Саентология саясат па, әлде сауда ма?

Қазақстанға осыдан 14-15 жыл бұрын келген саентоло­гия­ның құрбандары күннен-күнге көбейіп келеді. Бірақ оларға қарсы тұрар күш те, заң да жоқ сияқты. Жоғарғы сот органдарының үкімімен жабылуы тиіс шіркеулердің өздері сот шешімін «шыбын шаққан құрлы» көрмейтіндей. Сонда бұл белгісіз «діни» ағымның «арқаланып» жүруіне не себеп?
Көшеде келе жатсаң қолыңа бір тілім қағаз ұстатып, болмаса шетелде білім алып, жұмыс істеуге шақыратын хабар­лан­дыру, тест атаулыны көрмеген адам кемде-кем шығар. Шын мәнінде, адамның пси­хи­касын дуалап, санасын діни әдебиеттерге бай­лап, бар ақшасын сыпырып алумен ай­налысатындардың арбауына түскен аза­маттарымыз өте көп. Айтып отырған саен­тологиямыздың өзі – осы.
Мамандар саентологияның біздің елдегі құрбандарының нақты санын бере ал­май отыр. Белгілісі, 2003 – 2008 жыл­дар аралығында бір Алматы қаласының өзінен 26 миллион теңге пайда көрген саен­­тологтердің шіркеуі бүгінде жұмысын әлі де тоқтатпаған. Мамандардың айтуын­ша, саентологтердің құрған қақпанына тү­сетіндердің басым бөлігі – қалталы аза­мат­тар. Бірі намыстанып, бірі беделіне нұқ­сан келер ме екен деп алаңдай­тындар­­дың көбі саентологтермен күресетін орта­лық­тарға бара бермейді. Есесіне, мың­да­ған АҚШ долларынан айырылып, қандай «құ­дайға» табынып жүрге­нінен бейхабар болып қалатын ересектердің қа­тарын енді мектеп жасындағы балалар да толық­тыруы мүмкін. Себебі саентологияның негізін қа­лау­шы америкалық Хаббардтың әдебиет­те­рін бастапқыда тек ағылшын тілінде та­ратушылар енді әлемнің барлық тіліне аударып, мектеп жасындағы балаларға ар­нал­ған нұсқаларын сатуға көшкен. Ән­шейін­де қазақ тілінде жазылған заманауи әдеби кітап табылмайтын заманда, саенто­лог­тердің тұманды түсінікті меңзейтін кітап­тары қазақ тілін­де де бар. Бірақ олар­ды кімнің басып шы­ғарып, кімнің таратып жүр­гені белгісіз. Себебі бас­паның мекен­жа­йы еш жерде көрсетілмейді. Кітаптар­дың жазылу сауаты өте жоғары, сапалы бол­ғандықтан шетелден тарап жатқаны, не өз елімізде өндіріліп жатқанын аңғару қиын. Тек кітап қаттамасындағы жарнама­лар­да «әдебиет­тер­дің аудио, видео фор­маттары мен сыйлыққа беретін түрлері де бар» делінген. Кітаптарға тапсырыс ғалам­тор арқылы қабылданады. Интернет па­рақ­шаларындағы ақпараттар да ашықтан-ашық, кітаптардың Хаббардтың әде­биет­теріне негізделіп жазылғандары жа­сырылмай-ақ жазылған. Бағалары да арзан емес, 3 мың теңгеден жоғары. Ал жалпы, біздің елдегі заңдық талаптарға сәйкес, кез келген діни ағым коммерциялық мақсатта құрылмауы тиіс. Тіпті халық арасында таратылатын діни әде­биеттердің өздері белгіленген сауда орын­дарында ғана сатылуына рұқсат. Кедендік бекет­­тер­де де барлығы қатаң тексерістен өтіп, құзырлы органдарда тіркелуі шарт. Бірақ саентологияны насихаттаушылардың бұл заң­дар­ға пысқырғаны жоқ сияқты.
Елена Бурова, Перспектива «ақпараттық-кеңес беруші топ» қоғамдық қорының президенті:
– Алматы қаласындағы саентологиялық шіркеуге қатысты қозғалған іс сонау 2008 жылы басталса да 2012 жылға дейін ешбір құзырлы орган қарсы әрекет қолданған жоқ, бұл Қазақстанның діни алаңында кү­мән­ді істердің бар екенін меңзейді. Әйтпе­се, халықты мәңгүрт­теп, санасын улап, би­леп алғандарға қарсы шыға­тын бірде-бір күш жоқ дегенге кім сенеді? Олар бірде Окс­форд университетіне оқуға жібе­ре­міз деп, бірде «бақытқа апаратын жол көрсе­те­міз» деп халықты дуалап, естерінен айы­рып жатыр емес пе? Шенеуніктеріміздің мұн­дай ен­жарлығын қалай түсінуге бо­лады?

Мамандардың мұндай астарлы мәлім­де­месінен саяси күрмеулердің бар екенін ұғыну қиын емес сияқты. Бірақ әдеттегідей, ойын ашық жеткізуден жасқанатындардың жауабын заңгерлер де жағалап, арыға аса ал­май келеді. Бар болғаны дін туралы заң­ға өзгеріс енгізіп, толықтыру керек деген адвокат Ғалым Нүр­пейісов­тің айтуынша, «миссионер» деген ұғым­ның өзін біздің заң дұрыс талдамай, тар ма­ғына берген көрінеді. Қарап тұрсаңыз, бар заңның өзін айналып өтіп жүрген даналық немесе білім туралы ғылым деген мағынаға ие саенто­логия­ның сүйеніші тым «жуан» секілді... Ал дін істері жөніндегі департаменттердің ма­ман­дары «саентологияны діни бірлестік ретін­­де тіркеген жоқпыз, олармен өзге де органдар айналыссын» деп отыр.
Жорабек Дәуренов, Астана қалалық дін істері жөніндегі департамент директоры:
– Саентология жалпы, діни бағытта қызмет атқаратын ұйым ретінде танылма­ған­­дықтан, Дін істері жөніндегі агенттік тара­пынан жүргізілген тексерістен өтпейді. Діни бірлестік діни жоралғылармен айна­лы­суы тиіс. Ал оларда ол жоқ. Сауат ашу, өзін-өзі тану мен Хаббардтың әдебиеттерін сату­мен, ақылы курстар жүргізумен ай­налысатындардың міндеті де сол саудаға не­гіз­делген. Тіпті қаржылық пирамида, же­лі­лік маркетинг сынды бұрыс әрекеттерге итер­мелейтін саентологтер сол үшін де діни бірлестік ретінде танылмады. Білуім­ше, қазір саентологтер қоғамдық ұйым ре­тін­де жұмыс істеп жатыр, демек, ендігі ке­зек­те олармен айналысуы тиіс орган ішкі сая­сат бола ма, басқа бола ма өздері бі­ле­ді.

Саентология дін бе, экономикалық-саяси шырмау ма?
ХХ ғасырдың басында пайда болған «Саен­то­логия» немесе «Дианетика» діни ағымы әлем­де 154 мемлекетте 3200 шiр­кеуі мен мис­сиясы және 8 миллиондай мү­ше­сі бар. Оның негізін қалаған – Лафайет Ро­нальд Хаббард есім­ді АҚШ азаматы. Ол бас­тапқыда ғылыми-фан­тастикалық ро­мандар жазып елге танылған. Атышулы Алис­тер Кроули бастаған сатанистер секта­сы­ның белді мүшесі болған ол 1950 жылы «Диа­нетика: рух саулығы жайлы заманауи iлiм» атты кiтап шығарды. «Саентология» діни ағымы осы еңбектен бастау алады. Бас­тапқыда бұл кітап таза психологиялық зерттеу бағытында жа­зыл­ған. Бірақ Ха­б­бард­тың замандас ғалым­дары қағида­ла­ры күңгірт дианетиканы ғылым деп тану­дан бас тартты. Ғылымда олжа салма­ған ілі­міне Хаббард амалсыздан дiннің шекпе­нін жауып, жаңа дiн ойлап тапқан. Ол «Диане­тик­аны» – «Саентология» деп өзгертіп, «саен­тология – ғылымды негiзге алып құрылған дiн» деп уағыздады.
Қазір де Қазақстанда саентологтердің 11 шіркеуі жұмыс істейді. Бiрқатар елде саенто­ло­гия шiркеуi «тоталитарлық секта» ретiнде та­ныл­ды. Бiрақ мұның бәрi «Са­ен­то­логияның» атал­мыш елдерге табан тiреп, орнығуына бөгет бо­ла алған жоқ. Сек­сенiншi жылдары саенто­ло­гияның жыл­дық кiрiсi 100 миллион доллар­ды құ­раған екен. Оның 10%-ы Хаббардтың қал­­­тасына түсiп отырған. Саентологияның өз­ге­лер­ден үлкен ерекшелiгi — дiни ағым­дар­ға бе­рiлетiн кеңшiлiктердi пайдаланып, Хаб­бар­д­тың iлiмiн бизнес көзiне айнал­дырып алған.
Осылайша саентологияға бар болғаны «сауда ғой» деген көзқараспен қарайық десек, ұлттық сана-сезімімізге қауіп төніп тұр. Ал «саясат» деуге ауыз бармайды. Бірақ саясат­кер­лердің сөзінше, саентоло­гия АҚШ-тың қолында бар оңтайлы саяси «сценарий» де, қазақы элитаның белсенді бөлігі өзіне тиесілі пайданы ойлап отырған қуыршаққа ұқсайды.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
– Саентологияның бірінші жағы ол – дін­ді жамылып, ғылымға негізделген бұ­рыс бағыт. Екінші сипаты – орысшыл қазақ элитасын ай­нал­дырушы құрал. Үшіншіден, саен­тология – элитаның діни бағыттағы суби­деологиясы. Әлем­нің бірқатар елінде са­ен­тология және оның ұйымдастыру­шылары негативті баға­лан­ды. Саентолог­тер­де қаржылық мотив бар, тіпті кейде сая­си мафияға да ұқсайды. Біздің билік те саен­тологияға негативті көзқараста бола тұра, белгілі бір топтарда таралымы бар сияқ­ты. Сот шешімдерінің орындалып, орын­далмауы да жоғарыда отырғандар­дың қолында, АҚШ не дер екен деп жал­тақтайтынымыз бар. Әйтпесе, біз­дің дін туралы заңымыз аса қатал деп есеп­те­леді, ал саентологияға келгенде еш қауқар­сыз.

P.S.
Демек саентологиядан пайда көріп отырғандар көп. Бәлкім, АҚШ-қа халықтың мың тарапқа бөлініп, мәңгүрттенуі пайда әкелер, ал қазақы элита қаржыға қарық болар, бірақ мемлекеттің рухани саладағы біртұтастығына бір түйір де пайда жоқ сияқты...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста