Қызылағаштың көпірі салынып бітті
«Алматы – Өскемен» күре жолының Қызылағаш өзені арқылы өтетін негізгі көпірінің құрылысы аяқталды. Бұрынғы 1959 жылы салынған көпір 50 жыл қызмет етсе, жаңа көпір одан да ұзақ жыл пайдалануға жарамды дейді мамандар.
Көпірдің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов және ҚР көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов қатысты. Тасқын құлатып кеткен нысанның құрылысымен «Мостостроительный отряд № 25» ЖШС айналысқан. Сметалық құны 771 миллион теңгеге жуықтайтын көпірдің жобасын «Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ жасады. Жаңа көпір гидрологиялық зерттеулердің қорытындысына сәйкес 4 x 24 м құрайды.
Небәрі жеті айдың ішінде салынған жаңа көпірдің басты ерекшелігі – бұрынғыға қарағанда сейсмикалық шыдамдылығы күшейтілген, аумағы үлкен, ауыр салмақты көтере алатындай етіп есептелген, халықаралық талаптарға сәйкес, іргетасы тереңнен құйылған. Көпірдің ұзындығы 101 қума метрді құрайды және 24 метрден төрт аралық жасалды. Жаңа көпірді су шайып кетуден сақтандыру шаралары ретінде әрқайсысының ұзындығы 60 метр болатын дамбалар қойылды. Қалпына келтірілген автожол аумағындағы кабельдік байланыс желілерін қорғау шаралары да қарастырылған.
Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, ҚР көлік және коммуникация министрі:
– Апат болған алғашқы кезеңде Елбасының тапсырмасымен 11 күннің ішінде айналма жол салып, көлік қатынасын тоқтатпаған едік. Енді жеті айда жаңа көпірді тұрғызып болдық. Мұнда күніне тәулік бойы 50 техника, 80 құрылысшы жұмыс істеді. Комиссия атқарылған жұмысты жоғары сапалы деп танып, қабылдады.