Орталық сайлау комиссиясы Сенат сайлауының алдын ала қорытындыларын жариялады
Орталық сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутаттарын сайлаудың алдын ала қорытындыларын ұсынады, сайланған 20 сенатордың 17-сі ер адам болса, қалған үшеуі әйел, орташа жасы 53,8 жас, сайлаушылардың 90 пайыздан астамы қатысты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Zakon.kz"-ке сілтеме жасап.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров бір мандатқа орташа есеппен 6 үміткерден келгенін, 130 кандидат ұсынылып, соның ішінде 55 кандидат тіркеліп, дауыс беру кезеңінен өткенін мәлімдеді.
Нұрлан Әбдіров, ОСК төрағасы:
– Сенат сайлауында кандидаттардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынды, бұл қазіргі уақытта қоғамда саясатқа белсене қатысуға деген құлшыныс артып отырғанын білдіреді. Өңірлік сайлау комиссияларының мәліметі бойынша, сайлауға 3167 дауыс берушінің 2 904-і немесе 91,7%-ы қатысты. Барлық дауыс беруші "Барлығына қарсы" бағанасын пайдалана алды. Дауыс беру күні сенім білдірілген адамдар, саяси партиялардың және басқа да қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар мен БАҚ ішінен барлығы 235 адам бақылаушы ретінде қатысты.
Сайлау қорытындылары туралы толығырақ ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров хабарлады. Ол Сенат депутаттарын сайлау таңдаушылардың – мәслихат депутаттарының бірлескен отырыстарында өтетінін еске салды.
ОСК мәліметінше, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссияларының дауыстарды санау қорытындылары туралы хаттамалары негізінде сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысын жинағандар сайланған сенаторлар болып саналады:
Абай облысынан – Қайрат Тастекеев, 1967 ж.;
Ақмола облысынан – Талғат Жүнісов, 1963 ж.;
Ақтөбе облысынан – Амангелді Нұғманов, 1967 ж.;
Алматы облысынан – Жанболат Жөргенбаев, 1960 ж.;
Атырау облысынан – Әлібек Нәутиев, 1963 ж.;
Батыс Қазақстан облысынан – Өтеғұлов Арман, 1964 ж.;
Жамбыл облысынан – Сәкен Арубаев, 1976 ж.;
Жетісу облысынан – Амангелді Толамисов, 1977 ж.;
Қарағанды облысынан – Өтешов Серік, 1963 ж.;
Қостанай облысынан – Ғауез Нұрмұхамедов, 1968 ж.;
Қызылорда облысынан – Руслан Рүстемов, 1968 ж.;
Маңғыстау облысынан – Бекбол Орынбасаров, 1971 ж.;
Павлодар облысынан – Ернұр Әйткенов, 1965 ж.;
Солтүстік Қазақстан облысынан – Гүлмира Кәрімова, 1977 ж.;
Түркістан облысынан – Мұрат Қадырбек, 1980 ж.;
Ұлытау облысынан – Советбек Меңдібаев, 1965 ж.;
Шығыс Қазақстан облысынан – Шәкәрім Бектұғыров, 1961 ж.;
Астана қаласынан – Бибігүл Жексенбай, 1971ж.;
Алматы қаласынан – Асанова Жанна, 1975 ж.;
Шымкент қаласынан – Нұрлан Бекназаров, 1964 ж.
Константин Петров, ОСК төрағасының орынбасары:
– Сайланған 20 депутаттың ішінде үш әйел, 17 ер адам, орташа жасы 53,8 жаста, сайланған 20 сенатордың барлығы да қазақтар. Сайланғандардың ішінде Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласынан сайланған Парламент Сенатының қазіргі төрт депутаты, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстарынан облыстық мәслихаттың бес хатшысы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарынан – облыс әкімінің төрт орынбасары, Жамбыл және Түркістан облыстарынан 2 аудан әкімі. Сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың екі қызметкері, бір оқу орнының басшысы, бір облыс әкімдігінің басшысы және бір акционерлік қоғам өкілі бар.