Наурыз мерекесінің түпкі атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерін қайтсек жүйелі жолға қоямыз?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

60 жылдан астам уақыт төл мерекесін жоғалтып алған еліміздің Наурызды қайта тойлай бастағанына да ширек ғасыр уақыт өтіпті. 1988 жылы өлгені қайта тірілгендей болып қуанған қазақ ұлттық нақыштағы жалғыз мейрамын өз деңгейінде атап өтіп жүр ме? Көкейде – сұрақ, көңілде күмән көп. Неге жыл сайын Наурыз мейрамын науқандатып, кейіннен кейіп, барлық шараны сынап, көңіліміз толмай жатады? Себебі біреу-ақ сияқты. Бірізділік жоқ, яғни Наурыздың түпкі атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерінің сақталмауынан бұл мейрамның сыртқы формасын ғана көріп жүрміз.
Жергілікті әкімшіліктердің жыл сайын қай­та­ла­натын сценарийімен өткізілетін Наурыз мей­рамын біз ұлт болып тамашалаймыз. Қа­тыс­пай­мыз, бақылаймыз. Ал белгілі ғалымдарымыз жал­пыұлттық мейрамның бақылаушысы бол­май­тынын, жалпы ел оның қатысушысы бо­ла­тынын айтады. Демек, Наурыз бүгінгідей жал­пылама негізде өтпеуі тиіс. Бір күнге ұлтымыздың барлық құндылығын тықпалап, оны өзімізге де, өзгеге де экспонат сияқты көрсетуге тырысамыз. Шілдехана, тұсаукесер, сүндеттойлардан бас­тап, ат спорты, алтыбақан, ақсүйек ойындарын бірнеше сағаттық жасанды сценарийге сый­ды­рып жібереміз. Сонда қазақ Наурыздан басқа уа­қытта бұл салт-дәстүрлерін ұстанбаған ба? Жыл сайын осы картина көз алдымызға көл­бең­дей бергеннен кейін өзге ұлт өкілдері түгіл, қазақ­тардың өзінде Наурыз осылай өтеді екен деген пікір қалыптаса бастады. Қазақ жастары наурыздың 21-інен басқа күні ақсүйек ойнап, алты­бақан теппеген бе? Осындайда көз алды­мыз­ға Америка құрлығындағы үндістердің бей­ша­ра халі елестейді. Мысалы, Перу деген мем­ле­кетте 24 маусым – үндістер күні. Үндістердің ата-бабасы ұстанған салт-дәстүр осы күні кеңінен көрсетіледі. Баланың кіндігін қалай кескеннен бастап, аңды қалай аулап жегеніне дейін жан-жақты бейнеленеді. Олар – үндіс, біз қазақ демесеңіз, Наурыз күні бізде де сол көрініс айна-қатесіз қайталанады.
Түпкі атрибуттарын ұмыт қал­дыр­ған­дық­тан да, біз ширек ғасыр бойы осылай тойлап келеміз. Мейрамды модер­ни­за­ция­лауды бүгін қолға алмасақ, ертең мұра­жай­лық стильде өткізетін осы күнімізге де зар болып қалуымыз ғажап емес.
Мейрам модернизацияны қажет етеді
Көшпелі қазақтың төл мерекесін бү­гін­де отырықшы елге айналған мем­ле­кет­ке көшіре салу мүмкін емес. Десе де, ғұрып­тық рәсімдерін жаңғырту арқылы этностық емес, жалпыұлттық деңгейге көтеруіміз ке­рек. Наурыз мейрамы десе, көз алдыңызға не елестейді? Ұлттық киім, наурызкөже, киіз үй... Болды! Бұл дегеніміз Наурыздың қарапайым символы жоқтығын көрсетеді. Спорттық жарыстардың өзіндік белгісі, таңбалары бар ғой. Сондықтан Наурызды бірден еске түсіретін, өзге ұлт өкілдері де мойындайтындай ортақ символын қа­лып­тас­тыру қажет. Қолдан жасалған Жаңа жылды еске алғанда шырша мен Аяз ата, Ақшақар елестейді. Ойдан шығарылған кейіп­керлер қалайша соншалықты құді­рет­ке ие болғанын зерделеп, бізге де дайын кейіпкерлерімізді қоғамға сіңдіру қа­жет. Бізде ол жоқ емес. Наурыздың тұ­жы­рымынан туындайтын Көк пен Жердің кейіптері – Қыдыр ата мен Ұмай ананың дайын бейнелері бар. Тағы бір мәселе, жел­­тоқсанның соңғы түнінің мән-мағы­на­сын арттырып тұрған сағат тілінің түнгі 12-ні көрсетуі екені даусыз. Наурыз мей­ра­мы­ның да дәл осындай арнайы уақыты бол­ған. Ырыс таңын қарсы алу деген бол­ған. Қазір бұл – сіреспе сценарийлерден қа­лыс қалып, халық санасынан ұмытылып ба­ра жатқан ғұрып. Ғұрып құрып кетпесін десек, осындай Наурыздың мән-ма­ғы­на­сын арттыратын атрибуттарды заманға сай жаңғырту қажет-ақ.

Мансұр ХАМИТ (фото)

Ел ағаларының Наурызға назы бар...
Нұрлан Өнербай, қоғам қайраткері:
– Елбасының бір сөзінде жыл Нау­рыз мейрамынан басталады дегені  бар. Біз сол сөздің деңгейіне жете ал­май келеміз. Олай дейтінім, жақында бір басылымнан «бізге Наурыз мейрамы ке­рек пе?» деген сыңайдағы мақала оқыдым. Наурыз мейрамы бізде белгілі бір ұлт өкілдерінің ғана мерекесі сияқ­ты. Ал Президент өз сөзінде бұл ме­ре­ке­нің жалпыға ортақ екенін меңзеген еді. Та­биғаттың өлетін кезі болады. Бұл – қыс мезгілі. Ал оның қайта жаңаратын кезі – көктем. Бүкіл табиғатқа жан бітіп, қайта жаңаратын Наурызды біз жаңа жылымыз дейміз. Бірақ оны лайықты деңгейге көтере алмай келе жатқанымыз өкінішті. Неге біз қаңтардағы діни ме­ре­кені жаңа жыл деп қабылдауымыз керек? Балаларды баурап алатын Санта Клаус пен Аяз ата бізде жоқ па? Бізде Қызыр баба, Қыдыр ата деген бар ғой. Неге соларды кейіпкер ретінде ал­мас­қа?! Олар бүкіл әлемге жылылықпен қатар, балаларға сыйлық әкелсе, төл жа­ңа жылымыз бізге қазіргіден де жа­қын бола түсер еді деп ойлаймын.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің ректоры, та­рих ғылымының  докторы, профес­сор:
– Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде Наурызды діни мереке деп есептеп, атеистік мемлекет бұл мейрамды атап өтуге тыйым салды. 70 жылдай бұл мей­рамды атап өтпегендіктен, бізде ұр­пақтың екі буыны Наурызды көрген жоқ. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт­тық мейрамымыз қайтып келгенде Нау­рыз­дың мән-мағынасын терең білетін адамдар жоқ болды. Осылайша, күні бүгінге дейін біз Наурызды жаңа жыл­дың келуі деп емес, науқаншылдыққа ай­налдырып алдық. Наурыз мейрамы кел­се ұлттық киім киіп, киіз үй тіксек, ат шап­тырып, көже ішсек болды деп есеп­тей­міз. Бұрынғы кезде алты ай қыста біріне-бірі қатынай алмай қалғандар Наурызды асыға күтетін болған. Жаңа жыл­дың келуімен ауыл-ауылды аралап, қуаныштарына ортақтасып, қай­ғы­ла­рына көңіл айтқан. Қазіргі кезде Наурыз мерекесінің түпкі атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерін жүйелі жолға қою үшін сезіне білуіміз керек. Ол үшін еңбек ұжымдары бір жылдық есебін шығарып, өткен жылды қорытындыласа деймін. Жаңа жылға жоспарлар құрып, ақылдасатын уақыт. Тіпті әрбір отба­сын­дағы ақсақалдар шетелде жүрген немере-шөберелерін жинап, Наурыз­дың отба­сы­лық мейрамға айналуына үлес қос­қан­да ғана ұлттық мейрам деңгейіне шы­ға­ра аламыз.

Бізден – үш ұсыныс
Киіз үй тігіп, шапан киюді ұлттық мей­рам деп түсініп жүрген бізге сананы жаң­ғыр­ту керек. Мысалы, Түркияда 1925 жы­лы Наурызды атап өтуге тыйым салынды. 66 жыл ұлыстың ұлы күнін тойлай алмаған түріктер 1991 жылдан бері атап өтіп жүр. Мем­лекет басындағы азаматтардың ықы­ла­сы арқасында Түркияда Наурыз ең атаулы мерекелердің біріне айналды. Түпкі атрибуттарын жаңғырта отырып, заманға сай жалпыұлттық мерекеге айналдырды. Бәрі де ерік пен жігердің арқасында екеніне осындай дәлелдер жеткілікті. Осы орайда Наурызды лайықты деңгейде атап өтуге мынадай ұсыныстар білдіреміз.
Біріншіден, мейрамның саяси мәнін арттыра түсуіміз қажет. Ол үшін елдегі жылдық есеп-қисаптардың қорытындысы осы уақытқа лайықтап жасалғаны дұ­рыс. Мысалы, әкімдер мен министрлердің 2011 жыл бойынша қорытынды есебі жел­тоқ­саннан ақпан айына дейін созылды. Одан да ақпан айының басынан наурыздың 20-ларына дейін жүргізсе... Түбі бір түркі жұртының кейінгі жылдары ынтымақ­тас­ты­ғы арта түскені белгілі. Түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесінің сам­миті, Парламенттік ассамблеяның ма­ңызды басқосулары осы уақытта өткі­зілсе, мейрамның да салмағы мығым бола түсетіні анық. Мемлекет басшылары әр жылды әр елде наурыз айында қарсы алып жат­са, халықтар да бір табан жақындай түсері сөзсіз.
Екіншіден, Наурыз кезінде де облыс әкімдері Президент, әкім шыршасы сияқты шараларды кең көлемде атап өткені дұрыс. Егер осылай болса, Президенттің, әкімнің наурызкөжесінен дәм татуға балалар да асы­ғатын еді. Республикалық деңгейдегі мұн­дай шараға қазақ ертегілері кейіп­кер­лері мен Қызыр бабаны енгізсек, жас ұр­пақ­тың санасына оң әсерін тигізбек.
Үшіншіден, әрбір ұлттың тілі мен мә­дениетін сақтауға мүдделілік танытып келе жатқан еліміздің облыс орталықтарында «Дос­тық үйін» салдық. Бұл – ел бірлігін қамта­масыз етіп, одан әрі арттыруға жасал­ған шаралардың бірі. Ұлттық мереке – Наурызды жалпыхалықтық мейрам ету де қиын шаруа емес. Осы арқылы халықты топ­тастыруға мүмкіндік бар. Мысалы, 16 млн 400 мыңнан аса халқымыздың 12 миллионы Наурызды отбасылық деңгейде атап өтеді екен. Осынша халық өзінің төл жаңа жылы деп есептейді. Тек қана от­ба­сы­лықтан мемлекеттік деңгейге көтеруіміз керек сияқты. Бұл жерде қазақтың ұлттық дәстүрінің негізінде Наурызды атап өтудің жалпымемлекеттік стандартты сценарийін дайындау қажет. Сол мейрамды жыл сайын атап өтетін салтанатты Наурыз сарай­ларын Астана мен Алматыдан бастап, облыс орталықтарына дейін салсақ, артық етпейді. Наурыз-сарай бой көтеріп, ел игілігіне қызмет ететін болса, мемлекеттік дең­гейде ресми аталып өтетін ұлық мере­ке­міздің жыл басы ретінде жалпыхалықтық сипат алып кететініне шүбә келтіруге бол­мас.
Қазіргі күнтізбе бойынша, бізде 10 мере­ке бар. Оның екеуі (1-2 және 7 қаңтар) христиан дініне қатысты болса, біреуі – Құрбан айт. Төртеуі – тәуелсіз Қазақ­станның тарихындағы елеулі күндер (16-17 желтоқсан, 30 тамыз, 1 желтоқсан, 6 шілде.) 8 наурыз, 1 және 9 мамыр халық­аралық мейрамдар десек, қазақтың төл мерекесі осы Наурыз ғана екен. Тәуелсіз ел болып, қолымыз аузымызға жеткенде ұлт­тық мерекеге жүрдім-бардым қарауға ұя­латын кез жеткен сияқты.

Түйін
5 мың жылдық тарихы бар мерекені біз емес, бүкіл халықаралық қауымдастық мойындап отыр. Мысалы, БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясына сәйкес, БҰҰ 21 наурызды халықаралық күн ретінде мойындай отырып, Наурызды атап өтетін мем­­лекеттердің ақпараттық, ғылыми тұрғыдан бұл мейрамды әспеттеуіне мүд­делілік танытады. Бүкіл адамзатты ұйытуға мүдделі Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл күнді мойындауы тегін емес. Наурызды тану арқылы халықаралық қауым­дас­тықтың бірлігін нығайту. Ендеше, БҰҰ тәжірибесін жалпыұлттық, мемлекеттік дең­гейде біз де қолдануымыз керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста