Соңғы кездері елімізде бүлдіршіндерді зорлау фактілері жиі тіркелетін болды. Бұрындары мұндай айуандық аз болды ма, әлде ол туралы айтылмады ма, әйтеуір, көпті көрген шал-кемпірлердің өзі жағасын ұстайтын болып жүр. Өткен жылғы статистикалық деректерге назар аударсақ, тоғыз айдың ішінде 111 дерек тіркелген екен. 2010 жылы ғана біз тоғыз айдың ішінде 84 оқиға тіркелгенін айтып, алаңдаушылық білдірген едік. Енді көп ұзамай, 2012 жылдың қорытындысы шығады. Биылғы көрсеткіш былтырғыдан көп болары түсінікті. Тағы да таңғалысып, жаға ұстап, артынан мәселені жылы жауып қоямыз. Сөйте-сөйте үйреншікті құбылысқа айналып кететін түрі бар. Қазір бірде-бір мекеме педофилиямен күрес, оның алдын алу шараларын мойнына алып жатқан жоқ. Әлі заң мойындап үлгермеген мәселеге өзге мекемелердің салғырт қарайтыны түсінікті.
Мәселенің мән-жайын заңнамалық деңгейден бастасақ... Көптеген елде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерді жыныстық мәжбүрлеу, зорлау фактілері арнайы баппен қарастырылады. Аталған мәселені жан-жақты қарастыратын бапта «педофилия», «химиялық жолмен аталықсыздандыру», «стерильдеу», «мәжбүрлі түрде емдеу» сияқты терминдерге заңдық анықтама беріледі. Ал қазақстандық заңнамадан мұндай терминдерді кездестіре алмаймыз. Яғни оны ұғым ретінде мойындап үлгерген жоқ. Педофилдерді жазалау ҚР «Бала құқығын қорғау туралы» Заңның (122-бап, 124-бап) аясында жүзеге асырылады. Қайғылы оқиға орын алып, бұқаралық ақпарат құралдары дүрліккен сайын депутаттар да әр тұстан бұл мәселеге қатысты өз пікірін айтумен шектеліп қалады. Бірақ мәселені жан-жақты зерттеп, онымен күресудің заңдық негіздерін жасауға біздің Парламент әлі де асығар емес. Оның үстіне, жаңа шақырылымның депутаттары бұл тақырыптың байыбына жетіп болғанша, тағы бір шақырылым ауысып кететін сияқты.
Химиялық жолмен піштіру педофилияны 50 пайызға жояр еді
Кәмелетке толмаған балаларды зорлағандарды жазалаудың «стерильдеу» немесе «химиялық піштіру» сияқты түрлері Еуропаның көптеген елінде және Американың кейбір штаттарында қолданылады. АҚШ-та 1990 жылдан бері мәжбүрлі түрде аталықсыздандыру туралы заң бар. Польша мен Чехияда мұндай қылмыскерлер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен тарттырылады. Германияда, Францияда, Арменияда қылмыскерлер медициналық жолмен бекітілген емдеу әдістерінің бірін таңдап алуға міндетті. Халықаралық құқықтық ұйымдардың мәліметтеріне сәйкес, жоғарыда аталған химиялық кестіру шарасы қолданылатын Еуропа елдерінде және АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай қылмыстардың саны 50%-ға қысқарған. Оңтүстік Кореяда мұндай қылмыс жасағандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. Ал 13 жасқа дейінгі баланы зорлап, өлтірген қылмыскерлер бұл елде өлім жазасына кесіледі.
Өткен жылы Ресей думасының депутаттары педофилдер туралы заң қабылдап, сол заңның шалалығы үшін ұятқа қалып еді. Себебі ресейлік депутаттар «педофил» ұғымының мән-жайын толық аша алмаған болып шықты. Заңның бір тармағы екіншісіне қарсы шығып, педофилдерді мәжбүрлеп емдеу туралы мәселе айқындалмай қалған болатын.
Сәйкесінше, қоғам өкілдері бұл заңды қайта қарап, сауатты түрде жазып шығуды талап етіп жатыр. Айтпағымыз, ертең осы көрініс бізде де қайталанып жүрмесе екен деген тілектен туып отыр. Себебі кез келген құжатты көршіден көшіріп алу – біздің әдетімізге әлдеқашан сіңіп үлгерген құбылыс.
Тек жазаға тарту арқылы педофилия жойыла ма?
Әрине, заң қабылданар болса, педофилдер ертесі күні-ақ өз әрекетін сап тыяр еді деуден аулақпыз. Дегенмен, заң дегеніміз, мемлекеттің белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын білдіреді. Қылмыстық кодексте педофилдік ұғым ретінде мойындалып, онымен күрестің негіздері көрсетіліп, жазасы қандай болатыны кесіп айтылмаса жағдайдың өзгере қоюы да екіталай. Қоғамдағы педофилдік құбылыспен күресуді жан-жақты бағытта жүзеге асыру қажет екені түсінікті. Қазіргі жағдайда мемлекетіміз педофилияның алдын алу шараларын ұйымдастыруды айтпағанда, қылмыс орын алғаннан кейін қайғылы оқиғаға себепкер болып отырған қылмыскерді залалсыздандыру мәселесін шеше алмай отыр.
2010 жылы қазан айында біздің сенаторлар Бала құқығын қорғауға қатысты заңнамаға түзетулер енгізген болатын. Бұл түзетулер кәмелет жасқа толмағандарға зорлық жасағандарға қатысты жазаны күшейтуді көздейді делінеді. Заңды талқылау барысында «Балаға жыныстық зорлық көрсеткені үшін сотталып, жазасын өтеп келген адамды педагогикалық қызметке жіберуге бола ма?, – деген мәселенің төңірегінде өрбіген болатын. Бұл сұраққа біздің «гуманист» сенаторлар «болады» деп жауап беріп, шешім қабылдапты. Яғни 10-20 жыл жазасын өтеп шыққаннан кейін оның бала тәрбиелеуге құқы бар. Сірә, педофилияның емделмейтін аурулардың қатарына жататындығын білмесе керек. Бойында педофилдік ауытқулары бар адамның 100 пайызды айтпағанда, 50 пайыз емделуіне кепілдік жоқ екенін кез келген психолог айтып береді. Педофилді адам қатарына қосып жіберетін артықшылық біздің түзету мекемелерімізде бар деп ойламаймыз. Психолог маман Зүлфия Байсақова мұндай ауытқулары бар адамды химиялық жолмен аталықсыздандырып тастағанның өзінде ол қоғамға қауіпті болатынын айтады. Себебі ондай адам – ең алдымен, биологиялық тұрғыдан емес, психологиялық тұрғыдан ауру. Сәйкесінше, баланы қинаудан ләззат алатын қылмыскер әтек болып қалғаннан психологиялық тұрғыдан сауығып кетпейді.
Біз қылмыс орын алғаннан кейінгі жаза мәселесін ғана әңгіме етіп жүрміз. Ал оның алдын алу шаралары барлық мекемелердің бір ауыздан атсалысуын, қоғам болып күресуді талап етеді. Бүл үшін Үкіметтен арнайы бағдарлама да керек болар еді. Жалғыз педофилдер мәселесін ғана емес, суицид пен нашақорлық сияқты бірнеше ірі проблемалардың басын құрайтын ірі жоба жасауға болар еді.
Зүлфия БАЙСАҚОВА, Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы:
– Қазақстанда педофилдер мәселесі жылдан-жылға ушығып келе жатқанын ресми статистиканың өзі де дәлелдейді. Өкінішті жері мемлекеттік мекемелер де, Парламент те бұл мәселемен күресуге асығар емес. Екіншіден, Қазақстанда бұл бағытта жұмыс жасайтын мамандар да жоқ. Республикалық деңгейде балаларға зорлық-зомбылық жасалуын азайту үшін жүйелі, кешенді жұмыс керек. Мұнымен тек құқық қорғаушылар емес, денсаулық сақтау министрлігі де, білім беру орталықтары да, жергілікті басқару органдары да, ата-аналар, қарапайым азаматтар бірлесіп қарсы тұру керек. Қазір орта білім беру мекемелерінде балаларға сақтық шараларын қалай сақтау керектігін ешкім үйретіп жатқан жоқ. Әрбір оқиға орын алған сайын дүрлігеміз де қоямыз. Депутаттар жағы оны заңдық негізде реттеп бере алмай жатыр. Педофилизм – емделмейтін аурулардың қатарына жатады. Яғни бір рет қылмыс жасаған адамдарды еркіндікке жіберуге болмайды. Жазасын өтеп болған соң да олар қоғамға қауіпті. Тіпті химиялық жолмен аталықсыздандыру да мәселені шеше алмайды. Себебі ондай адамның қолына бүлдіршін бала түссе, ол – оны тұншықтырып өлтіруі мүмкін. Яғни бұл психикалық ауытқу. Қысқасы, ең алдымен заң керек.
Қылмыстық кодекс педофилдерді неге мойындамайды?
Последние статьи автора