Өзгенің қателігінен алған сабақ – жақсы тәжірибе
Ерке Есілдің сол жағалауына жаңадан қоныс тепкен Медиа орталықта 3 қазан күні еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тілшілер қауымы бас қосты. Басқосу барысында «Әлеуметтік қауіпсіздік және БАҚ» тақырыбы басты назарға алынды. Бүгінгі күні БАҚ өкілдерінің әлеуметтік кикілжіңге көп ұрынатынын сөз бостандығына теліп жүргендер бар. Бірақ осы пікірге қарсы топ тілшілердің сауатсыздығынан көреді бұл жағдайды. Қалай дегенде де, қоғамда екі ұшты пікірдің өмір сүру заңдылығын ескеріп, біз «мынау дұрыс, мынау бұрыс» дей алмаймыз. Бірден айту керек, қордаланған мәселе өте көп.
Мысалы, журналистік этиканың жойылуы, тілшілердің өсек аңдуы, шындықты өтіріктен ажырата алмау, құқықтық нормаларды сақтамау сияқты тілшілер тарапынан кететін қателерден бөлек, еркін ақпарат алмасуды қамтамасыз ете алмау, саяси ойындарға БАҚ-ты құрал етіп пайдалану, ақпарат алаңына іріткі салу секілді жиі жіберілетін қателіктер бұл жиында қызу талқыланды. Ресейден қарайған жан келсе болды, басқосудың барлығын «халықаралық» деп бөркін аспанға ататындар бұл шарада да бой көрсетіп қалды. Өзінің ұстанымын дәлелдеудің орнына біреудің сөзін қостай кететіндер де табылды. Бірақ негізгі көпшілік ынты-шынтымен аталған мәселені әр қырынан таразыға салуға тырысты. Екі күнге созылған медиа форумда тілшілер негізінен мынадай бағыттарда пікір алмасты: «Еңбектегі әлеуметтік кикілжіңдерді шешудегі БАҚ-тың рөлі», «Соңғы уақыттағы әлеуметтік дағдарыс жағдайындағы медианың жұмысы», «Кикілжің кезіндегі БАҚ-тың әлеуметтік-құқықтық жауапкершілігі», «Жастар саясаты және жаңалыққа бейімділікті арттыру». Аталған бағыттардың мағынасын жан-жақты аша түсу үшін жиналған жұрт жеке-жеке тақырыптар төңірегінде ой бөлісті. Әдетте келелі жиынды шер тарқату деп түсінетін біз бұл жолы да ортақ щешімге келе алмадық. Себебі билік өз дегенінен танбайды, ал тілшілер болса өнбес дауды даулайды. Мәселен, бірді-екілі спикер болмаса, жиналған жүзге жуық баспасөз орталықтарының басшылары ұлттық идеология туралы жұмған аузын ашқан жоқ. Ал тілшілер орыстілді, қазақтілді болып топ-топқа бытырап, екеуара бір тақырыптың айналасында гүж-гүж етеді. Бірақ «ұлттық мүдде үшін бір арнаға тоғысайық» деген біреуі жоқ. «Біткен іске сыншы көп» дегендік емес, шындығы солай болды.
Форумның басынан аяғына дейін Жаңаөзен оқиғасы жан-жақты сөз болды. Міне, осы тақырып жақсы ашылды. Кейіс білдірген ағайын да, жүйелі сөздің орнын тапқан билік өкілдері де осы мәселеге келгенде бірлік таныта алды. Шындығында, алдағы келе жатқан 16 желтоқсан күнін қалай атап өтеміз деген ой жиынға жиналғандардың барлығын мазалады. Жаңаөзендегі оқиға кезінде жақындарынан айырылған қандастарымыз бауырларының қазалы күніне ас берсе, басқа халық Тәуелсіздік күнін тойлайды. Әрине, ел болған елдік мұратымыздың бірінші орында тұрары сөзсіз. Осындай екіұдай пікірдің ортасынан қажеттісін тани алу тілшінің кәсіби біліктілігін көрсетеді. Ал ондай білікті мамандар бізде өте көп. Тек олардың қабілетін танытуға мүмкіндік жасайтын білімді басшылар мен сауатты оқырманның қатары сиремесін.
P.S.
Жалпы, форумның жас журналистерге бергені мол. Біреудің қателігінен алған сабақ – керемет тәжірибе. Ал «өз қателігің ешкімге ақыл болмайды» деген қарапайым қағиданы ұғындырды тіс қаққан тілшілер. Сондықтан сауатты жазатын, талғамы жоғары, сөздің төркінін танитын, жұрт көңілін жықпайтын, биліктің берген ақпаратын таразылай алатын, қаламы қарымды әріптестеріміз осындай өзекті ойдың ордасынан өзіне қажеттісін ала алды деген сеніміміз кәміл. Жазар көбейсін, жазғанымызды байыптайтын барша жамағат аман болсын!