Қырғызстанда исламдық ұстанымдағы саяси партиялар пайда болуы мүмкін
Қырғызстандағы текетірестерді билік пен халықтың немесе өзбек пен қырғыздың арасындағы дау деп келтесінен топшылай салу әбестік болар еді. «Тоғыз қатынның толғағы қатар келген» мезгілдегі саяси оқиғаға әсер еткен себеп те көп. Солардың арасында халықтың экономикалық ахуалы мен жемқорлықтан кейінгі, бәлкім, солармен деңгейлес тұрғаны – халықтың діни танымы тұрғысынан да радикалдануы.
Бәкиев билігін құлатып, ел тізгінін қолына алған Қырғызстан Уақытша үкіметінің ең алғашқы қадамдарының бірі – темір торда жатқан 32 діни экстремиске амнистия жариялауы болды. Бостандыққа шыққан «ислам жауынгерлері» азаттықтың құрметіне құрбан шалып, Ноокат қаласында құдайы шай берді. Бұл жеңіс шарасына жиналған мыңға жуық адамның басым бөлігі «Хизбут-Тахрир» өкілдері болатын. Әлі Парламентін жасақтап, Президентін сайлап, Конституциясын құрастырып үлгермеген Уақытша үкіметтің діни радикалдарды азат етуге асығуының сыры неде болуы мүмкін? Бұл шешім Уақытша үкіметтің әлемдік қауымдастықтың алдындағы өздерінің либералды әрі гуманистік келбетін қалыптастыру үшін жасаған жоқ тәрізді. Мұны – өздерін билікке әкелуде аянбай еңбек сіңірген діни-экстремистік топтарға жасалған өтем ретінде қабылдаса болады. Саяси ислам өкілдерінің көздегені биліктің негізгі тұтқасы болатындықтан, олардың осы өтемді қанағат көріп біржола тынышталуы мүмкін емес еді. Әсіресе, Тәжікстандағы азаматтық соғыстың негізгі себепкерлерінің бірі, сондағы радикалды діни экстремистік топтардың партиясын құрушы Тұрсынбай Бәкірұлының ықпалы үлкен. Ақпарат көздеріне сүйенсек, Орталық Азиядағы салафиттік исламның жоқтаушысы Тұрсынбай Бәкірұлы қазір ел аралап, жергілікті молдалармен кездесулер өткізіп, президенттік сайлауда бағын сынап көруге ұмтылуда. Көп ұзамай Қырғызстанда да діни партияның құрылуы әбден мүмкін. «Хизб ут-Тахрир» өкілдерінің бейбіт жағдайда билікті қолға түсіруінің екіталай іс екенін ескерсек, тұрақсыздықтардың болуы аталған топ өкілдері үшін саяси қажеттілік болуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, осы күнде сарапшылар қауымы Ақаев билігінің төңкерілуінде де елдегі радикалды діни топтардың шешуші рөл атқарғанын мойындайды.
Жалпы, бұған дейінгі қырғыз басшыларының қай-қайсысы да діни экстремизммен күрес саласына селқостықпен қарап келді. Бұл тұрғыдан мемлекеттің нақты көзқарасы болмағандықтан, жергілікті діни басқарманың өкілдері де «әйтеуір өлместің қамын ойлап», елдегі діни топтардың арасында тепе-теңдік ұстап отырумен ғана шектеліп қалды. Билікке ашық наразылық білдіргенде ғана шара қолданылатын Бәкиев кезеңінде Қырғызстан муфтиятының қарамағында елдегі барлық фундаменталистік бағыттағы діни топтардың өкілдері жүрді. Қырғызстан Діни басқармасының төраға орынбасары М.Магомедов Islam.ru порталына берген сұхбатында «Бізде салафиттер де, «Таблиғи Жамағат» өкілдері, басқа да діни топтардың барлығының өкілдері жұмыс істейді. Біздің мүфтият ешкіммен жауласқысы келмейді, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болғысы келеді» – дегенді айтқан еді. Тіпті бірқатар діни топ өкілдері Діни басқарманың жанынан өздерінің арнайы бөлімдерін ашып алып отырған. Яғни радикалды ислам әлемінің негізгі идеологиясы деп есептелетін салафизм Қырғызстан аумағында емін-еркін жұмыс жасады. Ал негізінен сыртқы саясатқа басымдық берумен болған Бәкиевті елдің діни ахуалы аз қызықтырды. Тіпті Уақытша үкімет өкілдері амнистия жариялаған 32 радикалды дін өкілдерін де Бәкиев билігі теріс діни іс-әрекеттері бойынша емес, 2008 жылдың қазан айындағы билікке қарсы акциясы үшін қудалаған болатын.
Қарап отырсақ, радикалды діни идеологиялардың «көрмесіне» айналған Қырғызстандағы діни топтардың өз арасында да келіспеушілік пайда болған сияқты. Мысалы, Уақытша үкімет өкілдері өздерін «Хизбут Тахрир», «Таблиғи Жамағат» секілді ұйымдардың қолдауын қаласа, оңтүстік тұрғындары Өзбекстан Ислам қозғалысының(ӨИҚ) жетегіне көп ереді. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов ca-news.org порталына берген сұхбатында ӨИҚ-тың Қырғызстанның оңтүстігіндегі өзбектердің арасында бедел жинау үшін оларға барынша жақтасатындығын айтады. Қырғызстандағы текетірестерде бірнеше діни топтардың да үлесі бар екенін, бұған дейін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) хатшысы Николай Бордюжа да айтқан болатын. Саясаткер мұндағы есірткі бизнесі өкілдерінің де белсенділігін жоққа шығармайды. Бұл туралы Ресейдің Есірткі айналымын бақылау қызметінің директоры Виктор Ивановтың да мәлімдемесі назар аудартпай қоймайды. «Ауғанстандағы апиын осы Қырғызстан арқылы, онда да, дәл Ош, Жалал-Абад аймақтары арқылы өтеді. Сондықтан бұл аймақтағы дауды ұйымдастырушылардың бірі – есірткі бизнесімен айналысатын фундаменталды ислам өкілдері болып табылады». Оның айтуынша, қомақты қаржы ресурстарына ие діни топтардың саяси амбициялары да үлкен. Саяси режимдерді төңкеру – олардың мүддесіне сай келеді.
Болат СҰЛТАНОВ, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
– Қырғызстандағы даудың арасында діни экстремистердің қатысын жоққа шығаруға болмайды. Алдағы уақытта ол халықаралық деңгейдегі фундаменталистік діни ұйымдардың араласуымен тіпті күшейіп кетуі мүмкін. Мысалы, Ферғана аймағындағы, бұрынғы Қоқан хандығы территориясындағы халифатты жаңғыртуды көздейтінін бірнеше рет ашық мәлімдеген «Өзбекстандағы Ислам қозғалысының» өкілдері Қырғызстандағы жағдайды жіті назарда ұстап отыр. Олар ұлт арасында от салып отыруы әбден мүмкін.
Кадыр МАЛИКОВ, Қырғызстан стратегиялық жоспарлар және болжамдар институтының сарапшысы:
– Көп ұзамай Қырғызстанда Исламдық ұстанымдағы саяси партиялар пайда болады. Бұл – анық. Сарапшылар қауымы бұл жағдайда қандай қадам жасау керектігін ойластыра беруі керек. Себебі мұндай мақсаттағы қырғыздар арасында кәсіби заңгерлер, саясаткерлер, экономистер жоқ. Сәйкесінше, олармен мәмілеге келу, қандай да бір келісім орнату қиын бола ма деп қорқамын.
Ой-тұжырым
Қырғызстандағы қырғын басталмай тұрғанда-ақ, халықаралық International Crisis Group ұйымының сарапшылары Қырғызстан халқының діни таным бойынша радикалданып бара жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Олардың есебінше, Қырғызстанда Хизб ут-Тахрирдың тұрақты 8 мың қолдаушысы бар. Қырғызстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мұнда бір жылда 15 мыңнан астам діни-экстремистік әдебиет тәркіленген. Ал жергілікті Ұлттық қауіпсіздік қызметінің есебінше, тек Ош пен Жалал-Абад облыстарында ғана 20 мыңнан астам радикалды дін өкілдері болған.
Ендеше діни-таным тұрғысында бар болмысымен радикалданған мемлекетте радикалды құбылыстардың болуы кездейсоқ болмаса керек.