Моноқалаларда жұмыссыздық «өршіп» тұр
Бұдан бір жыл бұрын Қазақстанда моноқалаларды дамыту жұмысының қолға алынғаны белгілі. Осыған орай арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданған болатын. Оған «моно» деген қосымшасы бар 27 қала еніп еді. Бүгінгі ресми ақпаратқа сәйкес, бағдарлама аясындағы бірқатар шаралар былтырдан бері атқарылып келгенімен, моноқалаларды дамытудың нақты жұмысы ағымдағы жылдың басында қолға алына бастаған. Осыған орай кеше кезекті мәжілісте жиналған Үкімет мүшелері осы уақытқа дейін атқарылған шараны қарап, өздері үшін негізгі мәселелерді анықтап алды.
Алдымен мемлекеттік бағдарламаға енген 27 моноқаланы атап өтейік, олар – Степногорск, Хромтау, Текелі, Күлсары, Ақсай, Қаратау, Жаңатас, Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск, Абай, Арқалық, Жітіқара, Лисаковск, Рудный, Жаңаөзен, Ақсу, Екібастұз, Зыряновск, Курчатов, Риддер, Серебрянск және Кентау. Міне, бағдарлама аясында нақ осы қалаларды дамытудың бірнеше жолы қарастырылған. Біріншіден, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспарланған болатын. Былайша айтқанда, моноқалада халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті жағдай жасалуы шарт. Ол үшін жергілікті билік апаттық баспананы бұзып, қаңырап тұрған тұрғын-жайларды жөндеп шықпақшы. Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде Жаңатас, Абай және Арқалық қалаларында апаттық тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары басталып та кеткен. Алайда моноқалалардың қазіргі жағдайы мәз емес. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым 70 пайызға тозыпты. Апаттық жағдайда тұрған тұрғын үйлердің басым бөлігі Арқалықта (84,7 пайыз), Абай қаласында (36,7 пайыз), Жаңаөзенде (10,9 пайыз), Қаратауда (8,4 пайыз) және Жаңатаста (7,1 пайыз) орналасқан. Бүгінде осының барлығын жөндеп шығуға қажетті қаржы бар. Дегенмен сол үйлердің бәрін жөндеп шыққаннан кейін ел азаматтары ол жерде тұрып, коммуналдық қызметтерді төлей ала ма? Жоқ. Себебі бүгінде моноқалалардың басым бөлігінде жұмыссыздық мәселесі «өршіп тұр». Соның салдарынан халық өздігімен жұмыс іздеп, нан табуға қаладан жыраққа қарай көшкен. «Шыны керек, моноқалаларда жұмыссыздықтың деңгейі республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары болып тұр. Мәселен, Арқалықта – 9,4 пайыз, Кентауда – 8,7 пайыз, Ақсу қаласында жұмыссыздардың саны 7,9 пайызға жеткен. Бұдан басқа, көптеген моноқалаларда экономикалық белсенді, яғни еңбекке қауқары бар халықтың үштен бір бөлігінен астамы өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың санатына жатады. Осы көрсеткіш жағынан Қаратау (49,7 пайыз), Арқалық (49,3 пайыз), Жітіқара (47 пайыз), Жаңатас (37,1 пайыз) және Құлсары (30,7 пайыз) көш бастап тұр», – дейді вице-министр Қ. Өскенбаев.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасының тағы бір бағыты – экономиканы әртараптандырып, шағын және орта бизнесті дамыту. Дәл осы бағытты іске асырудың арқасында халықты жұмыспен қамтып, тұрақты жалақымен қамтамасыз етуге болады. Ол үшін моноқала әкімдері кем дегенде бір жобаны іске асыруға міндетті. Әрбір жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылуы шарт. Қазіргі кезде жалпы сомасы 600 млрд теңгеге бағаланған 47 жоба бар. Оның барлығы іске асатын болса, 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Алайда бұған жауапты әкімдердің бәрі бірдей тиісті жобаларын бастамағанға ұқсайды. Айталық, бүгінде барлық 47 жобаның ішінен Степногорск, Хромтау, Жезқазған, Арқалық және Екібастұз қалаларында тек 14 жоба пайдалануға берілсе, 32 жобаның құжаттары әлі күнге дайындалып жатыр. Ал Жітіқара және Лисаковск қалаларында қаржыландыру және инвестор іздестіру жұмысы аяқталмай отыр. Сәтбаев, Шахтинск, Рудный және Серебрянск қалаларында да қаржы жетіспеушілігінен төрт жоба тоқтаған. Әкімдер болса, алдымен осы мәселемен айналыспай, апаттық тұрғын үйлермен әлек болып жүргені де жиын барысында сөз болып, Үкімет басшысы Серік Ахметов те осы мәселеге баса назар аударды. «Әкімқаралар, көбінесе инженерлік әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмысымен айналысып жатады. Ал моноқалаларды дамыту бағдарламасының негізгі мәселелеріне көп көңіл бөлмейді. Ол – моноқалалардың экономикасын әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту. Міне, дәл осы мәселелерді шешудің арқасында жаңа жұмыс орындарын ашуға болады. Осының нәтижесінде бюджетке салық та түседі. Бұл ақшаны біз моноқалаларды дамыту жұмысына жұмсаймыз ғой», – дейді С. Ахметов. Осыған орай Премьер-министр өңірлік даму министрлігі мен облыс әкімдеріне моноқалаларды дамыту бағдарламасына тиісті өзгерістерді енгізуді тапсырды.