі ешкімге де құпия емес.
Осылайша, ЖАН мен ТӘН тәрбиелерінің үндессіздігінен, анығырақ айтқанда, олардың әрқайсысына тәрбие тәсілдері дұрыс жүргізілмеуінен, адам баласын күллі тіршілік атаулыдан ерекшелеп тұрған, оның бойындағы РУХЫ да, дұрыс жетіле алмауының мысалы көп. Ендеше, тек осы айтылған пікірлердің өзі-ақ, адам педагогикасы мен психологиясына арналған оқулықтың қаншалықты қ а же т екендігі айтпаса да түсінікті. Ғасырлар бойы қалыптасқан халық педагогикасы - көнеден келе жатқан ел тарихын, әдебін (этика), талғамын (эстетика), өнерін, өркенін, мәдениетін, этнографиясын, ділі мен дінін, бүкіл халықтың болмысы мен дүниетанымдарын – өз деңгейінде, барынша түсінікті де тартымды етіп беруге тырысады.
Бұл еңбекте әдеттегі көшірме оқулықтар тәрізді, сіресіп жатқан сілтемелерге бой алдырып, оқушылардың санасын сарсытып сарылтпауға ерекше көңіл бөлінді. Оқушысына өз айтары жетіп жатқандықтан, басқаның шалажансар пікірлеріне көңіл де бөле алмай, оқулық бетіне өзгенің сөздерін көшіре беруге мұрша да жетпегенін ескерткіміз келеді. Адам педагогикасы мен психологиясының екi түрлi жүйелерi өзiнiң ғылыми методологиясының екi түрлi сатыларынан, немесе биологиялық индивид деңгейiнен бiрiншi жүйесi –жүрек тәрбиесi қалыптасады да, ал сананы жетiлдірер сатысынан екiншi жүйесi – ақыл тәрбиесi – бiртiндеп ашылып өркенiн жаяды.
Жүрек тәрбиесi – түйсiк пен iшкi сезiмдердiң әсерлерi арқылы негiзiнен ана құрсағындағы тоғыз айдың көлемiнде қалыптасатыны белгiлi. Мiне, осы ұғымды сәл тарата талдай айтуды жөн көрдiк. Жалпы, жүрек тәрбиесi арқылы – негiзiнен Адам жанының а р н а л а р ы ғана ашылып қоймай, бүгiнгi таңда көп жағдайлары түсiнiксiз болып отырған мидың экстрасенсорлық қабатымен тығыз байланысты ПАРАПСИХОЛОГИЯЛЫҚ құбылыстардың да ерекше жетiлетiнiн ескеру қажет. Сондықтан да, ана құрсағында жатқан Жан иесiне жүргiзiлетiн тәрбие тәсiлдерiн – бұрын да, терең түйсiгi арқылы мыңнан бiр Ана болмаса, ал қазiргi кездегi ұрпақ жалғастырып жатқан АНА атаулының тiптi, түгелiне жуығының қаперiне де кiрiп бiлмейдi десек, ешқандай асырып айтқан сөз емес екенi анық.
Ал, адам педагогикасы мен психологиясының екiншi жүйесi болып табылатын– ақыл тәрбиесi нәрестенiң қарашығын ұстап, айналасындағы ақ пен қараны ажыратып қана қоймай, сонымен қоса оның алғашқы таңырқауы мен таңдануынан сәби санасы бастау алатынын есте ұстаған жөн.Осынау, адам педагогикасы мен психологиясының екi жүйесiмен сабақтасып жатқан, оның жетi негiзi – Тән құрылысының жетілу сәттерiндегi физиологиялық жетi кезеңнен шығатыны белгiлi.
Сонымен, Халық педагогикасы мен психологиясы дегенiмiз – адамның жан-дүниесiн тәрбиелейтiн және зерттейтiн iлiм екендiгi ендi ғана қалыптасып жатса, оның ПӘН ретiнде жетiлуiнiң айғағы да, осы оқулықпен өмiр-тiршiлiгiмiзге енетiндiгiне сенгiмiз келедi. Өйткенi, оны жер бетiндегi халықтар өзiнiң тiршiлiк-тұрмыстарының ережелерi тәрiздi - қанымен де, жанымен де қалыптастырып, көзiнiң қарашығындай сақтаумен қоса, үнемi үзбей ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырады.
Совет- Хан Ғаббасов - Жазушы дәрігер, фантаст, драматург, Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері