Соңғы жылдары жұмыс орындарында жарақат алу, қайғылы жағдайға душар болу фактілерінің жиілеп кетуі кімді болса да алаңдатпай қоймас. Өйткені мұндай жағдаймен кез келген адам бетпе-бет келуі мүмкін. Өкінішке қарай, жұмыс орындарында орын алып жатқан қайғылы жағдай үшін жауапқа тартылып жатқан жұмыс берушіні кезіктіру қиын. Қандай жағдай болсын қарапайым жұмысшы кінәлі болып шығады. Қашан да басшылардың жауабы біреу – жұмысшы техникалық қауіпсіздікті сақтамаған.
Қазақстанда жыл сайын жұмыс орнында әртүрлі төтенше оқиға салдарынан жарақат алатындар мен қазаға тап болатындар саны 2 мыңнан асып жығылады екен. Ресми деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ғана жұмыс орнында 470 адам төтенше оқиғаға душар болып, оның ішінде 51 оқиға адам өлімімен аяқталған. Дәл осылай кете берер болса, жыл соңында 200 отбасы қара жамылуы мүмкін. Айдың күні аманда отбасын асыраймын деп өлім құшып жатқандар үшін кім жауапты болуы тиіс?
Алайда төтенше оқиғаларға байланысты бірде-бір басшының қатаң жазаға тартылғаны жайлы дерек жоқ. Тіпті кейбір тапқыр басшылар төтенше оқиғаға тап болған жұмысшыны оқиға орын алған күннен бұрынғы уақытпен жұмыстан босату жайлы бұйрық шығарып, «бұл жұмысшы бізде істемейді, жұмыстан босап кеткен» деп жауапкершіліктен қашу мақсатында осындай қитұрқы әрекетке де барып жатады. Алда-жалда бақылаушы органдар араласа қалса, жұмыс беруші қаза болған жұмысшының отбасына мардымсыз көмек беруден әріге аспайды. Мұндай жағдайларда жұмысшының құқығын қорғап, құрақ ұшып жүрген жауапты орган да жоқ. Бір кездері жұмысшының құқығын қорғайтын кәсіподақ бүгінгі күні жұмыс берушіге тәуелді болып, соның ығынан шыға алмайды.
Еңбек инспекциясы да қауқарсыз. Тек кей жағдайда іске прокуратура қызметкерлері араласып, іс сотқа жетіп, жұмысшыға өтемақы өндіріліп беріледі. Ал басшылар болса, тек әкімшілік жазамен құтылып кете барады. Осындай жауапсыздықтың салдары ма, әйтеуір жұмыс орындарындағы төтенше оқиғалар тыйылар емес.
Қасымбек ОМАРШАЕВ, заңгер:
– Жалпы, біздің қоғамда көп жағдайда заң талаптары орындала бермейді. Мұндай келеңсіздік барлық салада бар. Біздің халық та заңды жолды емес, алдымен заңды айналып өту жолдарын ойластырады. Не шаруа болсын, таныс арқылы шешуге үйренген. Өз танысы болмаса, сол жерде танысы бар өзге адамды іздейді. Сөйтіп, таныс арқылы жұмысқа барған соң, талап та қоя алмайды. «Жұмысшылардың өмірін сақтандыру туралы» заң талабы бар, алайда орындалмайды. Өйткені оны талап ететіндер жоқтың қасы. Сонан соң біздің халықта «жоғарыдағылар шешу керек» деген сана қалыптасқан. Осындай санадан арылуымыз керек. Мемлекет заң шығарды. Ал оны талап ету – әрбір азаматтың құқығы, міндеті. Егер әр азамат өз құқығын талап етпей, «жоғары жақ шешсін» деп қарап отырар болса, онда ештеңе өзгермейді. Заңсыздықтармен халық болып күресуіміз қажет. Егер жұмысқа келген әрбір азамат өмірін сақтандыруды талап етсе, жұмыс беруші қайда барады?! Еріксіз көнеді. Сондықтан әр азамат өз құқығын білуі, талап етуі тиіс.
Бүгінгі таңда заң бойынша жұмысшылар әлеуметтік жағынан үшжақты қорғалған. Бірінші, мүгедектік және асыраушысынан айырылуына байланысты тағайындалатын мемлекеттік базалық жәрдемақы; екінші, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін өтемақы; үшінші, жұмыс беруші мекеме тарапынан жұмысшының өмірін сақтандыру бойынша төленетін өтемақы.
Мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы мен өтемақының төленеріне күмән жоқ. Алайда жұмыс беруші тарапынан жұмысшының өмірін сақтандыру бойынша төленетін өтемақыға қол жеткізу қиын. Өйткені қазақстандық жұмыс берушілер жұмысшыларының өмірін сақтандыруға құлықты емес. Жұмысшының еңбек күшін пайдалануды жақсы меңгерген де, оның өмірін сақтандыруды ұмыт қалдырған. Ол үшін шығын шығарғысы келмейді. Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша жұмысшыларын төтенше жағдайлардан сақтандыратын жұмыс берушілер 50 пайызға да жетпейтін көрінеді. Нәтижесінде жұмысшының өмірі сақтандырылмағандықтан, төтенше жағдай орын алғанда, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында мәселе туындап, іс сотқа жетіп жатады.
Сондықтан да төтенше оқиғаға тап болған жұмысшыларға өтемақы төлеу төңірегінде мәселе туындамас үшін жұмыс беруші өз жұмысшыларының өмірін сақтандырып отыруы тиіс. Заңның да талабы – осы. Бірақ бүгінгі таңда заңға құлақ асып отырған жұмыс берушілер аз. Мұндай заң талабының бар екенін жұмысшылар да біле бермейді. Білген күнде де ондай талап қоя алмайды. Өйткені қазіргі уақытта екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздар жетіп-артылады. Соны білген жұмыс берушілер талап қоятындарға «ұнамаса кете бер» деп қолды бір-ақ сілтейді.
Көп жағдайда жауап беру былай тұрсын, керісінше жұмыс беруші жарақат алып, мүгедек болып қалған жұмысшыны кінәлап, оған ақы төлеуден жалтарады. Мүгедек болып қалғандардың көпшілігі сотқа жүгінуге шамасы жетпей, жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. Сонда қарапайым жұмысшының қауіпсіздігі, құқықтары қалай қорғалуы тиіс? Біздің құзырлы органдар төтенше оқиға орын алған соң ғана іске араласады. Ал жұмысқа қабылдар кезде олардың өмірінің сақтандыруын қазірше бақылап отырған ешкім жоқ.
Қарапайым жұмысшының қауіпсіздігі қашан ескеріледі?
Последние статьи автора