«Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген даналар ұлағатымен өмір сүрген халқымыз үшін бүгінгі таңда бабаларымыздың қалдырып кеткен рухани мол мұрасын зерттеу ерекше маңызға ие болып отырғандығын қоғамда орын алған келеңсіздіктерден көруге болады.
Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев төмендегідей ой білдіреді: «Біз ел болып шаңырағымызды құрдық, керегемізді кердік, енді ортақ үйіміздің ішін ретке келтірейік». Осы толғамды ойға ала отырып, іргемізді қалаудың сапалы кезеңіне өткендігімізді сезінесің. Аға буын мен өскелең ұрпақ арасындағы ұрпақтық сабақтастықтың әлсіреуі, қазақ халқының бүгінге дейін сақталып келген тарихи-мәдени құндылықтарының тек декларативті мазмұннан аса алмауы, жастардың бойындағы ертеңгі күнге деген сенімділіктен гөрі, қорқыныш пен басқан әр қадамына деген ерік-жігерінің төмендеуі, ер-азаматтың өзінің отбасысы, одан басқа қоғам алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілікті түсінудегі қабілеттілігінің төмендеуі – осының бәрінің зиялы қауымды, қоғамды толғандырмай қоймайтындығы белгілі. Елдің ертеңін толғандырған бұл сұрақ біз үшін де тағдырлы.
АҚШ-тың бетке ұстар тұңғыш мемлекет басшысы Бенджамин Франклиннің «бүгінгі бір күн ертеңгі екі күнге татиды» деген сөзі XVIII ғасырдың бейнесін көрсетсе, ХХІ ғасырда бүгінгі бір күн жеті күнге, мемлекеттің тағдыры үшін онжылдыққа татитын дәреже өлшеміне өтті. Ғалымдардың айтуынша, технологияның дамуы шешім қабылдауда уақыттың наноөлшемін тудырды. Тарих тағдырында нәрестенің жасынан балғын жастық шағына өткен Қазақ елі үшін әр секундтың, әр күннің қаншалықты маңызды екенін осыдан біле беруге болады. Өзімізді әлемдік өркениетте түркілік жолды қалдырып кеткен ұлы бабалардың ұрпағы ретінде тани отырып, тіл, дін, ұлттық сана-сезім, діл секілді катализаторлардың негізінде ұлттың ренессанстық кезеңге өтуінің, яғни ұлттық дамудың белсенді кезеңіне бастау алуымыздың мемлекеттік дәрежеде төрт бағытта: ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік идеология, экономикалық қауіпсіздік пен өндірістік алға жылжу, интеллектуалдық өрлеу мен интеллигентті сана, өркениеттілік кеңістігіндегі өзіндік позицияны қалыптастырғанда ғана еліміздің алдыңғы қатарға шығуына іргетас болып қаланатындығы – ақиқат.
Ертеңгі күнді орта мерзімді және ұзақ мерзімді стратегиялық бағытсыз, тактикалық қадамдарсыз елестету мүмкін емес. Еліміздің 1997 жылы қабылдаған «Қазақстан – 2030» даму стратегиясының бірінші жолы халқымыздың «өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген мақалымен басталған. Тәуелсіз елдігіміздің 20 жылдық кезеңі мемлекеттіліктің негізгі институттары мен құндылықтарын анықтауға арналған кезең болғандығын көрдік. Бірақ мемлекетшіл сананы қалыптастырудың алдыңғы уақыттың негізгі құндылықтарының бірі болуы үшін біз не істеуіміз керек? Осы сұраққа қоғамның әр саласында жүрген азаматтардың барлығының белсенді ой-пікірі мен еңбегі керек. Осыны ескере отырып, мен өзіндік пікірім мен жастарға үн қатуымды білдіргім келеді.
Еліміз 2030 жылы Орта Азияның барысы боламыз деген мақсатта 2020 жылға дейін маңызды құжаттамалық база болатын бірнеше ірі бағдарлама қабылдады. Бірақ қағазда жазылған қара сияның берекесі тек көз көріп, қол ұстаған кезде ғана нәтижесін берері – бесенеден белгілі нәрсе. Осы тұста аталмыш бағыттың бәрі бір ғана нәрсеге, яғни қуатты мемлекетті құруға арналғанын тілейсің. Бірақ оның атқарылуына қоғамымыздың бүкіл тобының атсалысуымен ғана құжаттың көркейген жерлерге, санасы мен рухы өскен халыққа айналары анық. Ендігі кезекте орындаушылардың жауапкершілігін арттыру керектігін баса айтамын.
Шығыс даналығында «адамға абырой әперетін үш іс бар: құмда қазылған құдық, өзенге салынған көпір, жол жағасына отырғызылған саялы ағаш» деген сөз бар. Қазіргі күннің тілімен айтсақ, таза сумен қамтамасыз ету, жол және көлік, коммуникациялар инфрақұрылымын дамыту, қалалар өсіру дегенге саяды. Біз бүгін тек елордамыз Астананың дамуымен ғана емес, әр аймақ өсіп-өркендегенде ғана мақтанышқа лайықты болатындығымызды ұмытпауымыз керек. Осының бәріне қол жеткізу үшін елге деген махаббат, дамуға деген ниет, мақсатты еңбек керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және халқымыздың ардақты азаматтарының еңбегі ертеңгі күнгі жастарға негіз болғанның өзінде, жастар әлеуеті елге, мемлекетке деген махаббатына ұштаспайынша, берері мардымсыз болары анық. Осы тұста жастарға, өскелең ұрпаққа, аға буын өкілдеріне «ісің – сөзіңнің қорғаны, ал сөзің ісіңнің дәлелі болсын» деген ойды айтамын.
Өмір – әділетті құрылым, үндестікпен келіскен ағза тәріздес. Әр қадамың, әр үнің, әр сөзің, әр уақытың, әр ісің үшін тек өзің ғана жауап берумен қатар, үмітіңнің ақталуына ұрпақ алдында жауаптысың. Соны ұмытпау шарт. Кешегі күнге тек тарих арқылы бабаларымызды жауапты десек, бүгінге – біз, ертеңгі күнге сен жауаптысың, өскелең ұрпақ! Тек бұл күннің нәрлісін – ұрпақтың уысында, қасиеттісін – ұрпақтың жүрегінде, берекелісін ұрпақтың қолында қалдыру – бізге парыз.
Қорытындылай келе, еліміздің сапалы дамуы өткенді саралау, бүгінге инвестиция салу, ертеңге сенімді келешек қалдырумен анықталады. Құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса, қанаты талатын ата-бабамыздан қалған ұланғайыр ұлы далаға, дархан кеңістікке қалқан болар ұрпақ тәрбиелеу бабалар аманатының орындалып, келер ұрпақтың алдындағы мойнымыздағы ауыр жүктің жеңілдеуімен парапар.
Бұл даланы жұмыр жердің бетінде,
Алла берген қазағымның ниетіне.
Ата жауым кеткен талай тентіреп,
Жете алмастан шегі менен шетіне.
Сол даланы ардақ тұту – арманым,
Арманыма өмірімді арнадым.
Бабаларым ұрпағының бағы үшін,
Қанын шашып, сүтпен сызған аумағын.
Соны ойласам, жүрегімді өрт алар,
Бұл далаға қай құдірет жете алар?!
Отаныма көзі түскен жау болса,
Сүйегімді аттап қана өте алар.
Ту көтеріп намыс атын, ар атын,
Ар мен намыс – менің екі қанатым.
Мені саған жүрексіз деп кім айтты,
Сүйегінен аттаттыра салатын?!
Аттатпаған ақ білектің күшімен,
Тот баспаған ақ найзаның ұшымен,
Асқақтаған өр рухты мысымен,
Сақтап қалған қыран қабақ сұсымен.
Ұлы далам, ұлы бабам, ұлығым,
Ұрпағына дән ғып сепкен ұрығын.
Ту ғып ұстар Тәуелсіздік тұғырын,
Азат елдің Қазақ деген ұлымын!
Бірліктің тоғысар сәті осы кез екенін ұмытпаған жөн.
Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының төрағасы