Президенттің халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтылған өткір мәселенің бірі –еліміздегі шағын қалаларды дамыту. Елбасы осы проблеманы шешуді Үкіметке тапсырғаннан кейін салаға басымдық беріліп, тиісті шаралар қолға алына бастады. Шағын қалалардың жалпы мәселесіне тоқталсақ.
Елімізде 8 мыңнан 100 мыңға дейін халқы бар 70-ке жуық шағын қала бар екен. Оның барлығы кеңестік кезеңде бой көтергендіктен, бір салаға негізделген. Ал 90-жылдардың басындағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезінде өндіріс ошақтары толықтай тоқтап, ғимараттары жекеменшікке өтіп, жаппай талан-таражға түсті. Бүгінде ауылшаруашылық саласын кәсіп еткен немесе теміржол бойына салынған шағын қалалардан басқасының жағдайы мәз емес. Оған нақты дәлел – жұмыссыздық салдарынан күшейген ішкі миграция толқыны. Бір салаға негізделген шағын қалаларды дамытудың уақыты пісіп-жетілгенін Жаңаөзендегі жағдай көрсетіп берді. Бұны Елбасы өзі: «Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін көрсетті», – деп ашық айтқан еді.
Бұрнағы бағдарлама бойынша не істелген?
Шағын қалаларды дамыту мәселесі бұрын да айтылған, жазылған. Алайда жергілікті шенеуніктердің салғырттығынан жоспардағы жұмыс шабандап, соңы шырғалаңға ұрындырды. 2003 жылдары осы проблема республика деңгейінде көтерілді. Тіпті сол жылы Үкімет қаулысына сәйкес, 2004-2006 жылдарға арналған шағын қалаларды дамытудың бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның паспортында көрсетілгендей, оның мақсаты: шағын қалалардың әлеуметтiк-экономикалық дамуы үшiн жағдайлар жасау; міндеттері: шағын қалалардың функционалдық тұрпатына сәйкес, олардың дамуының негізгi бағыттарын, сондай-ақ экономиканың нақты секторын, өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытуға, халықтың жұмыспен қамтылуын, арттыруға бағытталған шараларды айқындау деп көрсетілген екен. Бір қызығы, Президент Жолдауынан кейін осы мәселелер сөзбе-сөз қайта айтылып жатыр. Сонда дейміз-ау, бұдан 6-8 жыл бұрын жүзеге асқан ауқымды бағдарламаға салынған «Қазақстанның Даму Банкi» АҚ, «Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры» (ол кезде ЖАҚ), «Инвесторлық компания: Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» қаражаты қайда кетті? Сол бағдарламаның нәтижесі мынадай болу керек екен: 1) бағдарламаны iске асыру одан әрi экономикалық, әлеуметтiк және мәдени даму үшiн шағын қалаларға жағдайлар жасауға ықпал ететiн болады; 2) шағын қалалардың тұрмыс-тiршiлігінiң экономикалық негізi нығаяды, еңбек нарығындағы қауырттылық, көшi-қон бәсеңдейдi, жұмыспен қамту артады және халықтың табысы көбейедi. Ал енді осыған қарап, бұрнағы жылы қабылданып, «жүзеге асқан» бағдарлама нәтижелі болды деп айта аламыз ба? Сол жылдары Парламент депутаты болған Ерасыл Әбілқасымовқа хабарласып: «Парламент тарапынан қандай да бір бақылау болды ма?» – деп әңгімеге тартқан едік.
– Иә, бұл кезінде көтеріліп, күн тәртібіне шығарылған мәселе болатын. Парламент көтерді, Үкімет қаулы қабылдады. Алайда жергілікті әкімшілік осы жағынан осалдық танытты. Жергілікті жердегі жемқорлықтың асқынғандығынан, мемлекеттік деңгейдегі мәселеге жүрдім-бардым қарауы салдарынан нәтижесі сіз айтқандай болып шықты. Парламент оны қадағалайтындай, заң шығарушы органда шағын қалалардың өзегі болуы тиіс шағын және орта бизнеске, өндіріске тікелей қатысы бар комитет жоқ.
Жаңа бағдарламада ескерілуі тиіс мәселе көп
Кейінгі жылдары көші-қон үдей түспесе бәсеңдеген емес. Тіпті жоғарыда келтірген 70-ке жуық қаланың 10-нан астамы өзге мемлекеттермен шекаралас аумақтарда тұрғызылған. Қытай, Өзбекстан, Ресей сияқты көршілеріміз шекаралас елді мекендерінің жағдайын жасауға тырысып, «қалқанын» күшейтіп жатқанда, кеңестік кезеңде инфрақұрылым тартылған қалашықтарымызды қайта жандандыруға біздің қауқарымыз жетпей келеді.
Бағдарлама жасап, оның жүзеге асқандығы туралы көпе-көрінеу есеп беріп құтылудың соңы жақсылыққа әкелмейтініне көзіміз жетті. Бұрынғы бағдарламалардың жүзеге асуына жемқорлық тікелей кінәлі десек, халықаралық ұйымдардың зерттеуіне қарағанда, біздің елде жемқорлықпен белгілі бір деңгейде нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының өзі осы мәселеге көңіл аударып отыр. Ендеше нақты нәтиже болуы тиіс. Президент тапсырмасы бойынша Үкіметтің енді әзірлейтін бағдарламасына қандай мәселелер қамтылуы тиіс? Биліктің бір тармағы Парламентке өткен партиялардың өкілдеріне «жаңа бағдарламаға не ұсынасыз?» деген сауал жолдадық.
Рамазан Сәрпеков, Мәжіліс депутаты:
– Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенде республикадағы елді мекендердің барлығын қамтыдық. Сонда байқағанымыз бұрындары 30-40 мың халық тұратын шағын қалаларда қазір 10 мың шамасында ғана тұрғын қалған. Бұл әрине, кезінде бір салаға есептеліп салынған қалалардағы өндірістің тоқтап, халықтың жұмыссыз қалуымен байланысты. Шағын қалаларды дамыту мәселесін Елбасының өзі көтеріп отыр ғой. Үкімет әзірлейтін бағдарлама көптеген көкейкесті мәселені қамтуы тиіс деп ойлаймын. Алдымен зерттеу жұмыстары жүргізілгені дұрыс. Бұрындары қалалар тұрғызылған жерлер бекерден- бекер таңдалып алынған жоқ. Олардың бірі жер астындағы қазба байлықтарды өндіру үшін өндірс ошақтарының салынуына байланысты, енді бірі ауылшаруашылығына қатысты бой көтерген болатын. Жергілікті халық неге бейімді соған қарай жұмыс істеу керек. Кезінде Арқалықта 100 мыңнан астам халық тұрған. Қазір қалада 30 мың шамасында ғана тұрғын бар. Қаланың проблемасын шешудің мүмкіндіктері туатын болса, ескерілетін мәселелер бар. Мысалы, кезінде бүкіл республиканы, алыс-жақын шет мемлекеттерді киіз үймен қамтамасыз еткен Үштөбе қаласы болатын. Алматы облысындағы бұл қалада сол өндірістің технологиясын меңгерген азаматтар әлі де бар. Яғни әр шағын қаланың бейімделген бағыты бойынша шаруа ұйымдастыру қажет. Бағдарлама нәтижелі болу үшін әрбір жұмыс тиянақты атқарылғаны дұрыс.
Азамат Әбілдаев, Мәжіліс депутаты:
– Қазір бүкіл әлемде аймақтану үрдісі жүргізіліп жатыр. Ел экономикасының қуаттылығын қалайтын болсақ, алдымен аймақтағы проблемаларды шешуіміз тиіс. Мемлекеттік бағдарламада шағын қалаларды дамытудың нақты портреті көрсетілгені дұрыс. Ең алдымен, шағын қалалардағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени инфраструктураны қалыптастырып, халыққа қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізу қажет. Сонда ғана біз жергілікті жастарды тұрақты жұмыспен қамтып, ішкі миграцияға тосқауыл қоя аламыз.
Түйін
Мақаланы түйіндей келе, мынадай үш ұсыныс айтқымыз келеді. Біріншіден, кешенді бағдарлама қабылданып, жүзеге аса бастаған сәттен оған бақылауды күшейту қажет. Бақылауды облыс басшылары филиал жетекшілері болып табылатын билік партиясынан гөрі, жергілікті зиялылар мен жастардан, қоғамдық ұйымдардан құралған комиссияларға тапсырған дұрыс. Екіншіден, науқаншылдыққа, көзбояушылық пен асығыстыққа жол бермей ел игілігі үшін жұмыс жүргізілуі қажет. Қысқасы, ғұмырлы жоба жеті рет өлшеніп, бір рет кесілгені дұрыс.