Алматылықтар ғана емес, күллі ел асыға күткен айтулы сәт туды! Құрылысы жиырма шақты жылға созылып, халқымыз үшін арман болған Алматы метрополитені пайдалануға берілді. Егемендіктің екі онжылдығы қарсаңында жерасты қоғамдық көлігін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, салтанатты жағдайда іске қосты.
Орталық Азиядағы екінші, ал еліміздегі тұңғыш метроның ашылу салтанаты Алматының Райымбек батыр даңғылы мен Фурманов көшелерінің қиылысынан басталды. Бұл жерде метроның алғашқы стансысы орналасқан. Төрт вагоны бар жеті электрпойыз арқылы батырдың атындағы бекеттен әрі «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «М.Әуезов атындағы драма театры» және «Алатау» атты стансыларға қатынайды. Метрополитеннің алғашқы кезегі – осы Абай мен Гагарин даңғылдарының қиылысына дейін ғана. Жалпы ұзындығы – 8,56 шақырым. Жобаның құны 166 млрд теңгеге жуық. Метроның алғашқы құрметті жолаушысы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біз үшін күрделі де ұзақ құрылысқа атсалысқан және оны асыға күткен барлық азаматқа алғысын жеткізді. «Бүгін – тарихи маңызды күн. Дүниежүзінде 200-ден астам мемлекет болса, оның 40-ында ғана метро бар. Біз сол 40 елдің қатарына ендік. Менің есімде бары – бұл құрылысты салу мәселесі 1980 жылы шешілгенімен, 1988 жылы басталып, кейін тоқтап қалған болатын. Міне, құрылыс 23 жылдан бері қарай жүріп келді, қарқынды жұмыстың бәрі соңғы төрт-бес жылда жасалды.
Біз қиындыққа қарамай, жұмысты жалғастыра бердік, өйткені бұл – бір тәулікте 300 мың адам алып жүретін, жылына 110 млн адамды таситын көлік, Алматының экологиясы үшін, жалпы мәдениет үшін үлкен табыс. Сондықтан ол Тәуелсіздіктің 20 жылдығына үлкен сыйлық болды. Барлық метро құрылысшыларын, алматылықтарды қуаныштарымен шын жүрегіммен құттықтаймын», – деді Мемлекет басшысы. Дәуір жобасына атсалысқан мамандардың ішінде жерасты жолы алғаш қазылған кезден бастап, метро іске қосылған кезге дейін осы ұлы істің басы-қасында жүрген адамды кездестірдік. Төлеуғали Алтыкенов 25 жыл бұрын Алматыда метроның болатынын елестете алмаған, бірақ күндердің күнінде халықтың соған қолы жететініне әрдайым сенді. «1986 жылы қалалық кеңестің метро құрылысы туралы бөлімі болатын, соған келіп, еңбегімді бастадым. 23 жылдан артық осы жерде тапжылмай қызмет еттім. Бізде жерасты жұмыстары бұрын-соңды болмағандықтан, өте көп қиындыққа кезіктік. Бірақ метроның қажеттілігін түсіндік. Міне, қазір қала тұрғындарының кеудесі үлкен қуанышқа толы деп ойлаймын, автобекеттерде жүйкесі жұқарғандардың көңілі жадырап жатқан болар. Бұл Президентіміздің арқасы деп білемін», – дейді ол. Метро іске қосылмай жатып, мұнда келген жолаушылардың санында шек болмады. Сағат 19.00-де метро қарапайым тұрғындарды тиеп алып, жүйтки жөнелді. Метро жолақысы 80 теңге тұрады. Еске сала кетейік, қазір метрополитеннің екінші кезегінің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Ол метроның бірінші желісін екі ұшынан әрі қарай соза түседі.
Айша Әлиева, Алматы қаласының тұрғыны:
– Мен Жетісу ауданында тұрамын. Біздің жаққа әзірше бұл метро бара қоймайды. Дегенмен мен еліміздегі тұңғыш метроның пайдалануға берілгеніне шексіз қуаныштымын. Соның куәсі болайын деп келдім. Бұл – үлкен оқиға!