Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатынан үзінділердің қазақша аудармасы жарияланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатынан үзінділерін ұсынамыз.
–Әділдікті ту еткен Жаңа Қазақстан құрғыңыз келетінін талай рет айттыңыз. Өзіңіздің ел басқару философияңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Жалпы, Қазақстанды қай бағытта дамытқыңыз келеді?
– Мен елімнің Еуразия құрлығында жүріп жатқан үдерістердің ортасында болғанын қалаймын. Қазақстан әлемнің осы бөлігіндегі сауда жолдары мен халықаралық қатынастарды реттеуде аса маңызды рөл атқарады. Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Сол себепті елімді экономикасы дамыған, озық елдердің қатарына қосу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Қазақстан осындай сыртқы саясат ұстанса, табысқа жетеді. Бейбітшілікті жақтау, барлық елмен тиімді достық қатынаста болу біздің тарихи тағдырымызға жазылған. Ең алдымен, көршілес елдермен арадағы достығымызға баса мән береміз. Бұл ретте Қытай аса маңызды рөл атқарады.
– Енді әңгімемізді Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастар мәселесіне қарай бұрайық. Қарым-қатынастарды екі тарап та тұрақты әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік ретінде сипаттайды. Негізі, бұл – Қытайдың сыртқы саясатында ерекше жағдай. Осы терминнің қалыптасуына өз үлесіңізді қосқаныңызды білемін. Жалпы, Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатында Қытайдың орны қандай?
– Қытай біздің сыртқы саясатымызда аса маңызды рөл атқарады. 2019 жылы қыркүйек айында мен Қытайға мемлекеттік сапармен бардым. Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен нәтижелі келіссөз жүргіздік. Халықтарымыздың ынтымақтастығын нығайту үшін екі жаққа да тиімді саясат жүргізу жөнінде уағдаластық. Демек, біз екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті, мәңгі достықты нығайта түсуіміз керек. Бұл қазақ халқының мүддесіне, нақтырақ айтқанда, ұзақмерзімді мүддесіне толық сай келеді. Мен осындай саясатты берік ұстануға ниеттімін. Жақын көршіміз – Қытаймен арадағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екені сөзсіз.
– Қытай мен Орталық Азия елдері бір-бірімен жақындаса түсті деген пікірлер бар. Осыған байланысты не айтасыз? Осындай геосаяси тепе-теңдік жағдайында елдердің жақындай түсуіне алаңдаушылық білдірушілер де жоқ емес.
– Бұл жөнінде ешқандай күмәнді пікір болмауға тиіс. Себебі біздің ниетіміз – түзу әрі шынайы. Қытай экономикасы әлемде екінші орында тұр. Сондықтан Қытайдың атқаратын рөлі жоғары және сіздің еліңізбен жақсы қарым-қатынаста боламыз.
Жалпы, екіжақты экономикалық қатынастарды алдағы уақытта қалай дамытқыңыз келеді?
– Экономикалық ынтымақтастық саласында керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ біз алға қарай жылжуымыз керек. Сондықтан мен Қытай өркениетінің бесігі саналатын Сиань қаласына жасайтын алдағы сапарымнан үмітім мол. Бізге жаңа келісімдер, жаңа мәмілелер қажет. Себебі біз бір орында қалып, нәтиже күтіп отырмауымыз керек. Осынау күрделі әлемде экономикалық байланыстарымызды нығайтуға күш салуға тиіспіз. Мен екі ел жастарының ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасын дамытуға ниеттімін. Жас буын бірін-бірі жақсы білуі қажет.
– Былтыр қаңтар айында бейнебайланыс форматында Қытай және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті өтті. Содан кейін ақпанда Орталық Азияның төрт мемлекетінің басшысымен бірге Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуына қатыстыңыз. Биыл мамыр айында «Қытай – Орталық Азия» саммиті өтеді. Қытай мен Орталық Азия бір-біріне тек экономикалық жағынан ғана емес, стратегиялық тұрғыдан да жақындай түскенін байқайсыз ба? Нақтырақ айтқанда, сіз тұңғыш «Қытай – Орталық Азия» саммитінен не күтесіз?
– Сиань саммиті нәтижелі болады деп үміттенемін. Қытай біздің аймақта, яғни Орталық Азияда өте маңызды рөл атқарады. Бұлай болуы заңды да. Орталық Азия елдеріндегі әріптестерім Қытаймен арадағы қатынас бізге тиімді екеніне келіседі деп ойлаймын. Осы ынтымақтастықты ілгерілетуге біз де бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.
– Тайвань туралы айтсақ, бұл – өзекті мәселе. Шын мәнінде, Сіз жақында территориялық тұтастықты сақтау барлық ел үшін маңызды екенін айттыңыз. Жалпы, Сіз бұл пікірді бірнеше рет қайталадыңыз. Таяуда Тайваньның тәуелсіздігін мойындау туралы идеяны теріске шығардыңыз. Осы мәселеге тоқталсаңыз....
– Жалпы, бүкіл әлем мына мәселені анық түсінуі керек деп санаймыз. Екі Қытай болмауы керек. Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Демек, БҰҰ Жарғысында бекітілген барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы туралы қағидат мүлтіксіз сақталуға тиіс. Бұл қағидат Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жарғысы мен декларациясына да енгізілді. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, біз үшін Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Бұл анық. Оған ешқандай шүбә келтірмейміз.
– Жаһандық маңызы артып келе жатқан аймақтық ұйымдардың бірі – Шанхай ынтымақтастық ұйымы. Биыл ШЫҰ-ға төрағалық міндетін Қазақстан қабылдап алады. Құбылмалы геосаяси кеңістікте ұйымның рөлін қалай бағалайсыз? Қазақстанның төрағалығы ұйымға не береді?
– Шанхай ынтымақтастық ұйымы – келешегінен көп нәтиже күттіретін, өте ықпалды ұйым екенін дәлелдеді. Ұйым құрылған кезден бастап оған Қытай зор қолдау көрсетіп келеді. ШЫҰ өз қызметін 1996 жылы Шанхайда бастады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде ұйымның жұмысын бастау рәсіміне қатыстым. Яғни, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне құрылған сәттен бастап атсалысқанымды мақтан тұтамын. Әрине, Қазақстан ұйымның келешек төрағасы және осы ұйымға мүше елдер саммитін ұйымдастырушы мемлекет ретінде ШЫҰ-ның әлеуетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұған дейін айтқанымдай, бұл ұйым – әлемде өте танымал әрі ықпалды.