ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына дайындық және жемшөппен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биылғы қолайлы жағдай егін орағын уақтылы бастауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Бүгінгі күні республика бойынша барлығы 2,4 млн гектар немесе 14,1% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Орташа түсім гектарына 11,5 центнер болып, 2,8 млн тонна астық бастырылды.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жиналатын алқабы 24 млн гектарды құрайды. Егер дақылдар бөлінісіне қарайтын болсақ, 13,7 млн га бидай, 2,8 млн га майлы дақылдар, 188 мың га картоп, 165 мың га көкөніс жинауға дайын. Егіс науқаны сапалы тұқымдарды пайдалану арқылы оңтайлы мерзімде жүргізілді. Диқандар тыңайтқыштарды дер кезінде беріп, егінді арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын уақтылы жүргізді.
Сонымен қатар вегетациялық кезеңде диқандар құрғақшылық пен егістік суының жетіспеушілігіне байланысты бірқатар қиындықтарға тап болды, бұл егістіктің жағдайына әсер етті. Осы ретте өңірлік ауқымды төтенше жағдай жариялау және шаруалардың шығындарын жабу, субсидияларды жеделдетіп төлеу және несие мерзімін ұзарту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету туралы энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасады
Мәселен, егін жинау науқанын уақтылы жүргізу үшін 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шілде-тамыз айларында 119 мың тоннасы немесе 28%-ы жөнелтілді. Жанармай қозғалысын бақылау және ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша шаралар қабылданды. Олардың ішінде жеке ПИН-кодтарды белгілеу, дизель отынын сары, көк және қызыл түстерге бояу, жеке виртуалды қоймалар құру бар.
Сонымен қатар Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірлердегі жұмыстардың дайындығы мен жүзеге асырылу барысына тоқталды.
Премьер-Министр егінді уақытында және сапалы жинап алу – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Бірқатар өңірлерде егін орағы басталып кетті. Үкімет тарапынан қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.
Мәселен, нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен (250 теңге/литр) 426 мың тонна дизель отыны бөлінді. 140 млрд теңге бюджеттік несие беру көзделген. Сондай-ақ жаңа астықты форвардтық сатып алуға 81 млрд теңге бөлінді. Биыл мал азығын дайындауға арналған техника мен суару жүйелерін сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінді.
«Өздеріңіз білетіндей, жаз айлары жылдағыдан ыстық болды. Құрғақшылықтан бірқатар өңірлер зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Құрғақшылықтың салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде Үкімет резервінен қаражат бөлінетін болады», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Бұл ретте «Бәйтерек» холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтау тапсырылды.
«Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отырғанын айтты. Сондықтан, Су ресурстарын тиімді пайдалануды күшейту бойынша жол картасын әзірлеу, ал өңірлерге белсенді түрде су үнемдеу технологияларын енгізу талап етіледі.
Премьер-Министрдің айтуынша, қазіргі жағдайда жемшөп дайындауға ерекше назар аудару қажет. Бүгінгі таңда Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында мал азығын дайындау қарқыны жақсы. Ал, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жұмыстар баяу жүруде.
«Аталған өңірлер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жұмыс қарқынын күшейтіп, жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуі қажет», — деді ол.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы астықты дер кезінде тасымалдап, сақтау орындарын дайындау бойынша жұмысты уақтылы жүргізу, сондай-ақ тұрақты бағаны сақтай отырып, жемшөп қорын сапалы дайындау бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz