130-дан астам түрлі ұлт пен ұлыстар мекендеген елімізде халықтар достығы әрқашан кеңінен насихатталып келеді. Бірлігі жарасқан Қазақ еліндегі халықтар достығын, татулығын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында осы бағыттағы түрлі іс-шаралар да білім ордаларында жиі ұйымдастырылады. 1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында Алматы қаласындағы Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектепте халықтар бірлігін насихаттайтын 10 күндік фестиваль өтуде.
Атап айта кетерлік жайт, аталмыш мектеп халықтар достығының жаршысына айналған білім ордасы деуге болады. Соның дәлелі 2005 жылы атақты түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің есімін иеленген мектеп осы уақыт ішінде мемлекетаралық талай іс-шаралардың ұйытқысына айналды. Жақында Қырғызстан, Венгрия ғалымдарының қатысуымен халықаралық конференция өткізген оқу ордасы Венгр Республикасының елшілігімен де тығыз байланыс орнатқан. Тізе берсе, аталмыш білім ордасында халықаралық деңгейдегі, ұлттар достығын насихаттайтын іс-шаралар қатары өте көп.
Оқу ордасында халықтар достығының кеңінен насихатталуының арқасында бүгінде қазақ тілінде білім алып жүрген өзге ұлт өкілдері де көп-ақ. Бұл мектептегі халықтар достығының жиі насихатталуымен қатар, барлық ұлттың балаларын бір шаңырақтың астына жиып, бәрін бір үйдің балаларындай тәрбиелеп жатқан мектеп басшылығының бүгінгі күні беріп отырған тәрбиесін анық байқауға болады. Тіпті №154 жалпы білім беретін мектеп аралас мектеп екеніне қарамастан, қазақ тілін ана тіліндей меңгерген бүлдіршіндердің де жиі кездесуі – мектептегі білім мен тәрбиенің қатар беріліп жатқанының жемісі.
Аталмыш мектеп 1 Мамыр – Қазақстан Халықтарының бірлігі күні қарсаңында да осы бағытынан жаңылмапты. 10 күндік фестиваль барысында «Бірлік түбі – береке», «Ынтымақ – достық кепілі», «Қазақстан – көпұлтты мемлекеттің Отаны» секілді сыныптарда ашық сабақтар өткізілсе, «Татулық пен келісім – бауырластық белгісі» тақырыбында спорттық жарыстар ұйымдастырылған. Сондай-ақ «Бірлігіміз жарасқан Қазақ елі» тақырыбында конференция ұйымдастырылып, «1 Мамыр – халықтар достығы» тақырыбында ұйымдастырылған сурет көрмесі де халықтар достығын насихаттайды. Фестивальдың 6-күніне орай ұйымдастырылған «Қазақстан – достық мекені» іс-шарасында бастауыш сынып оқушылары қазақ, орыс, украин, тәжік, түрік, қырғыз ұлттарының киімін киіп, сол ұлттардың тілінде сөйлеп, өлеңін айтып, биін билеп, тіпті әрбір ұлттың ұлттық тағамдарын да жасап, жиналғандарды тәнті етті. Ата-аналар да: «Мектеп қабырғасында ұйымдастырылатын мұндай іс-шаралардың болашақ ұрпақтың тәрбиесіне берері мол», – дейді. Сондай-ақ білім ордасында ұйымдастырылып жатқан 10 күндік фестивальға орай мектеп кітапханасында «Қазақстандағы ұлтаралық келісім» тақырыбында арнайы кітапхана мүйісі де жасалған. Фестиваль оқушылар арасында ұйымдастырылатын «Ынтымағы жарасқан тәуелсіз ел» тақырыбында ең үздік шығарма иелерін анықтау байқауымен қорытындыланады деп күтілуде.
Қаламқас АЛМАСБАЕВА, Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін аралас мектептің директоры:
– Мектебіміз көпұлтты. Оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да бірнеше ұлттан құралған. Сондықтан ұлттар достығын насихаттайтын іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, мектебіміздегі барлық ұлттарды ауызбірлікке үндей отырып, олардың арасында халықтар достығын қалыптастырып, патриоттық тәлім-тәрбиені де бойына қатар сіңіру басты мақсатымыз болып отыр. Алдағы уақытта елімізді көркейтіп, одан әрі дамыту жолында еліміздегі барлық ұлттың өкілдері «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмылса, бұл, ең алдымен, ұлт мерейі екені даусыз. Сондықтан ынтымағы жарасқан елімізде рухы мықты жастарды тәрбиелеп, білім пен тәрбиені қатар сіңіргіміз келеді.
Мектепте ұлттар достығы ұлықталды
Последние статьи автора