Қазақ кітабына жан бітіру
Кеше Алматыдағы Достық үйінің үлкен мәжіліс залында еліміздің Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбайұлы бүгінгі баспа ісінің проблемаларына арналған салиқалы жиын өткізді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Аталған ведомоствоға жаңа басшы ретінде қазақ руханиятының жанашыры, қайраткер азамат Дархан Мыңбай қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап әдебиетіміздің айналасындағы мәселелерді бірден қолға ала бастағаны, әсіресе қаламгер мен баспагерлерді серпілткені рас. Біз сөз етіп отырған кітап басу және оны тарату, қаламақы мәселелері министрлік ұйымдастырған әр жиында айтылмай қалған емес. Өткен наурыз айындағы кезекті бір мәжілісте мәдениет және ақпарат министрі шығармашылық одақтардың жетекшілерімен Алматыда арнайы кездесіп, онда да баспа ісі басты тақырыптың біріне айналған еді. Вице-министр Арман Қырықбайұлы ашып жүргізген бұл жолғы жиынның қаламгер үшін де, баспагер үшін де берері мол болды. Жиын басында А.Қырықбайұлы қысқаша кіріспе сөз сөйлеп, Ұлттық кiтап палатасының директоры Жанат Сейдуманов тақырыпқа орай үлкен баяндама жасады. Бұдан соң Нұрмахан Оразбек, Жарылқасын Нұсқабайұлы, Бақытжан Қанапиянов, Мереке Құлкенов, Темірғали Көпбаев сынды есімдері елге белгілі қаламгер-баспагерлер, бірқатар кітапхана өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, баспагерлер бас қосқан бұл жиын, негізінен, «Ұлттың интеллектуалдық деңгейін көтеру туралы» Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ұлттық кітап шығару ісінің бәсекелестігін арттыру тетіктерін қарастыруға арналды.
Баспагерлер мен кітапхана қызметкерлері, ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдері қатысқан бұл жиын бірқатар отандық баспалардың шағын кітап көрмесімен танысудан басталды. Онда әр баспа өздерінің соңғы шығарған өнімдерін назарға ұсынған. Бір қарағанда, көздің жауын алатын сөредегі қызылды-жасылды кітаптардың алуандығы біздегі полиграфия саласының сатылап өсіп келе жатқандығынан хабар беретіндей. Алайда кітаптың сыртқы безендірілуінен бұрын оның мазмұны басты сапа көрсеткіші болса керек. Қазірде республика көлемінде қызмет ететін жекеменшік ірілі-ұсақты баспалар кез келген автордың жазған-сызғанын қалағанынша басып, жариялай береді. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін әдебиеттер саны да өсіп, оған бөлінетін қаражат көлемі де жыл сайын ұлғайып келе жатқаны тағы бар. Дейтұрғанмен де қазақ кітабының әлі де болса бүгінгідей ақпараттық дәуірде бәсекеге қабілетті бола алмай отыруының сыры неде? Шыққан кітап неге оқырманға жетпейді? Бүгінгі кітаптардың таралымын былай қойғанда, мазмұны мен безендірілуі, жалпы, полиграфиялық сапасы да мардымсыз болып бара жатқандығы жасырын емес. Кеңес Одағы тұсында кітап шығару мен оны таратудың біртұтас жүйесі болған. Кітап таралымы мол, авторлық қаламақы да қомақты болатын. Әйтсе де тоталитарлық жүйе аталған саланы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстау үшін әрі өзінің қызыл идеологиясын жүргізу мақсатында осындай біртұтас жүйенің артықшылықтарына жүгінді. Мұндай «артықшылықтың» бір кемшілігі – шығармашылық еркіндікті бұғаулап ұстауында еді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін барлық салада тың серпілістер орын алды. Әйтсе де басқалар заман ағымына бейімделе бастаған шақта баспалардың аяқ алысы бәсең жүрісінен соншалық ары аса алмады. Сондықтан да отандық баспа ісіне дем беретін жүйені нарықтың қатал заңдылықтарына бейімдеу қажет болды. Осы орайда «кезінде жақсы еді, қазір неге жағдай қиындап кетті?» деп, өткенді көксей бергенше, жаңаша талаптармен жұмыс істеуді үйренуіміз керектігін мойындай бастадық. Тек соңғы жылдары ғана мемлекет тарапынан ұлттық идеологияны арқау еткен төл әдебиетімізге аса мән беріле бастады. Соның айғағы болар, қазіргі қазақ кітабы мәселесін көтеріп, осы салаға қажетінше жан-жақты жағдай қарастыруға әрекеттенуге ниет білдіріп отырған жаңа құрамдағы Мәдениет және ақпарат министрлігі жаңаша қадамдар жасауға бейілді екендіктерін бірден аңғартты.
Арман ҚЫРЫҚБАЙҰЛЫ, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
– Баспагерлер мен кітапхана жүйесі қызметкерлерінің, қаламгерлер мен БАҚ өкілдерінің басын қосып, келелі жиын өткізудегі себебіміз – қордаланған мәселелерді бірлесе шешу. Бір жағынан, бұл өзі көптен бері жоғары деңгейде көтерілмей келе жатқан үлкен проблемалардың бірі еді. Қазіргі кезде кітап шығару және оны таратуға қатысты, авторларға қаламақы беру төңірегінде айтыс-тартыс көп. Бұл ретте, көбіне министрлікке сын айтылып, айып тағылып жатады. Меніңше, кез келген проблемаға біржақты қарауға болмайды. Кітап бір ғана адамның қолынан шығатын дүние емес. Ол қаламгердің өзінен бастап оқырманға жететін аралықта қаншама процестер бар. Міне, сондықтан да біз осы түйткілдерге ақылдаса отырып жауап іздеуіміз қажет. Бүгінгі уақыт шығармашылық адамы мен баспагердің алдына жаңа талаптар қойып отыр. Әуелі баспа ісін дамытып, жетілдірудің заманауи тәсілдері мен мен заңдық механизмдерін игеруіміз керек. Бүгінгі жиында айтылған ұсыныстар мен пікірлерге біз өз тарапымыздан сараптама жасап, ең алдымен, маңызды дейтін мәселелердің тиісінше шешілуіне бар мүмкіндіктерді қарастырамыз. Біз екі жаққа да тиімді, ұтымды пікірлерді аяқсыз қалдырмауға тырысамыз. Отандық баспа ісін алға жылжыту үшін, авторлық құқық пен қаламақы мәселесін бір ретке келтіру үшін біз ең бастысы бұл саланың құқықтық-нормативтік жағын, яғни заңдық нормаларын жетілдіруге тиіспіз. Осы орайда баспагерлердің, кітапхана қызметкерлері мен жекелеген авторлардың нақты ұсыныстары болса, біз ескеруге дайынбыз.
Баспа ісін қайтсек көркейтеміз деп бас қатырған жиын барысында жасалған баяндамалар мен айтылған ойлардан түйгеніміз, бүгінгідей нарық заманында кездесетін түрлі қиындықтарға қарамастан, Қазақстанда баспа саласында кейбір елдермен салыстырғанда, ілгерілеушілік байқалады. Бүгінде елімізде кітап шығару, оны тарату жағын қамтамасыз етіп отыратын бірнеше айтулы бағдарламалар мен жобалар бар. Мысалы, бір ғана «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл сайын қаншама терең мазмұнды әдебиеттер басылып шығуда. Кітап палатасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, өткен 2011 жылы әдебиеттер мемлекеттік тапсырыс бойынша төмендегі бағдарламалар арқылы жарық көрген: «Мәдени мұра», «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту», «Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді шығару». Бағдарламалардың әрқайсысына мемлекет тарапынан және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. 2011 жылы отандық кітаптарды шығаруға мемлекеттен 4 миллиардтан астам қаражат бөлінсе, оның ішінде ҚР Мәдениет министрлігінен 1 млрд 500 млн теңге және ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінен 1 млрд 264 млн 399 мың теңге бөлінген. Бұл енді мәселенің қаражатқа келіп тірелетін тұсының бір көрсеткіші. Ендігі мәселе, таралым жайы. Алайда еліміздегі баспалар арқылы жарық көретін кітаптардың тиражы жалпы оқырман санына бөлгенде тым аз. Қазір жекеменшік, мемлекеттік баспадан да шығатын кітап өнімдерінің орташа таралымы шамамен 2000 дананың айналасында ғана. Бұл ретте тағы да Кітап палатасы келтірген мәліметтерге сүйене кетсек.
Еліміз бойынша:
– 1000 данаға дейінігі таралыммен кітаптардың 49%-ы;
–1000-2000 данаға дейінгі таралыммен кітаптардың 3,2%-ы;
– 2000-5000 данаға дейінгі таралыммен кітаптардың 16,95%-ы;
– 5000-10000 данаға дейінгі таралыммен кітаптардың 6,19%-ы;
– 10000-нан астам таралыммен кітаптардың 17%-ы;
– 100 000-нан астам таралыммен кітаптардың 1,2% - ы ғана жарық көреді.
Бұл талдаулар, негізінен, өткен жылғы шыққан кітаптардың таралымдық топтары бойынша жүргізілген. Осындай көрсеткіштермен біз өзгемен бәсекеге түсе аламыз ба, жоқ па, ол енді қажырлы еңбек пен қажетінше бөлініп отыратын тиісті қаржыға байланысты екені даусыз.
Жанат СЕЙДУМАНОВ, Ұлттық кiтап палатасының директоры:
– Біз ұлттық кітап шығару ісінде мемлекеттік қолдаудың әлемдік тәжірибесіне сүйеніп жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Жапон елдерінде кітап оқу мәдениеті жас ұрпаққа билік тұтқасын ұстағандар мен танымал тұлғалар арқылы сіңіріледі. Кітап шығару, кітап тарату және оқуға қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасы мен заңдарын қабылдау қажет. Сонымен қатар кітап ісінде салықтық жеңілдіктер қарастырылуы керек. Айталық, Еуропалық одақта, Швейцария, Норвегияда баспагерлерге салынатын салық бірнеше рет төмендетілген. Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Францияда баспагерлерге кітап өнімдерін экспорттауда қаржылай көмек көрсетіледі. Көптеген елдер халықаралық кітап көрме-жәрмеңкелері жұмысына баспалар мен жазушылардың қатысуын мемлекеттің өзі тікелей қаржыландырады. Осы орайда баспагерлер мен авторлардың ойында жүрген мәселелерді қорыта келе мынадай ұсыныстарды ортаға салғым келеді:
– ұлттық кітап шығару, кітап тарату және оқу бәсекелестігін арттыру бағдарламасын қабылдау;
– «Кітап ісі туралы» ҚР Заңын әзірлеу және қабылдау;
– ұлттық кітап шығару ісінің бәсекелестігін арттыру мен кәсіби мүдделерді қолдау мақсатында кітап нарығы субъектілерінің «Қазақстан кітап одағы» қоғамдық бірлестігіне бірігуі мен шоғырлануы;
– әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді шығарудың тақырыптық жоспарын қалыптастыру тәртібіне өзгерістер енгізу;
– сараптама кеңесі құрамына кәсіби кітап бірлестіктерінің өкілдерін енгізу;
– ұлттық кітап шығару ісінің жағдайына мониторинг жүргізетін ақпараттық-сараптамалық орталық ретінде ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының материалдық-техникалық базасын нығайту.
Қалай болған күнде де еліміздегі баспа ісіне нақты жоба-жоспар, тиісті заңдық нормалар аудай қажет.
Басқосуда бас көтеріп сөз алған баспагерлер бірнеше проблемаларды талқыға сала отырып, тендер мәселесіне келгенде, таудай кедергілермен кездесетіндіктерін базына ретінде басшылыққа жеткізді. Ведомоство басшылығы баспалар арасында өтетін тендерге қатысты түйткілдерді тиісті орындармен кеңесіп шешуге әрекеттенетіндіктерін жеткізді. Бүгінде біздегі полиграфиялық базаның жетіспеушілігімен байланысты баспа өнімдеріміздің өзіндік бағасы тым жоғары. Сол себепті біздің нарықта да сырттан жеткізілетін кітап өнімдерінің көлемі өсе бастады. Бір ғана Ресейден әкелінетін кітаптар саны еліміздегі баспа өнімдерінен пайыздық жағынан алғанда ара салмағы басым. Бұл, ең әуелі, жас ұрпақты шетелдіктердің түрлі экспансия жасауына даңғыл жол ашып отыр. Бұған тағы ғаламтор арқылы сіңіріліп, таралып отырған әдеби шығармалар мен фильмдерді және ақпараттарды қосыңыз. Егерде біз өзіміздің ұлттық санамыз бен тарихи жадымызды таза күйінде сақтап қалғымыз келсе, кітап ісіне ұлттық идеологиямыздың бір бөлігі деп қарауымыз қажет. Сондықтан баспа ісін нарыққа бейімдей отырып, бірінші кезекте оның ұлтқа тигізетін рухани пайдасын ойлау ләзім. Біз кітапты шығарып, таратып қана қоймай, оны оқудың мәдениетін халықтық дәрежеде насихаттауымыз керек.
Жиынға қатысушы тараптар алдағы уақытта ҚР «Кітап ісі туралы» заң жобасы мен салалық бағдарламаны әзірлеу үшін белсенді топты құрылымдауға, кітап саласының статистикалық жүйесін және кітап өнімдерін таратуды жетілдіру жоспарын түзуге, кітап нарығына кешенді маркетингтік және социологиялық зерттеулерді жүйелі жүргізуге және отандық кітапты насихаттау шараларын ұйымдастыруға белсенді кірісуге уағдаласып тарасты.