Осыдан біраз бұрын Елбасы Алматыға келген сапарында мегаполисті қылмыстық топтардан тазарту жөнінде тапсырма берген болатын. Қаржы полициясы мен Ішкі істер министрлігіне жаңа басшылық келгелі бері құзырлы органдар қылмыс әлеміне бұрынғыдан да батыл шабуыл жасап, жалғанды жалпағынан басқан «авторитеттерді» құрықтай бастады. Оның үстіне дағдарысқа байланысты қылмыстық оқиғалар 90-жылдардағыдай жиілей түскен. Білетіндердің сөзіне қарағанда, қылмыс әлемінде қайта бөліс басталған көрінеді.
Алматының ұйымдасқан қылмыстық топтардың ұясына айналғаны жасырын емес. Оның да себебі баршылық. Қайнаған тіршілік бар жерде арамшөптей қаулаған қылмыс болмай тұрмайды. Алып шаһардағы банк жүйесінің дамуы, шағын және жеке кәсіпкерлік, жеке капиталдың шоғырлануы, шетелдік азаматтар мен кәсіпкерлердің, әсіресе қытайлық азаматтардың, мыңдаған мигранттардың ағылып келуі, жастар арасындағы жұмыссыздық, көлеңкелі бизнес, контрабандалық тауарлар, есірткі айналымы торабының болуы ұйымдасқан қылмысқа кең өріс ашып отыр. Қару-жарақ саудасы, рэкеттік әрекет, үй тонауды, адам саудалауды, тапсырыспен кісі өлтіруді кәсіпке айналдырған қарақшылық топтар алып шаһарда ордалы жыландай ұйлығып тұр. Шаһардың қылмыстық әлемі бұрын сотталған «заңдағы ұрылардан» құралған дәстүрлі қылмыстық топтар мен бұрынғы спортшылар, әскери және құқық қорғау органдарында істегендерден жасақталған жаңа «авторитеттер» тобы болып екіге жіктеледі. Осы екі лагерь арасында ықпал ету территориялары мен бизнес пен қаржы институттарына бақылау орнату үшін өзара тартыс бар. Қылмыстық топтар базарларды, ойын-сауық орындарын, автотұрақтарды, шекарадағы контрабандалық тауарлар мен спирттік өнімдерді, автокөліктерді жеткізу мен алып-сатуды бақылайтын көрінеді. Кейбір деректер бойынша, Алматыда он шақты қылмыстық топ бар деп есептеледі. Атап айтқанда, «Четыре брата», «Рыжий Алмаз», «Атаба», «Адай», «Киса», «Махара-Чиванин», «Деп.корпус», «Абрам», «Махновшы» этникалық шешен қылмыстық тобы. Елбасы тапсырмасымен құзырлы органдар қылмыс әлемінің бірқатар серкелерін құрықтады. Қазіргі кезде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 51 басшысы мен белсенді мүшелері ұсталып, қылмыстық жазаға тартылды. Құрықталғандардың ішінде аты шулы «Атаба», «Адамбаев-Нұралин», «Айшуақ-Жантүгел» секілді «заңдағы ұрылар» бар. Ал шетелдік тәжірибеде қылмыстық топтар трансұлттық криминалдық мафия деңгейіне жетіп, өз қызметін заңдастырып алады, тіпті өзі тұрған елге анда-санда болысып қояды. Бұған орыс, итальян, қытай (хуацяо), испан мафияларының әрекеті дәлел.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы, отставкадағы полковник:
– Кеңес заманында жекелеген банда болды, бірақ ұйымдасқан түрде сипат алмады. Қылмыстық топтар 80-жылдары бел ала бастады. Дегенмен 90-жылдары нарықтық қатынастарға байланысты қылмыстық сауда маңайында ақша бопсалау, коммерциялық құрылымдарды бақылау сияқты жаңа әдістерге көшті. Сол жылдары қылмыстық топтар қазақи сипат алып, оның қатарын ауылдан шыққан тепсе, темір үзетін спортшы жігіттер және студент жастар толықтырған. 90-жылдардың екінші жартысында құтырып кеткен криминалдық топтарды мемлекет жазалап, сабасына түсірді. Тіпті олардың жүгенсіз серкелерінің көзі жойылып, тәртіпке бағындырылды. Дербес анархиялық рэкет жүгенделіп, қауіпті әсері азайтылды. Сөйтіп, мемлекет ерлік жасады. Қылмыстық топтарды кей жағдайда мемлекет өз қажетіне пайдаланған тұстар да болды. Қазіргі кезде криминалдық топтар бұрынғыдай емес, жуасыды. Дегенмен қылмыскердің аты – қылмыскер. Криминалдық топтар қоғам ішінде қаулап өскен арамшөп секілді, оны әлсін-әлсін тамырымен жұлып, тазартып тұру керек.
Әлемдегі қылмыстық топтар:
Қытай мафиясы – триада әлеміндегі ең үлкен криминалдық топ болып саналады. Өз қатарын лауазымды шенеуніктермен толықтырып алған триаданың лас жолмен келетін жылдық табысы – 200 миллирд юань немесе 24,7 миллирд доллар. Әсіресе Гонконгта шоғырланған криминалдық топтың саны 15-20-ға дейін барады. Әрқайсысының мүшелері 30 мың адамға дейін барады.Орыс мафиясы – көп елді сескендіретін қауіпті құрылым. Ресейдегі криминалдық, бандалық құрылымдар мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты. Питерлік, свердловтық, мәскеулік, шешенстандық, тольяттилік секілді аты шулы топтар бар. Деректер бойынша, Ресейде 3 мың қылмыстық топ, 70 мың этникалық және 365 аймақаралық криминалдық топ әрекет етеді. Сонда қылмыс әлеміндегі «сарбаздардың» жалпы саны 610 мың адамды құрайды, бұл – екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі 10 жалпы армия немесе үш майданның әскер санымен бірдей көрсеткіш. «Заңдағы ұры» – Ресей киноларының басты тақырыптарының бірі, орыс жастарының құндылығына айналған.
Ой-түйін:
Қылмыстық топтар аспаннан түспейді, қоғамның өз ішінен шығады. «Қоғам қылмысқа итермелейді, ал қылмыскерлер оны іске асырады» деп ағылшын тарихшысы Генри Бокль айтқандай, қылмыспен, қылмыстық топтармен күресті қоғамнан бастаған жөн сияқты. Тек әдебиетші Аркадий Давидович «мафия күресте мафия біздің жаққа шығады» деп тауып айтқандай, криминалдық топтармен күрес еш пайда бермейтін әсіре ұраншылдық пен бос науқаншылдыққа айналмасын дейміз.