Осы күні қазақтың басындағы өзекті мәселелерді жіпке тізсек, оралман мәселесі соның ең негізгісінің бірі болатыны бек шындық. Тәуелсіздіктен бері тағдыр талайымен төрткіл дүниеге тарыдай шашыраған қазақты түгендеуге кіріскенімізге біраз жыл. Соның арқасында 300 мыңнан астам отбасы атажұртымен қауышыпты, қазақ халқының саны 1 млн-ға жуық еселеніпті. Қуанышты-ақ! Шетел асқан өз ұлтын бауырына тартып жатқан әлемдегі үш елдің біріне айналдық. Қазына қаражатын да ұлғайтып жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, «атқарылған іс аз емес» болса, атқаруға міндеттіміз бұдан да көп. Өйткені олар Отанына оралуға тиіс! Өйткені оралман мәселесі – қазақ мәселесі. Кеше Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының жанындағы Әлеуметтік кеңес кезекті отырысын осы тақырыпқа арнапты. Әйтсе де кеңестің отырысын тақырыпты талқылауға емес, түсінуге талпыныс десе де болатын еді.
Жиын барысында кеңес төрайымы Айткүл Самақова оралмандарға қатысты кешегі күннен жалғасып келген жақсылықтарды ғана емес, бүгінгі кедергілерді де атап шыққан. Мәселен, депутаттың айтуынша, бүгінгі күні оралмандарды жаңа жағдайға бейімдеуде біршама қиындықтар бар. «Ең алдымен, тілдік кедергі. Оралмандардың мемлекеттік және орыс тілдерін үйренуі жеткіліксіз. Баспана салуға, шаруамен айналысуға бөлінетін жерлерге қатысты проблемалар әлі толық шешілген жоқ. Оралманның бәрі бірдей ипотекалық несие алуға төлем қабілеттерін растай алмайды. Жұмысқа орналасуға қатысты оралманның алдынан шығатын қиындықтарды шешу де өзекті. Олардың ел аумағына орналастыру проблемасы да оңтайлы шешуді талап етеді. Өйткені бүгінгі күні оралмандардың 60 пайызы онсыз да айтарлықтай демографиялық қысым туып отырған бес облысқа: Ақмола, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында шоғырланған», — дейді Айткүл Байғазықызы. Әйтсе де оралман мәселесі мұнымен тамам емес. Баспасөзде барынша кең талқыға түсіп жатқан мәселенің бірі болғандықтан, оны көзі қарақтылар өздері де байқап бағар. Әйтсе де алдағы уақытта Отанына оралған, ораламын деген қазақтың жайы қалай болады? Әлеуметтік кеңес отырысының бір діттегені де осы болуға тиісті еді. Алайда ортаға келіп ой айтатын органнан біршама дәрменсіздік байқалатындай. Өйткені, кеңес отырысында негізгі баяндама жасаған Көші-қон комитетінің төрағасы Патрис Нокин мырза да, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Ахметов те жарытып ештеңе айта алмады. Батыл мәлімдеме жасауға Ішкі істерге берілген комитеттің төрағасы штат саны жетпейтінін қайта-қайта алға тартып бақса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзінің құзыретінде оралман мәселесі атымен жоқ екенін анық аңғартатындай. Бірі бұлғақтаса, екіншісі алаңсыздыққа көшкен тәрізді. Ал Әлеуметтік кеңестің ұсынысына келетін болсақ, бұндағы негізгі жаңалық — «Нұрлы көштің» жаңа кезеңін әзірлеу керектігі айтылады. Бұдан бөлек, кеңес ұсыныс ретінде ірі қалалардың айналасына оралмандар араласа қоныстанатын кіші серік қалаларды салу бағдарламасын әзірлеуге, оралмандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы кешенді зерттеу жүргізуге, сондай-ақ Қазақстанда тұруға рұқсатнама алған оралмандар үшін кіру визасын алу рәсімін оңтайландыру туралы мәселеге баса назар аударуға үндейді. Жиын барысында депутаттар оралмандар мәселесіне қатысты екі жауапты органнан келген ресми өкілді біршама сұрақтың астына алып көріп еді. Әйткенмен төрайым Айткүл Самақова қайта-қайта араша түсіп, көп сауал жауапсыз қалды. Бірсыпырасына жазбаша жауаптар жасалатын секілді.
Оралман Қазақстанға келіп, масыл болып отырған жоқ
Уәлихан Қалижан, депутат:
– Отанына оралған қандастарымыздың 5 пайызы ғана зейнет жасында, 51 пайызы — 18-ге дейінгі жасөспірімдер мен жастар. Сондықтан да зиялы қауымның ортасындағы түрлі әңгімені мен түсіне бермеймін. Ондай әңгімеге тыйым салу керек. Тыйым салу үшін жұмыс істеуіміз керек. Өйткені біз оралманның арқасында 64 пайызға жетіп отырмыз. Мына деректі қараңыз: 1996 жылға дейін Қазақстанда табиғи өсім «құлаған» еді. Сол жылдан бері ғана біз іс жүзінде өсімге қол жеткіздік. Ендеше, оралманды Қазақстанға мейлінше көп әкелу керек. Бұл — біздің ұлттық қауіпсіздігімізбен қатар қойылып отырған дүние.
Оралманға жасалған жақсылықтың бәрі толық емес, жартылай ғана
Алдан Смайыл, депутат:
– Бүгін тың ұсыныс естіген емеспін. Бәрі — бұрынғы әңгіме. Оралманға «анадай жақсылық, мынадай жақсылық» дейміз, іс жүзінде бәрі бірдей аяғына жетпей жатыр. Осы тұрғыдан келгенде елімізде индустриялық бағдарлама, оның ішінде жастарға жаңа мамандықты игерту туралы көп әңгімелейміз. Ендеше, осындай жаңа мамандыққа неге шетелдегі қазақтарды тартпаймыз. Бұл маған түсініксіз. «Нұрлы көш» бағдарламасын қайтадан жасау керектігі айтылады. Бұрынғысының қорытындысы нешік, кемшілігін қалай ескереміз? Ең ақыры оралманға толық жағдай жоқ, бәрі жартылай. Ендеше, оралманға қарастырылатын жеңілдіктер мемлекеттік тұрғыдан қайта қаралуы шарт.
Қытайдағы қазақты көшіру қазақты құтқарумен бірдей
Бекболат Тілеухан, депутат:
– 1999 жылы қолданысқа енген Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілердің негізінде Қазақстанда және Қытайда бөлініп-жарылған отбасылардың туыстары өздерінің жеке кепілдігімен құзыретті органның келісімін алу арқылы көрші елдегі отандастарымызды көшіріп әкелуші еді. Сол тәртіп 2006 жылдан бері сап тоқтап қалды. Ал халықаралық пактіге сәйкес, шекараның екі бетінде қалып қалған туыстар бір-бірін еліне шақыруға құқығы бар болатын. Осы халықаралық құжатты біз өзіміздің заңымыз арқылы басып тастаппыз. Бұл қалай? Қытайда 1,5 млн қандас бар. Алып көрші «батыс Қытайды игеру» саясатына үдете кіріскен уақытта сол қандастарды құтқармаса болмайды. Өйткені қытай саясатының жемісі — 13 жасқа дейінгі қазақ баласы бара бара қазақшадан қалып, қытайшаға көшіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда қытайландыру үдерісі керемет қарқын алып барады. Сондықтан да бүгін қимылдамасақ, ертең бәрі кеш болуы мүмкін.
Оралман мәселесі – қазақ мәселесі
Последние статьи автора