Молдабек Жанболатұлы: Наурыз мерекесін өткізудің концепциясын жасау керек...
– Молдабек Жанболатұлы, әуелгі сауалымызды Наурыздың шығу тарихынан бастасақ. Парсы ғалымдары Наурызды өздерінің төл мерекесі санайтын пиғылдан ешқашан танған емес. Парсының тарихи риуаяттары Наурызды тойлау миләди жыл санауынан бұрынғы 538 жылмен, яғни Хақамани билігін орнатушы Куруштың Вавилонға шабуыл жасап, оны жеңуімен сәйкестендіреді. Ал біздің ғалымдар көктем мерекесін тойлау түркі даласында 10-13 мың жыл бұрын қалыптасқан деген дәйекті келтіреді. Ұлы Абайдың жазбаларында да бұл мерекенің тамыры тереңде екендігі баяндалады. Наурыз мерекесін зерттеп жүрген этнограф-ғалым ретінде айтыңызшы, осы екі деректің қайсысы көңілге қонымдырақ?
– Халқымыздың жадында «Ұлыстың ұлы күні» деген аяулы түсінік әлмисақтан бар. Шығыс халықтарының аңыз-әпсаналары мен ертегі жырларында да, ауыз әдебиеттерінде де жыл басы, Наурыз тойы, Ұлыс күні жөнінде біріне-бірі ұқсас әңгімелер аз емес. Ол жөнінде Шығыстың ұлы классиктері Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балха, Омар Хаям, Хожа-Хафиз еңбектері арқылы бізге жеткен түсініктер де баршылық. Ал халқымыздың кемеңгер ұлдары ұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаевтар уақытында біршама деректер қалдырған екен.
Соның баршасында Наурыз парсы тіліндегі «жаңа күн» деген сөзден шыққаны айтылатыны рас. Дегенмен ол осы мерекенің өзі ең алғаш сол парсы жұртының туындысы еді дегенді түсіндіре қоймайды. Негіздірек деректерге қарағанда, Наурызды Үндістан, Ирак, Ауған, Бұхара, Түркістан, Кавказ, түркітектес халықтарымен бірге Шығыс славяндары да кеңінен атап өтіп отырған. Христиан дінін қабылдағанға дейін Русьте Жаңа жылды 1 наурызда қарсы алу дәстүрі болыпты. Тіпті ағылшындардың өзі XVIII ғасырдың басына дейін жыл басын 26 наурызға тойлап келген.
Наурыздың тарихына ден қойсақ, оның да адамзат қоғамы мен халықтар тарихы сияқты қилы-қилы тағдыры бар. Ғылыми болжамдар бойынша, бес мың жылдан артық тарихы бар Наурыз әлі терең зерттеліп, астарлы сыры, құпия құдіреті айқындалмаған дүние.
Біздің жыл санауымыздың VII-VIIІ ғасырында тарай бастаған мұсылманшылық Орта Азия елдерінің дәстүрлі дүниетанымына, сенім-пайымына, тұрмыстық сән-салтанатына шектеу жасап, ығыстыра бастады. Қайбір жеңімпаз болмасын, өзінің жеңісін нығайтып, өз идеологиясына үстемдік әперу үшін жергілікті халықтың тілін, мәдениетін, әдебиетін, өнерін, дүниетанымын, әдет-ғұрпын, ұлттық ерекшелігін жоюға тырысатыны белгілі ғой. Ол халықтың тарихын жоққа шығарып, мәдени-тарихи мұраларын талқандап, жер-су атауларын өзгертіп, өсер ұрпақтың жадында өткен ата-бабалары жөнінде құнды деректен ештеме қалдырмауға тырысатыны белгілі. Сондықтан да ұлттың санасына сіңген «Ұлыстың ұлы күні» деген түсінікті діни мейрамға таңу, осымен Наурыз – жыл басы деген түсінікті жою оларға идеологиялық күрестің негізгі мақсаты, жеңісі, нәтижесі болғаны анық.
Ұлы Абай «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз Құрбан айтына айтылады» десе, Ахат Шәкәрімұлы әкесі жөніндегі естелігінде қажының айтқандарынан: «Ескіше 1-мартты қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, ұлысты – Наурыз дегізіп жіберген», – деп бастап, жаңа жыл мерекесінің мәнін, оны өткізуге қойылатын талаптар мен оның табиғатына сай рәсімдерді термелейді.
Халықты ортақ ұлттық ынтымаққа ұйыстырып отырған дүниетаным үлгісін ішінен ірітіп, істі баяулап бастап, аршындап жеңіске жеткен самодержавиялық Ресей саясаткерлерінің ісін, халықтың діни түсінігі мен дүниетанымын, тұрмыстық салты мен ұлттық рухани мұрасына қырғидай тиген коммунистік идеология өзінің шовинистік әрекетін ұлт саясаты деген «қызыл туымен» бүркемелеп бақты. Соның кеселінен Кеңес Одағы деген алып мемлекет өз құрамына кірген қанша халықты тілінен, дінінен, ұлттық ерекшелігінен айырды. Қазақ халқы да тағдырдың бұл тауқыметінен күйзелістің адам айтқысыз зардабын тартып, қаншама қазынасынан айырылып қалды. Соның біреуі Наурыз мерекесін тойлаудың дәстүрлі үлгісі болатын.
– Бір қызығы, ирандық мәдениет шеңберінде өмір сүріп жатқан барлық адамдар дәл осы Наурыз кезінде мейрамдық рәсімдерді орындау арқылы өздерінің кіндігі бір, тамыры байланған жұрт екенін айғақтап, бірліктерін, тұтастықтарын арттыра түседі екен. Бұл рәсім бізге де үлкен ой салса керек-ті. Өйткені түркі жұртының барлығына жуығы осы «Самарқанның көк тасы еритін» күнді ерекше ықыласпен атап өтеді. Алайда әр ұлт өз салт-дәстүрінің шеңберінде ғана тойлап жүр бұл мерекені. Ендеше, неге бізге де осы мерекеде Түркі тұтастығын арттыратын ерекше рәсім қалыптастырмасқа? Мысалы, Наурыз – түркі елдерінің мәдениеттері арасындағы әріптестік орнатуға тамаша мүмкіндік секілді.
– Наурыз қайта оралғанда «өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, жоғалғанымыз табылды» деп қуаныстық. Халқымыздың тұтынуға шектелген тіліне еркіндік тиетін болды, ұлттық әдет-ғұрпымызды, бай тұрмыстық сән-салтанатымызды, дүниетаным, сенім, талғамымызды байырғы қалпына келтіреміз деп ойладық. Әз Наурыз тойы халқымыздың, еліміздің рухани болмысын, мәдениеті мен өнерін түлетіп, ұлттық рухын оятатынына сендік. Қаншама тарих тауқыметін, идеологиялық күрестердің жойқын зілзаласын көтерген Наурыз мерекесін өткізу арқылы ұлтымыздың тұқыртылған дүниетанымын, жүдеулі рухани болмысын, әжуа болған сенімін, бұрмаланып жазылған тарихын жөнге салатын сәт туды деп есептедік.
Алғашқы Әз Наурыз мерекесін өткізудің сындарлы үлгісі бола қойған жоқ. Ашкөзденіп істі қолға алғанға ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрып, рәсімдеріміздің ешқайсысы талғанбай, таңдалмай жай бағдарламасына енгізілді. Дәл сол сәтте ол қажет еді. Бірақ Наурыз тойының өзінің табиғатына сай рәсімдерге көңіл жеткілікті бөлінбей қалды. «Көш жүре түзеледі» деген қазақы кеңпейіл, дарқан көңілмен ширек ғасыр уақыт өте шықты. Наурыз тойы өзге той-томалақтан ешқандай ерекшелігі де, өзгешелігі де шамалы даңғара, дырду қалпында өтіп жүр.
Тіпті сахналанған тұрмыстық салт-дәстүр рәсімдерінің өзі тәрбиелік мәні аз, рухани қуаты әлсіреген, әдеби, сазды, салтанаттылығы да тартымсыз көріністер болып барады. Қазір жүйесіз, мақсатсыз ән-күй, биге айналып келе жатқан Әз Наурыз тойына қанағаттанбаған жұртшылықтың «Наурыз қалай өтуі керек, өзге тойдан ерекшелігі қандай болуы тиіс» деген сияқты талап-тілектері жиі айтылып жүр.
– Рас, Наурызды өз нақышында тойлайтын уақыт жетті. Алайда мерекені өзгеше өткізуге қатысты сіздің нақты ұсынысыңыз бар ма?
– Оған ұсынар үлгілеріміз баршылық. Бірақ қашанда жақсылық пен жаңалық өмірге оңай сіңісіп, қауымды тез баурай қоймайтыны белгілі. Оның үстіне ол рухани қайрат-күшін, ерік-жігер қуатын қажет ететін болғандықтан ауырдың үсті, жеңілдің астымен қалықтап жүруге құмарлар үшін қол болып шықты. Тіпті кейбір тоғышар тоқмейіл басшыларға осы тіршіліктің өзі қанағаттанарлық өмір көрінетін болды.
Сонымен түбі бір түркі тектес халықтар түгілі бір шөкім қазақтың өзі дүниеге, өмірдегі құбылыстарға әр қырынан қараумен келеді. Өзінің рухани байлығының бастау қазынасын танып, бір биікті меже тұтуды үйрене алмай келеді. Әркім өзі шыққан төбесін биік санап, өзі жетектеген тұғырын тұлпарым деп танып жүр. Оның есесіне нағыз асылды тануды, ардақтауды ар санайтын ала-шұбар талғам, сезім орнығуда.
Ақиқатына келсек әлемге жазу үлгісін, ондық жүйедегі санау, сандық таңба нұсқасын шығарып, емдеу, дәрі-дәрмек жасау ғылымын, аспан әлемінің, жалпы, табиғат құбылыстарының заңдылығын ашып, оны өмірде пайдалана білу тәжірибесін қалыптастырған, тас пен темірді, ағаш пен сүйекті, жүн мен теріні өңдеу, ет пен сүттен сан түрлі ас мәзірін өндіруді білген, ғылыми-технологиялық жаңалықтарды өмірге әкелген шығыс жұрты екенін Еуропа енді ғана мойындай бастады емес пе? Ал батыстықтардың рухани өмірдегі салт-дәстүр салтанатындағы Аязата, Қарғаш, Бикеш сияқты қиял-ғажайып кейіпкерлерінің көбінің шыққан тегі – Қызыр баба. Қыс – Әз мырза, Жаз – Үт бикеш екеніне өзіміздің қандастарымыздың таңдана, күдікпен қарайтынына қайран қаламын. Сондай жаңалыққа мойынсынбаған бойкүйездік Наурыз тойының табиғат құдіретімен әділдік, адалдық, теңдік-имандылық қасиеттерді меңзейтін астарлы сырына әлі күнге ден қоюға енжарлық танытып келеді.
Қаны, тегі бір, дәстүр-салты ұқсас, дүниеге сенім, таным, түсінік, түйсігінде өзгешелік жоққа тән түркітектес халықтардың өздерінің сана-сарайының сабақтастығын осы Әз Наурыз мерекесін тойлау арқылы өрістетсе керек-ті. Күн-Ана, кеудесі түкті Жер-Ана, сиынарымыз бір Тәңірі болғандықтан адам баласына да, адамзат қоғамына да қажетті игілік, байлық, рухани қазына қайнары осы ортақтықтан табылары хақ. Ол ұлттық рухымызды оятып, адамгершілік қасиетімізді гүлдендіре түспек.
Өкінішке қарай, жақындасудан гөрі әлі күнге жекеленуге, даралануға ұмтылу тенденциясы тыйылмай келеді. Бірақ сауаты өсіп, санасы жетіле келе ол жарастық табары анық.
– Молдаш аға, осы берекелі мереке жайлы «Наурызнама», «Таным, талғам, тағылым» атты зерттеу кітаптар жаздыңыз. Жалпы, біздің халықтың тіршіліктің тынысы ашылар осы көктем мерекесіне деген көзқарасы, ұғым-түсінігі біржақты болып кеткен сияқты. Жаңа өзіңіз атап өткен киіз үй тігу, сәтті-сәтсіз салт-дәстүр элементтерінен көрініс қою, ас ішу, ат шаптыру... Наурыз мерекесінің дүниетанымдық маңызын ашып беріңізші.
– Наурыздың әдеттегідей саяси, экономикалық тіпті кәсіптік, тарихи жайға мән беру үшін арнайы өткізілетін мерекелерден жөні де, тегі де өзгеше. Ол – ешкімнің ақыл-қайратымен емес, табиғат құбылысының заңдылығымен күн мен түннің теңдік табатын жыл уақытында айналып келіп тұратын сәтке орай өткізілетін мереке. Халқымыз даналықпен табиғаттың осы теңдік, жасару, өсу, түлеу құбылысын өзінің өмірінің мәні ете білген. Бұл күні табиғат пен қоғамдағы, тіпті адам мен адамның арасындағы теңдікті тануды халық даналықпен мұрат тұтқан. Сондықтан теңдік мерекенің негізгі лейтмотиві болған. Оны мерекеде ойнаған ойын, тілеген тілек, айтқан жыр, берген бата, өткізілген рәсімдер мен салтанаттың бәрінде де көңілдің төрінде ұстаған. Бұл талапқа хан да, қара да, бай мен кедей де, кәрі мен жас та мойынсынған.
Қыстың қытымыр ызғары қайтып, қардың көбесі сөгіліп, тоң жібіп, жер бусанып, наурызгүл, сарғалдақтар шешек атып, ағаш бүрленіп, сай-саладан су жүріп, көген басы төл туа бастаған табиғатты ғажайып, жомарт құбылысына орай адам да өз өмірін жаңартуды, түлетуді, тазарту мақсат еткендей. Өткен күндердегі ағаттығы болса еске алып, одан бой тартып, татымсыз мінез, жайсыз қылығына өкінішпен кінә, күнәсін түзеуді, ағайын-туыспен кешірісіп арылуды, қайтарылмаған қарыз, өтелмеген борышынан құтылуды міндет тұтқан. Рухани тазарған.
Табиғаттың тылсым тағылымын түсініп, түлеу, түрлену бақытының бастауы – Наурыз мерекесі деп білген бабаларымыздың кемеңгерлігіне де әлі жете мән бере алмай келеміз.
Наурыз тойын өткізудің сындарлы үлгісі сақталмаған, жоқ екеніне бәріміз де иланамыз. Оны бүгінгі өмір, экономикалық жағдай, рухани қуат, мәдени өсу биігіне сай өткізуді ұйымдастыру қажет-ақ. Ол үшін ғалымдар, журналистер мен жазушылар тарих, этнография, әдебиеттану институттары күш қосып, Наурыздың тарихын зерттеу, оны өткізудің талаптары мен жолдарын, міндеттерін айқындау, арнайы мамандар дайындау ісін жуық арада жүзеге асыруы қажет-ақ.
Наурыздың мәні мен маңызын ашып, оны кеңінен насихаттау, жас ұрпағымыздың санасына сіңіру үшін балабақшасынан, бастауыш сыныптан бастап өткізілетін әңгіме, көрсетілетін мультфильмдерді қолға алу керек. Оны өткізуге мүдделі ұжым, ұйым, адамдардың істейтін шаруасы қазіргі қалыптасқан дағды бойынша наурыз айының ортасынан емес жыл басынан жүрер болса, онда:
1. Келер жылдың мерекесін өткізудің концепциясы айқындалса;
2. Әз Наурыз мерекесін өткізудің бағдарламасына жүлде жарияланса;
3. Әрбір жылдың рәмізіне – эмблемасына жүлде тағайындалып, одан жеңіп шыққан жоба республика бойынша негізге алынса;
4. Әз Наурыз мерекесінің ән, күй, жыр, толғауына жүлде жарияланса;
5. Көсемдеп ат жеккен күміс арба (шана) үлгісіне бәйге жарияланып, Қызыр баба өз нөкерлерімен сол күймеде жүрсе;
6. Ұйқы ашар, селт еткізер сыйлықтары мен наурызкөжеден бастап мереке күндері ұсынылатын ас-дәм, сусын тағамдарға конкурс өткізу дағдыға айналса;
7. Наурыз тілек, наурызбата т.с.с. шығармаларда өткен бәйге жеңімпаздары шығармалары жарияланып, Әз Наурыз мерекесінде арнайы орындалатын болса...
Осы сияқты көпшілікке бағыт-бағдар, жол-жоба болатын шараларды алдын ала мақсаткерлікпен жүзеге асырып, үлкенді-кішілі барлық ұжымда Наурыз мерекесін өткізу талап етілсе.
– Аязатаның түп-төркіні Қызыр бабадан шығады деп қалдыңыз. Қарап отырсақ, әр мейрамның өзінің пірі, қуаныш сыйлар егелері бар. Жаңа жылда Аязатаны балалар қандай асыға күтсе, америкалық Санта Клаус та 1822 жылы жасанды кейіпкерге айналды. Парсы аңыздарында Наурызата ұғымы бар. Ал бізде Қызыр бабаны ұлық тұтамыз. Алайда сол Қызыр бабаның образы, болмысы біздің санамызда толық ашылды ма?
– Әз Наурыз мерекесі – ұлт руханиятының әліппесі, игілік пен ізгіліктің іргетасы, адамға лайық бақыт, қуаныштың беташары деп түсініп, оны ортамызға әкелетін әулие-бабамыз күн нұрының символы – рәмізі – Қызыр бабаны ұлықтай алмасақ, сөзіміз де, ойымыз да бәтуалы болмасы анық.
Халқымыздың жыл атауын алу үшін жаңа атқан таң, шыққан Күннің шапағын бірінші болып көруді тосатын 18 мың ғаламның жан-жануар, аң-құсының ішінен жылдың басы болған тышқанның тапқырлығы сәбилерге сенімді де, қызықты емес пе? Осы үрдісті жалғастырып, бала түгілі ағаның өзін Наурыздың алғашқы күнінің киелі нұрына шомылып, жылдық қуат алып қалуға құштарлығын оятатын мифологиялық әңгімелер баршылық. Бірақ өз асылына танауын шүйіре қарап, өзіміздің бабамыздың шапанын айналдырып киген өзгенің Аязатасына шұлғи қалатын тексіздік кеселінен Қызыр мен Қыдырды шатастырып жүрміз. Қызыр баба – тек Наурыз күнгі таң шапағымен жарыса келеді, ал Қыдыр – жыл он екі айдың кез келген күні табалдырығымызды аттауы ықтимал әулие-бейне.
Халқымыз Қызыр бабаның 22 наурыз күнгі таңғы Күн нұрына бөленіп, көсемдеп жеккен күміс арбамен келетін күміс сақалды баба екенін, оның бейнесі тек Наурыз күнінде ғана адам бейнесінде көрінетінін жадында тұтып, өзі иланбаса да ұрпағының көкейіне құйса екен деп тілеймін.
– Сұхбатымыздың өзегі Наурыз мерекесі болған соң, молшылық асы – наурызкөже жайлы айтпай кетуге болмас. Наурызкөже дайындаудың да әу баста өзіндік қасиеті, ерекшелігі болған. Қазір әркім шамасының жеткенінше түрлі дәмнен көже дайындап ұсынып жүр. Айтыңызшы, жеті дәм – жеті түске негізделген наурызкөженің нақты үлгісін жасауымызға, оны жартылай дайын өнім етіп саудаға шығаруымызға не кедергі?
– Танымдық мәні зор, жұмбақ сыры мол Наурыз мерекесін өткізудің өзіндік шартты рәсімдерінің бәрі наурызкөжені әзірлеу, тоя ішіп, тілек тілеп, ниет қосуда екені белгілі.
Оны кейде тоқ көже, көп көже, қара көже, жақсы көже деп те атап жатады. Бірақ оның бәрінің негізінде жеті түрлі дәмнен, тағамнан жасалған ыстық ас деген ұғым сейілген емес. Қызыр түні пісіріліп, жаңа жылдың таңы алғаш атып, жаңа күннің алғашқы шапағатты нұры бойына құт болып құйылған нәрлі де дәмді асты түрі, түсі, көлемі бірдей жеті ыдыспен тойғанша тарату ғұрпының өзінде ынтымақ-береке сол тай қазанның дәмін татқан адамның бәрінің өміріне серік болады деген сенім, тілек қалыптасқан.
Ынтымақ пен берекені, сыйластық пен туыстықты бар бақыттың бастауы деп ардақтаған халқымыздың дарқандығын танытатын бұл сырт көрініс қана.
Өйткені ол қазанға түскен астың түрі де, саны да жетеуден мол болатыны анық. Оның құрамында Наурызға арнайы сақталған мүшелер де, құрмалдыққа сойылған көк өгіздің мүшелері де, жомарт жандардың таратқан шүлендері де, отау үйлердің қарттарға арнайы әкелген жал-жая, жамбасы да болуы ықтимал.
Бірақ назар қазанға жеті түске баланған жеті түрлі дәмде екеніне, оның жаңа күннің құтын бойына сіңірген қасиетіне аударыла бермейтіні өкінішті. Оның өзі халқымыздың ой мен ұғымға, сенім мен тілекке, сезім мен сырға бай іштілік қасиетін танымайтын жетесіздігіміз деп қорланбаймыз да. Сөздің сырт бейнесі мен ішкі астарындағы мағынасын аңдамай, нені меңзеп неменеге назар аударып, көңіл қою керегін ұға білуіміз керек.
Ендеше, қазанға түскен дәмнің саны емес қасиетті жеті түске балама жеті түрлі тағамның толық болуына назар аударылса керек.
1. Көк – су;
2. Қызыл – ет (соғымнан сақталған сүрі, арнайы сойылған малдың еті, сыбаға, шүлен);
3. Жасыл – дән (жерден өнген жүктелген, бөрттірілген арпа, бидай, тары, күріш);
4. Ақ – сүт (сүттен жасалған тағамдар, сүзілген құрт, қатық, айран);
5. Сары – май (сарымай, тоң май);
6. Қоңыр – талқан (ұн, кеспе);
7. Қара – тұз.
Қашанда астың дәмді, өңді, нәрлі болмағы оның қатығына да, қайнатуына, қосымша қышқылдықтармен ащы-тұщы, хош иісті қоспаларды мөлшерлі пайдалана білуіне байланысты болары белгілі.
Қалай болғанда да, өзінің құнарлылығымен де, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан танымы, сенімі бойынша да жаңа жылдың алғашқы күнінің сәулесі түсіп, құты құйылып, нұры сіңген наурызкөжені қасиетті ас деп білуге, құрметтеуге тиістіміз. Астың бұл құрамын сақтамай перловканы шала қайнатып, айран, қатықты араластырып наурызкөже деп ұлттық асымызды қорлауға жол берілмеу керек. Әрбір адам, азамат «ұлт намысы – өз намысым» деп білетіндей қасиет қонатын мезгіл жетті.
– Қалалы жерлерде наурызкөже тегін берілмейді. Ақшаға сатылады. Қарап отырсақ, бұл Наурыз мерекесінің негізгі мақсатына қайшы келетін тәрізді. Дәл осы күні орындалуы тиіс дәстүр – шүлен тарату емес пе. Демек, елге тегін қызмет көрсету, ас тарату. Күн мен түн, ақ пен қара, бай мен кедей, хан мен қараша тең дәрежеде болатын ұлық мерекеде наурызкөжені сатып беруді тоқтату қажет шығар, бәлкім? Өзімізге білінбегенмен, сырттан келген қонақтарға көже сатып ішу жақсы әсер қалдырмасы анық қой...
– Сұрақ-сауалдың төркініне қарамай сөйлер болсам, Наурыз мерекесінің табиғатына орай теңдікті тану, әділетшілікті мұрат тұту мерекенің тұтас бойына да, ішкі мұрат-мүддесінде де негізгі арқау болуы қажеттігіне әлі жеткілікті мән берілмей келеді-ау.
Ғасырлар шаңына көмілсе де, халқымыздың жадында қалғандай күн мен түн, бай мен кедей, хан мен қараша теңдікті мойындаған Наурыз мерекесінде бүгінгі белгілі лауазым иелері галстугін шешіп, тұғырдан түсіп, жұртшылық ортасында болып, елмен бірге ән айтып, би билеп, көже ішіп, доп қуса несі сөкет? Қайта халық құрметтеген ұлттық мерекені ұлықтау, Ұлыстың ұлы күнінің мән-мағынасын арттыру, өзінің адамгершілік болмысын таныту болмас па еді? Тіпті елдің тыныс-тіршілігін, жүрек қалауын, тамыр соғысын бір сәт болса да танып-білуіне де ыңғайлы емес пе?!
Дәл сол сияқты шүлен таратушылар қазір де бар. Бірақ ол абырой-атақ, мадақ, мақтау үшін емес, таза адами қасиет, наурыз сияқты қауым құрметтеген қасиетті ұғымды ұлағаттауға арналса, сауабы да мол болса керек-ті. Оның ішінде «бай – байға, сай – сайға» емес, шындығында денсаулықтың жоқтығынан, кәріліктің жеткенінен, жәбір-жапа көрген кембағал жандарға жанашырлық жасау ойластырылса нұр үстіне нұр болмақ-ты.
Наурызкөжені тарату, сату әркімнің еркінде болса да, оның ұлттық ас екеніне кір келтірмеу талабы қойылуы қажет. Асылы, қасиетті күні одан түскен пайдадан гөрі сол күнгі елдің ризалығынан алған алғысы ақ пейілді адамның мерейін тасытып, келер күндердегі көп табыс, мол ризығына жол ашатынына сенгені дұрыс-ақ.
– Әр жылдың эмблемасына қатысты айтарыңыз бар ма?
– Жылма-жыл Наурыз тойы қайталанып келгенімен, ол әр жылы жаңа бір атаумен келеді. Наурыздың негізгі рәмізі – наурызгүл, сарғалдақ болғанымен жаңа келген жыл атауына мән беру, назар аудару ерекшелігін тану қажет. Ол дүниетаным көкжиегімізді де кеңейте түсері қақ.
Оның бергі жағында көрші елдердің әрі жылпос, әрі мақсаткер насихатшылары өзінің ұлттық, діни түсінігіне орай түрлі бейнелерді алдын ала қаптатып жібереді. Оған шектеу жасап отырған ешкім жоқ. Сонда келген тышқан ақ тышқан ба, қара тышқан ба, сұр тышқан ба, егеуқұйрық па әйтеуір түрленіп шыға келеді.
Келер жыл тауық па, әтеш пе, дала тауығы ма, әлде құр ма, әйтеуір қаптаған құс немесе ақ қоян, көк қоян, ала қоян тіпті үй қояны да жыл атауына ие болғандай болып шығады. Мұның бәрі иесіз теріні әркім өзіне тартып, қаласа илеп, қаламаса тулақ етіп жатқан тіршілікті танытады емес пе?
Ендеше, өз еліміз үшін жұртымыз құрметтеп, тұшынатын бір белгі, бір нұсқа қажет екенін еріксіз еске салады. Бірақ «ас ішерде ғана қасығын іздемей» елден бұрын түрлі көркемдеу, бейнелеу, әсемдеу үлгілері мен сол рәміз-эмблема, күнпарақ, сапарлама, қалта кітапшасы сияқты кәдесыйлық, ескерткіштерді ертерек шығарып қоюдың мүмкіншілігі бар ғой.
Сайып келгенде, соның бәрі – Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаудың шарасы, елдігімізді танытудың жолы, еркіндігіміздің табысы болмақ.
– Наурыз мерекесін зерттеу барысында тың жаңалықтарға, соны деректерге қол жеткізе алдыңыз ба? Елеусіз қалып кеткен елеулі рәсімдер, дәстүр-жоралғылар бар ма?
– Наурыздың өзінің тарихына, табиғатына сай рәсім үлгілерін жетілдіріп, мифологиялық, ұлттық бейнелер болмысымен молайту қалыптасуға тиіс. Ұлттық өнер түрлері мен оның жанрлық орындаушылық шеберлігін жетілдіру ойын, жарыс, сайыс, өнер бәсекесімен қауым жұртшылық болып ән айтып, би билеп, ойын түрлеріне көпшілік болып қатысу дағдысын қалыптастыруға көңіл бөлінгені жөн.
Наурыз күні орындалуы тиіс елеулі жоралғылар тізімінде – Қызыр түнін өткізу, көкқасқа бұқаны сойып оның қанымен балалардың маңдайына күн таңбасын салу, жаңа күнді қарсы алу, тағзым ету, жаңа жылдық сәлемдесу, Қызыр бабаны қарсы алу, қошамет көрсету, шығарып салу, аластау рәсімін өткізу, шүлен тарату, бел көтеру секілді шаралар бар.
– Молдаш аға, салиқалы сұхбатыңызға рақмет! Ұлыс оң, ақ мол болсын аға!
Наурызда айтар датыңыз
Наурыз мерекесі – табиғат құдіретін тану, табиғаттың бұлжымайтын, құбылмайтын заңдылығына құрмет және табиғат-анаға деген қазақы махаббатты таныту деп білсек керек. Ендеше, оны тойлау да сол тарихи танымдық мәнін жоғалтпаса екен деп ойлаймын. Наурыз мерекесін саясаттандыруға тырыспай тәрбиелік, тәлімдік, тағылымдық, көркемдік, ұлттық мән-мағынасына зер салынса. Наурызкөже, шүлен тарату, өзге де қайырымдылық шаралары мейлінше шынайы жүзеге асса берекелі күннің бет-бейнесін қалыптастырған болар едік.