Қазақ кітабына жан бітіру

Кеше Алматыдағы Достық үйінің үлкен мәжіліс залында еліміздің Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбайұлы бүгінгі баспа ісінің проблемала­рына арналған салиқалы жиын өткізді.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Аталған ведомоствоға жаңа басшы ретінде қазақ руханиятының жанашыры, қайраткер азамат Дархан Мыңбай  қыз­ме­тіне кіріскен алғашқы күндерден бастап әде­биетіміздің айналасындағы мәселе­лер­ді бірден қолға ала бастағаны, әсіресе қаламгер мен баспагерлерді серпілткені рас. Біз сөз етіп отырған кітап басу және оны тарату, қаламақы мәселелері министр­лік ұйымдастырған әр жиында айтылмай қал­ған емес. Өткен наурыз айындағы ке­зек­ті бір  мәжілісте мәдениет және ақпарат ми­нистрі шығармашылық одақтардың же­текшілерімен Алматыда арнайы кездесіп, онда да баспа ісі басты тақырыптың біріне айналған еді. Вице-министр Арман Қы­рық­байұлы ашып жүргізген бұл жолғы жиынның қаламгер үшін де, баспагер үшін де берері мол болды. Жиын басында А.Қырықбайұлы қысқаша кіріспе сөз сөйлеп, Ұлттық кiтап палатасының дирек­т­о­ры Жанат Сейдуманов тақырыпқа орай үлкен баяндама жасады. Бұдан соң Нұр­махан Оразбек, Жарылқасын Нұсқабайұлы, Бақытжан Қанапиянов, Мереке Құлкенов, Темірғали Көпбаев сынды есімдері елге белгілі қаламгер-баспагерлер, бірқатар кітапхана өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, баспагерлер бас қосқан бұл жиын, негізінен, «Ұлттың интеллек­туал­дық деңгейін көтеру туралы» Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ұлттық кітап шығару ісінің бәсекелестігін арттыру тетіктерін қарастыруға арналды.
Баспагерлер мен кітапхана қызметкер­лері, ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдері қатысқан бұл жиын бірқатар отандық баспалардың шағын кітап көрмесімен танысудан басталды. Онда әр баспа өздері­нің соңғы шығарған өнімдерін назарға ұсын­ған. Бір қарағанда, көздің жауын ала­тын сөредегі қызылды-жасылды кітаптар­дың алуандығы біздегі полиграфия сала­сы­ның сатылап өсіп келе жатқандығынан хабар беретіндей. Алайда кітаптың сыртқы безендірілуінен бұрын оның мазмұны басты сапа көрсеткіші болса керек. Қазірде республика көлемінде қызмет ететін жекеменшік ірілі-ұсақты баспалар кез келген автордың жазған-сызғанын қалаға­нынша басып, жариялай береді. Мемлекет­тік тапсырыспен жарық көретін әдебиеттер саны да өсіп, оған бөлінетін қаражат көлемі де жыл сайын ұлғайып келе жатқаны тағы бар. Дейтұрғанмен де қазақ кітабының әлі де болса бүгінгідей ақпараттық дәуірде бәсекеге қабілетті бола алмай отыруының сыры неде? Шыққан кітап неге оқырманға жетпейді? Бүгінгі кітаптардың таралымын былай қойғанда, мазмұны мен безенді­рілуі, жалпы, полиграфиялық сапасы да мар­дымсыз болып бара жатқандығы жа­сы­рын емес. Кеңес Одағы тұсында кітап шығару мен оны таратудың біртұтас жүйесі болған. Кітап таралымы мол, авторлық қаламақы да қомақты болатын. Әйтсе де тоталитарлық жүйе аталған сала­ны «ашса алақанында, жұмса жұдыры­ғын­да» ұстау үшін әрі өзінің қызыл идеология­сын жүргізу мақсатында осындай біртұтас жү­йенің артықшылықтарына жүгінді. Мұн­дай «артықшылықтың» бір кемшілігі – шы­ғармашылық еркіндікті бұғаулап ұстауында еді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бар­лық салада тың серпілістер орын алды. Әйт­се де басқалар заман ағымына бейім­де­ле бастаған шақта баспалардың аяқ алы­сы бәсең жүрісінен соншалық ары аса алма­ды. Сондықтан да отандық баспа ісіне дем беретін жүйені нарықтың қатал заңдылықтарына бейімдеу қажет болды. Осы орайда «кезінде жақсы еді, қазір неге жағдай қиындап кетті?» деп, өткенді көк­сей бергенше, жаңаша талаптармен жұмыс іс­теуді үйренуіміз керектігін мойындай бас­тадық. Тек соңғы жылдары ғана мем­лекет тарапынан ұлттық идеологияны ар­қау еткен төл әдебиетімізге аса мән беріле бас­тады. Соның айғағы болар, қазіргі қазақ кітабы мәселесін көтеріп, осы салаға қажетінше жан-жақты жағдай қарастыруға әрекеттенуге ниет білдіріп отырған жаңа құрамдағы Мәдениет және ақпарат министрлігі жаңаша қадамдар жасауға бейілді екендіктерін бірден аңғартты.

Арман ҚЫРЫҚБАЙҰЛЫ, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
– Баспагерлер мен кітапхана жүйесі қыз­меткерлерінің, қаламгерлер мен БАҚ өкіл­дерінің басын қосып, келелі жиын өткізудегі себебіміз – қордаланған мәселелерді бірлесе шешу. Бір жағынан, бұл өзі көптен бері жоғары деңгейде көтерілмей келе жатқан үлкен проблемалардың бірі еді. Қазіргі кезде кітап шығару және оны таратуға қатысты, авторларға қаламақы беру төңірегінде айтыс-тартыс көп. Бұл рет­те, көбіне министрлікке сын айтылып, айып тағылып жатады. Меніңше, кез келген проблемаға біржақты қарауға болмайды. Кітап бір ғана адамның қолынан шығатын дүние емес. Ол қаламгердің өзінен бастап оқырманға жететін аралықта қаншама процестер бар. Міне, сондықтан да біз осы түйткілдерге ақылдаса отырып жауап іздеуіміз қажет. Бүгінгі уақыт шығар­машылық адамы мен баспагердің алдына жаңа талаптар қойып отыр. Әуелі баспа ісін дамытып, жетілдірудің заманауи тәсілдері мен мен заңдық механизмдерін игеруіміз керек. Бүгінгі жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлерге біз өз тарапымыздан сараптама жасап, ең алдымен, маңызды дейтін мәселелердің тиісінше шешілуіне бар мүмкіндіктерді қарастырамыз. Біз екі жаққа да тиімді, ұтымды пікірлерді аяқсыз қалдырмауға тырысамыз. Отандық баспа ісін алға жылжыту үшін, авторлық құқық пен қаламақы мәселесін бір ретке келтіру үшін біз ең бастысы бұл саланың құқықтық-нормативтік жағын, яғни заңдық нормала­рын жетілдіруге тиіспіз. Осы орайда баспа­г­ер­лердің, кітапхана қызметкерлері мен жекелеген авторлардың нақты ұсыныстары болса, біз ескеруге дайынбыз.

Баспа ісін қайтсек көркейтеміз деп бас қатырған жиын барысында жасалған баяндамалар мен айтылған ойлардан түйгеніміз, бүгінгідей нарық заманында кездесетін түрлі қиындықтарға қарамастан, Қазақстанда баспа саласында кейбір елдермен салыстырғанда, ілгерілеушілік байқалады. Бүгінде елімізде кітап шығару, оны тарату жағын қамтамасыз етіп отыра­тын бірнеше айтулы бағдарламалар мен жобалар бар. Мысалы, бір ғана «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл сайын қаншама терең мазмұнды әдебиеттер басылып шығуда. Кітап палатасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, өткен 2011 жылы әдебиеттер мемлекеттік тапсырыс бойынша төмендегі бағдарла­малар арқылы жарық көрген: «Мәдени мұра», «Мемлекеттік тілді және Қазақстан хал­қының басқа да тілдерін дамыту», «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді шығару». Бағдарламалардың әрқайсысына мемлекет тарапынан және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. 2011 жылы отандық кітаптарды шығаруға мемлекеттен  4 миллиардтан астам қаражат бөлінсе, оның ішінде ҚР Мәдениет министрлігінен 1 млрд 500 млн теңге және ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінен 1 млрд 264 млн 399 мың теңге бөлінген. Бұл енді мәселенің қаражатқа келіп тірелетін тұсының бір көрсеткіші. Ендігі мәселе, таралым жайы. Алайда еліміздегі баспалар арқылы жарық көретін кітаптардың тиражы жалпы оқырман санына бөлгенде тым аз. Қазір жекеменшік, мемлекеттік баспадан да шығатын кітап өнімдерінің орташа таралымы шамамен 2000 дананың ай­наласында ғана. Бұл ретте тағы да Кітап палатасы келтірген мәліметтерге сүйене кетсек.
Еліміз бойынша:
– 1000 данаға дейінігі таралыммен кітап­тар­дың 49%-ы;
–1000-2000  данаға дейінгі таралым­мен кітаптардың 3,2%-ы;
– 2000-5000 данаға дейінгі таралым­мен кітаптардың 16,95%-ы;
– 5000-10000 данаға дейінгі таралым­мен кітаптардың 6,19%-ы;
– 10000-нан астам таралыммен кітаптар­дың 17%-ы;
– 100 000-нан астам таралыммен кітаптардың 1,2% - ы ғана жарық көреді.

Бұл талдаулар, негізінен, өткен жылғы шық­қан кітаптардың таралымдық топтары бо­йынша жүргізілген. Осындай көрсеткіш­тер­мен біз өзгемен бәсекеге түсе аламыз ба, жоқ па, ол енді қажырлы еңбек пен қа­жет­інше бөлініп отыратын тиісті қаржыға бай­ланысты екені даусыз.
Жанат СЕЙДУМАНОВ, Ұлттық кiтап палатасының директоры:
– Біз ұлттық кітап шығару ісінде мемле­кеттік қолдаудың әлемдік тәжірибесіне сүйеніп жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Қы­тай, Жапон елдерінде кітап оқу мәдениеті жас ұрпаққа билік тұтқасын ұстағандар мен танымал тұлғалар арқылы сіңіріледі. Кітап шығару, кітап тарату және оқуға қол­дау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасы мен заңдарын қабылдау қажет. Сонымен қатар кітап ісінде салықтық жеңілдіктер қарастырылуы керек. Айталық, Еуропалық одақта, Швейцария, Норвегияда баспагер­лерге салынатын салық бірнеше рет төмен­детілген. Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Францияда баспагерлерге кітап өнімдерін экспорттауда қаржылай көмек көрсетіледі. Көптеген елдер халықаралық кітап көрме-жәрмеңкелері жұмысына баспалар мен жазушылардың қатысуын мемлекеттің өзі тікелей қаржыландырады. Осы орайда баспагерлер мен авторлардың ойында жүрген мәселелерді қорыта келе мынадай ұсыныстарды ортаға салғым келеді:

– ұлттық кітап шығару, кітап тарату және оқу бәсекелестігін арттыру бағдар­ламасын қабылдау;
– «Кітап ісі туралы» ҚР Заңын әзірлеу және қабылдау;
– ұлттық кітап шығару ісінің бәсеке­лес­тігін арттыру мен кәсіби мүдделерді қолдау мақсатында кітап нарығы субъектілерінің «Қазақстан кітап одағы» қоғамдық бірлестігіне бірігуі мен шоғырлануы;
– әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді шығарудың тақырыптық жоспарын қалып­тастыру тәртібіне өзгерістер енгізу;
– сараптама кеңесі құрамына кәсіби кітап бірлестіктерінің өкілдерін енгізу;
– ұлттық кітап шығару ісінің жағдайына мониторинг жүргізетін ақпараттық-сараптамалық орталық ретінде ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының материал­дық-техникалық базасын нығайту.
Қалай болған күнде де еліміздегі баспа ісіне нақты жоба-жоспар, тиісті заң­дық нормалар аудай қажет.

Басқосуда бас көтеріп сөз алған баспа­г­ер­лер бірнеше проблемаларды талқыға сала отырып, тендер мәселесіне келгенде, таудай кедергілермен кездесетіндіктерін базына ретінде басшылыққа жеткізді. Ведомоство басшылығы баспалар арасын­да өтетін тендерге қатысты түйткілдерді тиіс­ті орындармен кеңесіп шешуге әрекет­тенетіндіктерін жеткізді. Бүгінде біздегі полиграфиялық базаның жетіспеушілігімен байланысты баспа өнімдеріміздің өзіндік бағасы тым жоғары. Сол себепті біздің на­рық­та да сырттан жеткізілетін кітап өнім­де­рінің көлемі өсе бастады. Бір ғана Ресейден әкелінетін кітаптар саны еліміздегі баспа өнімдерінен пайыздық жағынан алғанда ара салмағы басым. Бұл, ең әуелі, жас ұр­пақты шетелдіктердің түрлі экспансия жасауына даңғыл жол ашып отыр. Бұған тағы ғаламтор арқылы сіңіріліп, таралып отырған әдеби шығармалар мен фильм­дерді және ақпараттарды қосыңыз. Егерде біз өзіміздің ұлттық санамыз бен тарихи жадымызды таза күйінде сақтап қалғымыз келсе, кітап ісіне ұлттық идеологиямыздың бір бөлігі деп қарауымыз қажет. Сондықтан баспа ісін нарыққа бейімдей отырып, бірінші кезекте оның ұлтқа тигізетін рухани пайдасын ойлау ләзім. Біз кітапты шығ­а­рып, таратып қана қоймай, оны оқудың мә­дениетін халықтық дәрежеде насихат­тауымыз керек.
Жиынға қатысушы тараптар алдағы уақытта ҚР «Кітап ісі туралы» заң жобасы мен салалық бағдарламаны әзірлеу үшін белсенді топты құрылымдауға, кітап са­ласының статистикалық жүйесін және кі­тап өнімдерін таратуды жетілдіру жос­па­рын түзуге, кітап нарығына кешенді мар­­кетингтік және социологиялық зерттеу­лерді жүйелі жүргізуге және отандық кітап­ты насихаттау шараларын ұйымдастыруға белсенді кірісуге уағдаласып тарасты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста