Өзіндік қауіпсіздік қызметі полиция қатарындағы жемқорлықпен күреседі
Абай Қайырбеков, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті басқарма бастығының орынбасары:
– Абай Серікұлы, жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлық деген дерт ішкі істер органдарына қатысты да жиі айтылады. Осы жаманаттан құтылу үшін Ішкі істер министрлігі қандай шараларды қолға алып жатыр?
– Сыбайлас жемқорлық мемлекет, қоғам құрылысы үшін қауіпті дерт болғандықтан, онымен күрес те жүйелі жүруі тиіс. Сондықтан Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу және ескерту жөнінде ұйымдастырушылық және практикалық іс-шараларды ұдайы негізде жүзеге асыруда. Мәселен, ІІМ құрылымында тек қана ішкі істер министріне ғана бағынатын Өзіндік қауіпсіздік департаменті (ӨҚД) жұмыс істейді. Осыған сәйкес, өңірлік Ішкі істер департаменттерінде және қылмыстық-атқару жүйесінде өзіндік қауіпсіздік департаментіне тікелей бағынатын Өзіндік қауіпсіздік басқармалары бар. Олар өңірлік ішкі істер департаменттерінің басшыларына бағынбайды, бұл полиция қызметкерлерінің құқыққа қарсы іс-әрекеттері туралы азаматтардың шағымдары мен арыздарын қарау кезіндегі олардың тәуелсіздігін, объективтілігін және бейтараптығын білдіреді.
ӨҚД дербес жедел-тергеу бөлініс болып табылады, оның функциясына полиция қызметкерлерінің арасындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және тергеу, сондай-ақ ішкі істер органы қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғау кіреді.
Азаматтардың құқық қорғау қызметтеріне, атап айтқанда, ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту мақсатында біз полиция қызметкерлерінің тарапынан пара алу, алым-салық, жебірлік және басқа да сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау жөнінде ең тиімді және пәрменді шараларды қабылдаудамыз. Ол үшін бірінші кезекте ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2011-2013 жылдарға арналған ведомстволық бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарламаның шеңберінде тек қана ағымдағы жылдың тоғыз айында ІІМ өзіндік қауіпсіздік бөліністері азаматтардың 12 мыңнан астам шағымы мен арызын қарап, олар бойынша 8 мыңға жуық тергеуге дейінгі тексеріс және 2,5 мыңнан астам қызметтік тергеу жүргізді. Бір жарым мыңнан астам жедел-алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылып, кейіннен іске асырылды, олардың материалдары бойынша 248 қылмыстық іс, оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипаттағы 60 қылмыстық іс қозғалды.
– Нақты фактілермен мысалдар келтірсеңіз...
– Ағымдағы жылы наурыздың 24-інде Астана қаласы ІІД ӨҚБ қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін Астана қаласының тұрғынынан 50 мың теңге пара алу фактісі бойынша Астана қаласы ІІД Сарыарқа ауданы ІІБ тергеушісі О.Е. Олжабаевқа қатысты ҚК 311-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Соттың шешімімен О.Е. Олжабаев үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Осы жылдың сәуірінде Қызылорда облысы ІІД ӨҚБ қызметкерлері жол-көлік оқиғасының материалдарын оң шешкені үшін жол-көлік оқиғасының қатысушысынан 40 мың теңге сомасында ақша алу кезінде Қармақшы АІІБ жол полициясы бөлімшесінің бастығы К. Сакташов қылмыс үстінде ұсталды. ҚР ҚК 177-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. К.Сакташов бес жылға бас бостандығынан айырылды. Жалпы, мұндай бірнеше мысалдар келтіруге болады.
Жедел-алдын алу іс-шаралары мен қызметтік тексерістердің нәтижелері бойынша полицейлердің құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды жасауын болдырмау үшін біз тәртіптік ықпал ету шараларын кеңінен қолданудамыз. Ағымдағы жылдың басынан бастап қызметтік міндеттерін тиісті түрде орындамағаны, заңдылықты бұзуға жол бергені үшін еліміз бойынша 19 мыңнан астам полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 480 қызметкер теріс қылықтары бойынша ішкі істер органдарынан қызметтен босатылды.
– Полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттерін байқаған азаматтарға қайда хабарласуға болады?
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы насихаттау шеңберінде Интернет желісінде ІІМ ресми сайтының мүмкіндігі белсенді пайдаланылуда. Сайттың негізгі бетінде ӨҚД мен өңірлік ІІД «сенім телефондары» туралы ақпарат орналастырылған.
Сондай-ақ ІІМ сайтында бірнеше жыл ішінде «Қарбалас желі», «Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау», «Сенім беті» атты бөлімдер жұмыс істейді, онда Интернет желісін пайдаланушылар полиция қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне өздерінің арыздарын қалдыра алады. Сондай-ақ «Мемлекеттік қызметтер тізбесі» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау мәселелері» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы бөлімдер жұмыс істейді, онда азаматтар мемлекеттік қызметтер көрсету саласында қызықтыратын ақпарат ала алады.
Бүгінгі таңда барлық бұқаралық ақпарат құралдары ішкі істер органдарының жұмысын, оның ішінде төтенше оқиғалар мен басқа теріс көріністерді жариялауда. Осыған байланысты осы сәтті пайдалана отырып, егер олар полиция қызметкерлерінің тарапынан болған заңсыз іс-әрекеттерге куә болған жағдайда Астана қаласы Тәуелсіздік даңғылы, 1 мекенжайы бойынша: ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментіне немесе өңірлік Өзіндік қауіпсіздік басқармаларына өтініш жасай алатынын, сондай-ақ ІІМ ӨҚД 8(7172) 72-24-93 телефоны арқылы хабарлай алатынын оқырмандардың назарына жеткізгім келеді.
– Пара алу әрекеттері көбіне жол полициялары тарапынан болып жатады. Яғни, жол ережесін бұзушылар көбіне «кассаға жетпей» есеп айырысып кетеді. Мұндай заңсыздықтарға тосқауыл қою үшін қандай шаралар атқарылуда?
– Ішкі істер министрлігі халыққа қызмет көрсететін және өз жұмысында азаматтармен көп байланыс жасайтын қызметтерде сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесуге ерекше назар аударады.
Жол полицейлерінің жол қозғалысы қатысушыларымен байланыстарын барынша азайту арқылы жол полициясы қатарындағы сыбайлас жемқорлықты жою үшін жол қозғалысы ережелерін бұзған әрекеттерді фотоға және бейнежазбаға түсіру жүйелері енгізілуде. Қазіргі уақытта Астанада және республиканың он екі қаласында ережебұзушылықтарды автоматты тіркеудің 169 құрылғысы пайдаланылып жатса, барлық өңірлерде әкімшілік құқықбұзушылықтарды есепке алу бойынша «Бақылау» ақпараттық жүйесі енгізілді. Ал «Бақылау» жүйесі базасында Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, «Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар төлеу» электрондық қызметі іске асырылды. Бұл халық үшін айыппұлдар төлеуді жеңілдетеді, кезекті азайтады және азаматтардың наразылығын тудырмайды.
– Әкімшілік кедергілер де сыбайлас жемқорлыққа жол ашып жататыны белгілі. Бұл жағы қалай?
– ІІМ ұсынысы бойынша әкімшілік кедергілерді қысқарту шеңберінде лицензия берудің екі түрі (көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ күзет сигнализациясы құралдарын монтаждау, техникалық қызмет көрсету), сондай-ақ рұқсат берудің он түрі алынып тасталды. Қазіргі уақытта рұқсат берудің тағы да 11 түрін алып тастау жоспарлануда. Жалпы қабылданып жатқан кешенді шаралар ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін барынша азайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.