Нұрсұлтан Назарбаев: Алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру — өз қолымызда
Құрметті мемлекет және үкімет басшылары,
делегация жетекшілері!
Ханымдар мен мырзалар!
Қазақстан халқы атынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитіне жиналған мәртебелі меймандарды ыстық ықыласпен қарсы алғаныма қуаныштымын.
Тәуелсіздігін таяуда алған мемлекеттердің ішінде Қазақстан тұңғыш рет осы маңызды халықаралық форумды ұйымдастырып отыр.
Мен біздің елімізге сенім білдіргендеріңіз үшін барша әріптестеріме, cіздерге зор алғыс айтамын.
Жоғары мәртебелілер!
Ханымдар мен мырзалар!
Біз сындарлы ақыл-ойдың үстемдігі үшін, біздің халықтарымыздың қауіпсіз болашаққа бірлесе қозғалуын жалғастыру үшін Астанада жиналып отырмыз. Бұл жол осыдан 35 жыл бұрын басталған еді. Бастапқыда Хельсинки процесі ортақеуропалық үйдің «Атлантикадан – Оралға дейін» концепциясына сүйенген болатын. ЕҚЫҰ құрылғаннан кейін еуропалық қауіпсіздік принциптері Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте қалыптасты. Қазір оның үшінші кезеңі басталып отыр. Біз қауіпсіздік пен әріптестіктің жаңа деңгейіне, «Мұхиттан — мұхитқа дейінгі» одан да кең координатасына көшіп отырмыз. Мұнда төрт мұхиттың – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа, Солтүстік мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі шекарада біртұтас қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру туралы сөз болып отыр.
Астана саммиті Ыстамбұлдан кейін 11 жылға үзіліп қалған жоғары деңгейде кездесу дәстүрін қалпына келтіріп отыр. Бұл – ұйымның қайта түлеуінің белгісі. Бүгін біз Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауымдастықтың біртұтас және ажырамас қауіпсіздігінің қалыптасуына бастау беріп отырмыз. Бұл саммит алғаш рет өз Тәуелсіздігіне, негізінен, Хельсинки қорытынды актінің принциптері мен қағидаларының арқасында қол жеткізген жаңа елде өтіп отыр. Бұл жерде мен мемлекеттер мен халықтардың дамудың жолын еркін таңдауға, тәуелсіздік пен террриториялық тұтастыққа деген құқығы жайлы айтып отырмын.
Біз демократияны әлемнің демократия ешқашан болмаған бөлігінде құрып отырмыз. Қазақстандағы тұрақтылық – бұл, ең алдымен, сенімді экономикалық өсу. Біз балғын демократиямыз кедейліктен қорлық көрмеуі үшін алдымен экономиканы дамыттық. 140 этнос пен 46 конфессияның арасындағы толеранттылық, бейбітшілік пен келісім қазақстандық қоғамның мығым іргетасы болып отыр. Біз айрықша институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық. Біз батыс құндылықтары мен шығыс дәстүрінің арасындағы синтезге қол жеткізе алдық.
Біздің халқымыз «қырғиқабақ соғыстың» қатаң салдарын бастан өткерді. Бұл – ең алдымен, Семей полигоны. Оны жабу мен ядролық қарудан бас тарту туралы менің Жарлығым Қазақстанның жалпыеуропалық процеске қосқан бастапқы үлесі болды. Бүгін біз ЕҚЫҰ-дағы әріптестерімізді Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау туралы біздің бастамамызға қосылуға шақырамыз.
Жоғары мәртебелілер!
Ханымдар мен мырзалар!
Бұл саммиттің ерекшелігі – оның Еуропаның географиялық шекарасынан мыңдаған шақырым алыста, Еуразияның жүрегінде өтіп жатқандығында. Біздің көзқарасымызша, бұл, ең алдымен, еуропалық қауіпсіздіктің парадигмасының өзгеріп отырғандығын көрсетеді. ХХІ ғасырдың басында Еуропа құрлығының басты қауіп-қатерлерінің қайнар көздері оның сыртқы аумағында қалыптасып отыр. Ауғанстандағы түйінді мәселеге ЕҚЫҰ-ның 43 мүше-мемлекеті араласуға мәжбүр. Біз Ауғанстанда кешенді реттеу стратегиясын қалыптастыруға, ондағы экономика мен бейбіт өмірді қалпына келтіруге шақырамыз. Қырғызстандағы өткір саяси дағдарыс Орта Азиядағы жаңа кикілжіңдердің катализаторы болуы мүмкін еді. Біз АҚШ, Ресей және басқа да әріптестерімізбен бірлесе отырып, бұл елдегі кикілжіңнің өршу қаупінің алдын алып, тұрақтылықтың орнығуы үшін ЕҚЫҰ-ның барлық құралдарын тиімді пайдалана білдік.
Қазір есірткі тасымалының, заңсыз көші-қонның, адам саудасының және жаппай қырып-жою қаруының таралу қаупінің негізгі көздері – Еуропадан тыс жерде. Еуропаның энергетикалық және экономикалық қауіпсіздігінің көптеген аспектісі әлемнің өзге түкпірлеріндегі жағдайларға тәуелді. Мұны ғаламдық қаржылық-экономикалық дағдарыс та көрсетті.
Еуразиялық қауіпсіздік – бұл метафора емес, бұл — бұлжымас геосаяси нақтылық. Сондықтан да Астанадағы саммит – ғаламдық қауіпсіздік жүйесіндегі ЕҚЫҰ-ның болашағын талдауға жақсы мүмкіндік. Біздің пікірімізше, алдағы онжылдықтағы ЕҚЫҰ-ның басты мақсаты жоспарлы түрде кереғарлықтарды шешу, сенім мен интеграцияны қазіргі мемлекетаралық бірлестіктердің аясын ала отырып нығайту болмақ. «Шығыс-Батыс» желісінде – бұл, бір жағынан, Еуроодақ пен НАТО, екінші жағынан, ЕурАзЭҚ пен ОҚШҰ арасындағы әріптестікті қалыптастыру. Сол арқылы өткен ғасырда қалыптасқан трансатлантикалық интеграцияны үйлесімді түрде трансеуразиялық интеграциямен толықтыруға болады. Осыған орай Қазақстан Ресей мен НАТО арақатынасындағы алға басушылықтарды құптайды. Сондай-ақ Президент Дмитрий Медведевтің еуропалық қауіпсіздік туралы жаңа келіссөздер туралы ұсынысы да назар аударуға тұрарлық.
«Солтүстік-Оңтүстік» желісінде біз ЕҚЫҰ мен бірқатар азиялық интеграциялық құрылымдардың арасында тығыз қарым-қатынас орнату күн тәртібінде тұрған мәселе деп танимыз. Алдымен, бұл – Қазақстанның бастамасымен құрылған АӨСШК-мен байланыс. Қазақстан еуразиялық қауіпсіздіктің байланыс дәнекері болуға дайын. Біз алдағы 2011 жылғы Ислам конференциясы ұйымындағы төрағалығымызды Еуразияның бар кеңістігінде сенімді нығайту үшін пайдалануға ниеттеніп отырмыз. Сонымен қатар біз еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтас келісімі жайындағы мәселені қозғауды қолға алуға шақырамыз.
Құрметті әріптестер!
Бірнеше аптадан кейін біздің еліміз ЕҚЫҰ-дағы төрағалық миссиясын аяқтайды. Біз алдымызға ұйымды дағдарыстан алып шығу мақсатын қойдық. Мен біздің қадамдарымызды әріптестеріміз өз деңгейінде лайықты бағалайды деп сенемін. Ұйымды жаңарту үрдісі – ұзақ перспективаға есептелген біздің ортақ мақсатымыз. Алдағы уақытта ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін барлық елдерді бұл бағыттағы белсенділіктерін бәсеңдетпеуге шақырамын.
ЕҚЫҰ-да гуманитарлық өлшем бойынша демократиялық институттарды, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуда, адамның құқығы мен бостандығының сақталуында үлкен тәжірибе жинақталған. Бұл – біздің дамуымыздың басты шарты.
Сонымен қатар қазіргі күннің қауіп-қатерлері мен басты мәселелеріне лайықты жауап беру үшін ЕҚЫҰ-ның даму процесіне мазмұнды және құрылымдық өзгерістер қажет екендігі байқалып отыр.
Біз ЕҚЫҰ-ның институттары мен аспектілерін кеңейтуді ұсынамыз.
Бірінші. Экономикалық прагматизм – бұл ХХІ ғасырдағы қауіпсіздік жүйелерінің іргетасы. Осы орайда Еуропалық одақтың экономиканы тұрақтандырудағы күш-жігері қолдауға лайық. Үлкен «сегіздік» пен «жиырмалық» ғаламдық қаржы дағдарысын еңсеру мәселелерін талқылап отыр. Бірақ қазірше әлемдік экономика мен қаржы жүйесінің жаңа конфигурациясын таңдау жұмысы баяу жүріп жатыр. Сондықтан да ЕҚЫҰ-ның экономикалық қауіпсіздікті нығайтудағы талпыныстары басымдыққа ие болып, ал қаржылық-экономикалық қауіпсіздік дербес себет сапасында бөлінуі тиіс. Ғаламдық экономика жаңа сапаға ие жаңа әлемдік резервтік валютаны қажет етіп отыр. Бұл мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді.
Сонымен бірге біз ЕҚЫҰ-ның Маастрихт стратегиясын «Маастрихт-плюс» құжатымен толықтыруды ұсынамыз. Онда келісілген валюта-қаржылық саясаттың принциптері, экономикалық ықпалдастық пен интеграция мәселелері көрініс табуы тиіс. ЕҚЫҰ құрылымын энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өзара әрекеттестік жөніндегі кеңеспен толықтыру қажет. Қоршаған ортаны қорғау саласында ЕҚЫҰ-ның экологиялық форумын құру да ұсынылып отыр. Ол Арал теңізінің тартылуы, бұрынғы Семей сынақ алаңын қайта түлету тәрізді бірқатар проблемалардың шешіміне үлес қоса алар еді. Су мәселелерінің құқықтық реттелуі мақсатында қазір су тапшылығын тартып отырған елдер үшін «Су және құқық» бағдарламасын жасау да үлкен мәнге ие.
Екінші. Қарусыздану және қарудың таралмауы саласындағы жаңа келісімдік нормаларды жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру да маңызды. Оның нәтижелі болуы үшін ЕҚЫҰ-ның арнайы форумын құру да тиімді болмақ. Қазақстан трансшекаралық қылмыс, есірткі тасымалы мен заңсыз миграциямен күресуді бір арнаға салу үшін ЕҚЫҰ елдерінің министрлері деңгейінде кеңес құруды ұсынады.
Үшінші. Бүгіндері ЕҚЫҰ кеңістігіндегі сенімсіздік «сызаттары», ең алдымен, жекелеген елдердің ішінде көрініс беруде. Содан кейін ғана ол аймақтық және ғаламдық жағдайға теріс әсерін тигізеді. Мұндай деңгейдегі құбылыстардың қатарына діни құндылықтарды жария түрде аяққа таптауға талпыну және өзге де құбылыстарды жатқызуға болады. Президент Барак Обаманың АҚШ-тың діни толеранттылықты нығайту мәселелеріндегі позициясы туралы Каирдегі сөйлеген сөзі ЕҚЫҰ-ның нақты қадамдарында жалғасын табуы орынды болар еді. Біз конфессияаралық толеранттылық мәселесін жеке өлшем ретінде бөліп қарастыруды ұсынамыз. Бүгінде ашық та сенімді дінаралық диалог қажет. Оны ұйымдастыру үшін ЕҚЫҰ Қазақстанның бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезін пайдалана алады. Біз христиандық пен ислам, иудаизм мен буддизм жауласу үшін емес, бейбітшілік әкелу үшін түскен деп сенеміз. Бірлесе отырып «Жаңа онжылдықтағы толеранттылыққа» құжатын жасауды да ұсынамыз.
Төртінші. Әлемді дүр сілкінткен ғаламдық қаржылық дағдарыс, жергілікті кикілжіңдер және өзге де қатерлер көбінесе күтпеген жерден туындады. Бұл болашақты болжаудың «оптикасы» ақаулы екендігін көрсетеді. ЕҚЫҰ үшін қауіпсіздіктің әртүрлі проблемаларын болжау жөніндегі жұмысты жекелеген өлшем шеңберінде ретке қою пайдалы болар еді деп санаймын. Бастапқы қадам ретінде Астанада орналасатын ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік институтын құруды ұсынамын.
Бесінші. ЕҚҰЫ-ның құрылымдарын оның жауапкершілік аймағында бірқалыпты орналастыру да сенім мен өзара келісімді нығайтуға сеп бола алады. Бұл процестерді валюта-қаржылық, дінаралық және болжау-сараптау өлшемдері бойынша жаңа институттарды қалыптастыруды түрлі елдерде, оның ішінде ЕҚҰЫ-ның азиялық бөлігінде орналастырудан бастауға болады. Біз бұл ұсыныстарды «Корфу процесі» аясында қарастыруды ұсынамыз.
ЕҚҰЫ-ның фундаменталды өзгерулерінің барлық бағыттары ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясында көрініс табады деп сенемін.
Құрметті саммитке қатысушылар!
Бүгін Еуразияның жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың диалогі басталды.
Саммитке ұсынылып отырған «Астана декларациясы» мен іс жоспарының жобалары ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау табады деп сенемін.
Бұл біздің халықтарымыздың қауіпсіздігі мен гүлденуі ісіне қосылған үлкен үлес болар еді.
Алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру – өз қолымызда.
Біздің саммиттің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін.
Назарларыңызға рақмет.