Адамзат баласы санаулы ғана жылдардың ішінде ғарыш кеңістігін игеруде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ғарыш технологияларының ғылымға, техниканың дамуына игі ықпалын тигізіп отырғаны сөзсіз. Осы уақытта орбитада мыңдаған жерсеріктері ұшып жүр. Олар адамзат үшін қажетті аса маңызды стратегиялық міндеттерді орындауда. Ғарыш аппараттары Айға және Венераға, Марсқа ұшып, түрлі зерттеулер жүргізуде. Қазіргі заманғы жоғары технологиялардың барлығы да ғарышпен байланысты. Осы орайда ғарыш саласында өзіндік үлесі бар ел ретінде Қазақстанның да өзіндік мақсаттары болуы шарт.
Қазіргі жағдайда мемлекеттердің ғарыш саласын игерудегі көздеген мақсаты әртүрлі болып отыр. Мәселен, Иран Ислам Республикасының ғарыш саласы негізінен мемлекеттің әскери қорғаныс саласын, әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Ал Ресей, АҚШ, Қытай сынды бірқатар елдер бірнеше бағытта қатар жұмыс жасай береді: байланыс саласы, әскери қорғаныстық, ғылыми-академиялық зерттеулер мақсатында. Ал көптен бері ғарыштық держава атануды өзіне мақсат етіп қойған еліміз Қазақстан ғарыш саласындағы барлық бағыттары бойынша бірдей күш жұмсай алмайды. Біріншіден, бұған өте ауқымды қаржылық ресурстар қажет болар еді. Жалпы, капиталистік заманда кез келген тақырыпқа романтикалық қарым-қатынаста болу мүмкін емес. Яғни кез келген ел «ғарыштық держава» деген жалаң атақ үшін ғана бекер шығындала алмайды. Сондай-ақ еліміз дәл қазіргі жағдайда ғылым-білімнің ғарыш әлемін танып-білуге деген құштарлығы үшін салық төлеушілердің қалтасынан жиналған қаржыдан миллиардтар бөле алмайды. Әзірге ғарыштық ғылыми жобалар үшін қомақты қаражат құю төрт құбыласы түгенделген, дамыған мемлекеттердің қолынан келеді. Онда да әрбірінің емес. Ендеше, Қазақстанның ғарыш саласы үшін Марс пен Венерада не болып жатқаны, «Күн системасында қандай ауытқулар бар», «өзге ғаламшарлар мен жатпланеталықтар бар ма» деген секілді сұрақтар уақытша қызықтырмауы керек. Демек, Қазақстан ғарыш саласын дамыту барысында негізінен өз жерімізді зерттеу мәселесіне көп икемделгені дұрыс.
Қазақстан ғарыш саласын бейбіт мақсатта дамытады
Атом өндірісін әскери мақсатта пайдалануға болмайтыны секілді, ғарышты да әскери қақтығыс алаңына айналдыруға болмайды. Әрине, бұл БҰҰ деңгейінде қойылатын талап болу қажет. Себебі бұл саланың да теріс мақсатта пайдаланылуы атомдық қарулардан кем зиян әкелмейді. Қазір ғарыш саласын әскери мақсатта дамытуға күш салып жатқан елдер де бар. Әскери қорғаныс саласын жетілдіру жолында АҚШ пен Иран секілді зымырандарға қарсы қорғаныс орнату үшін миллиардтар құю еліміз үшін тиімсіз болар еді. Оның үстіне, еліміз өзінің соңғы 20 жылдық тарихында ешбір әскери амбиция танытқан емес, бейбіт имидж қалыптастыруда.
Ғарышты игеру саласын прагматикалық көзқарасқа салатын болсақ, нақты мемлекет қазынасына пайда түсіріп, ел азаматтарына игілік әкелетін жобалардың ғана маңыздылығы үстем. Мәселен, өткен жылы ресейліктердің қазақстандық қос ғарышкерді ұшырудан бас тартуын кейбір отандық баспасөз құралдары ұлттық трагедия етіп суреттеді. Әсілінде, бұл үшін сезімге беріліп, аталған салада көрші елмен «ат құйрығын кесісудің» тіпті де қажеттілігі жоқ. Себебі дәл қазір Қазақстанның ғарыш саласының дамуы дәл сол екі ғарышкеріміздің көкке көтерілуіне қарап қалған жоқ. Мұны Ұлттық ғарыштық агенттігі де жақсы түсінетіндей.
Ғарышқа қанша ақша бөлінеді?
Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, барлық дерлік ғарыш державалары «жұлдызды» жобаларды қаржыландыруды азайтудың орнына, ұлғайтып жатты. Космостық бағдарламалар бюджеті осыдан бір жыл бұрын АҚШ-та – 16,8 млрд, Жапонияда – 5 млрд, Қытайда – 1,5 млрд, Ресейде – 1,2 млрд долларды құрағандығы өзін-өзі байқатып тұр. Осылай NASA америкалық агенттігі ғарыш саласына салған әрбір доллардың 5-6 доллар болып қайтатындығын хабарлаған. Мамандардың бағалауынша, соңғы жылдары Ресейдің ғарыштық зымыран саласындағы пайдасы – үш есеге, ал оның қайтымы екі есеге өскен.
Ендеше, біз де елдің индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асуына, ғарыш индустриясы кластерінің құрылуы мен дамуына, халықаралық маңызды серпінді жобалардың іске асуына, әлемдік ғылыми және ғылыми-техникалық кеңістікте кірігуіне ықпал ететін отандық ғарыш саласын жасауға міндеттіміз.
Ғарыш пен байланыс
Соңғы жылдары еліміз Қазақстан да бұл бағытта тартынып жатқан жоқ. Сөйте тұра, ғарыштық жобалардың барлық салалары бойынша далақтай бермей, негізгі бағыттар бойынша ғана жұмыс жасау қажеттігін түсінеді. ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаев Қазақстандағы ғарыштық саланы қалыптастыру стратегиясы мен еліміздегі ғарыш саласын дамытудың мемлекеттік басқару реформасы бойынша ғарыш саласына 2020 жылға дейін жыл сайын 316 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы қажет болатынын айтады. Ғарыштық жүйені дамытуға бағытталған стратегияны жүзеге асыру барысында 2020 жылға дейін орбиталық топталған 12 ғарыштық аппарат құрылатындығын, сонымен қатар еліміздің спутниктік байланыс каналдарына сұраныс қанағаттандырылып және өңірлер көп бағдарламалық телехабарлармен қамтамасыз ету жоспарланған. Яғни ғарыш саласын дамытуда еліміз ең алдымен байланыс мәселесіне көп көңіл бөледі. Еліміздің азаматтары «Қазсат» ұлттық жүйесін пайдалану – еліміздегі байланыс саласын бірнеше есеге арзандатады» деп үміттенеді. «Қазсаттарымыздың» жоғалып кетуіне қарамастан, Қазақстанның төл жерсеріктерін ұшырудан тайынбауы – осының бір дәлелі. Ғарыш саласының тағы бір мүмкіндігі – табиғи катаклизмдерді алдын ала болжау мүмкіндігі. Дегенмен бұл саланы айтулы ғарыштық державалардың өзі толық игеріп болған жоқ. Әлемде болып жатқан түрлі стихиялы апаттар адам шығынын болдырмау мақсатында табиғи болжамдарға қаржы құюдың зая еместігін көрсетіп жатыр. Ғарыштағы жалпы саны 23 жерсерігін, әлемдегі ғарыштық ұшулардың 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған Ресей де ғарыш саласында кенже қалып қоюымыз мүмкін деген қаупін жасырмайды.
Қазақстанның ғарыш саласындағы үлесі қандай?
Последние статьи автора