Өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден және әр балаға 2 млн теңгеден бөлінеді
Дүйсенбі, 12 маусым күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Кеңес төтенше жағдай кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың баяндауынша, 11 маусым күні кешке жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетіп, өрт негізгі ошақтан оңтүстік бағытта таралған. Атап айтқанда, Талица ауылына қарай қалың түтін жүріп, орманның төменгі жағы өртенген. Елді мекенді қорғау үшін өрт сөндіру техникасы жедел іске қосылып, нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды.
Түнде өртті сөндіру жұмыстары үш бағытта жүрді: оңтүстік, батыс және солтүстік-шығыс. Осының арқасында негізгі ошақ іс жүзінде қоршауға алынды. 12 маусымда таңғы сағат 06:00-ден бастап өрт сөндіру жұмыстары қайта басталды. Қазіргі уақытта 1 530 адам, 320 техника және 14 тікұшақ жұмылдырылған.
Сонымен қатар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қазіргі ахуал және қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады.
Премьер-Министр ТЖ себептерін анықтау және салдарын жою үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылғанын, оның құрамына салалық министрліктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кіргенін атап өтті.
Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды.
Оған қоса Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленетін болады. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.
Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр өрт ошақтарын ерте анықтау, бейнебақылау және мониторинг жүйелерін енгізе отырып, табиғатты қорғау және орман мекемелерін нормативтік материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру қажеттігін атап өтті.