Қазақстан мен Швейцарияның заң шығарушы органдары арасындағы байланыс нығая түспек
Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Швейцария Конфедерациясы парламенті Кантондар кеңесiнiң төрағасы Филиппо Ломбарди кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылады. Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара аясында қос ел парламенттерінің өзара іс-қимылын нығайту, заңнамалық салада тәжірибе алмасу, сондай-ақ ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы байланыстарды ынталандыру мәселелері сөз болды. Нұрлан Нығматулин Мәжіліс жұмысының басым бағыттарын айта келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050 стратегиясын» заңнамалық қамтамасыз ету жолында атқарып жатқан істеріне тоқталды. Сонымен қатар Швейцарияның мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму саласындағы тәжірибесі бізді ерекше қызықтыратынын да атап өтті. Филиппо Ломбарди болса, өз кезегінде халықтар арасындағы өзара ынтымақтастықты және жалпы бейбітшілікті нығайтуға ықпал ететіндіктен екі елдің парламентаралық байланысының маңызы зор екендігін атап өтті. Тараптар барлық сала бойынша қазақстандық-швейцариялық өзара қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалай келіп, осы ықпалдастықты одан әрі нығайту екі мемлекет басшыларының да етене байланысына өзіндік әсер ететінін тілге тиек етті. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Швейцария соңғы бес жыл көлемінде инновациялық даму жолында әлемдік орталыққа айналғанын, Қазақстан экономикасын жаңғырту бағдарламасы аясында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың керемет мүмкіндігі барлығын да айтты. Сондай-ақ кездесуде сауда-экономикалық әріптестік, Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік, соның ішінде, Ауған мәселелері де назардан тыс қалмады.