2012 жыл мәдениет саласы үшін ерекше жыл. Біріншіден, биылдан бастап Мемлекет басшысының жарлығымен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтетін болды. Екіншіден, Үкімет мәдени-әлеуметтік іс-шараларды арттыруға арналған бесжылдық жоспарды мақұлдады. Оған сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұлттық өнер мен мәдениетті жаңғырту бойынша біраз міндеттер жүктеліп отыр. Кеше министр Дархан Мыңбайдың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде аталған міндеттер тағы бір мәрте сараланып, алдағы жоспарлар жарияланды.
Облыстардың мәдени алмасуы басталады
Шыны керек, қазірдің өзінде министрліктің бастамасымен біраз жұмыстар атқарылды. Елдің еңсесін көтеретін сан алуан рухани кештер ұйымдастырылып, халқымыздың тарихы мен мәдениетіне арналған көптеген еңбектер жарық көрді. Ұлттық өнерді ұлықтаған байқаулардың аясы кеңейді. Мәселен, «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық конкурс биыл бес аталым бойынша өтсе, келесі жылы оған тағы әдебиет, музыка және бейнелеу өнері қосылатын болды. «Осылайша біз өнердің барлық салалары мен жанрларын қамтып, отандық шығармалар жазу жұмысына халықты көптеп тартатын боламыз», – дейді мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев.
Министрліктің бастамасымен келесі жылы қолға алынатын үлкен бір шараны ерекше атап өткен жөн. Ол – облыстардың шығармашылық апталығы. Оның аясында аймақтардың шығармашылық ұжымдары бір-біріне барып, сан алуан мәдени шаралар өткізеді. Негізі, бұл бастама күнделікті шара болып көрінгенмен, оның маңызы зор. Соның арқасында еліміздің батыс, шығыс, оңтүстік және солтүстік өңірлері өзара араласып, бір-бірінің салт-дәстүрлерін жан-жақты тани алады. Шынын айту керек, бүгінде қарапайым үйлену тойын өткізген кезде қазақтың бір-бірімен келісе алмайтыны жасырын емес. Біз болсақ, оның бәрін «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқаға» жаба саламыз. Ал «облыстардың шығармашылық апталығы» сияқты шараның арқасында әр жердің қазағы бір-бірін жақын танитын болса, біздің революцияшыл қырғыз халқының, я болмаса солтүстік пен оңтүстік болып бөлініп, бір-бірін түсінбейтін жағдайға жеткен өзбектердің тағдырынан ада болатынымыз хақ.
Вице-министр А.Бөрібаевтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде шығармашылық апталықтың кестесі әзірленді. Облыстардың өзара мәдени алмасуы барысында концерттер, көрмелер және театрлық қойылымдар міндетті түрде өткізілетін болады. Осының бәрі облыстардың мәдени алмасуын қамтамасыз етіп қана қоймай, ұжымдардың шығармашылық әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Жалпы, министрліктің мәдени іс-шаралардың кешенді жоспарына сәйкес, облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып 70-ке жуық іс-шараны ұйымдастыру жоспарланған. Оның ішінде дәстүрлі фестивальдер, конкурстар, байқаулар, конференциялр, айтыстар, шығармашылық кештер, сондай-ақ жаңа іс-шаралар – Ақтөбе қаласындағы Plein Air Aktobe Халықаралық қылқалам фестивалі, Шымкент қаласындағы «Ұлы Жібек жолы» халықаралық цирк өнері фестивалі, «Өнерім саған – Қазақстан» атты қазақ ұлттық өнерін жетік меңгерген этникалық топтар өкілдерінің республикалық фестивалі, Астана қаласындағы «Қазақстан – достық бесігі» атты тұрақтылық идеялары мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға арналған фотоконкурс, Атырау қаласындағы С.Құсайынов атындағы республикалық қобызшылар конкурсы, Семей қаласындағы «Ағажай-Алтай» атты өнер фестивалі және басқа да бастамалар бар.
Қазақфильм фэнтэзи жанрын қолға алды
Отандық өнер мен мәдениетті насихаттауда киноиндустрияның да орны зор. Осы орайда «Қазақфильм» АҚ-ына үлкен үміт артылып отыр. Вице-министр А.Бөрібаевтың айтуынша, бүгінде аталған мекемеде көркем, деректі, тіпті анимациялық фильмдерді шығару үшін барлық технологиялық жағдай жасалған. Осының арқасында «Қазақфильм» жылына 100 фильм шығара алады. Биыл ол көрсеткіш жеті фильмді құрады. Олар – «Жиде. Тосын махаббат», «Болашақ үшін», «Махаббат алтыбақаны», «Жаужүрек мың бала», «Аңшы бала», «Шал» және «Виртуалды махаббат». Жылдың соңына дейін тағы екі шығарма: «Шежірелер кітабы: Құпия орман», «Ер Төстік және айдаһар» көрермен қауымға жол тартпақ. Айта кеткен жөн, «Шежірелер кітабы: Құпия орман» фильмі алғаш рет фэнтэзи жанрында түсірілді. «Негізі, Қазақстанда кино көретіндер көп. Билеттерді сатудың электронды жүйесі көрсеткендей, бір айдың ішінде 1 млн адам киноға барады. Демек, Қазақстан халқының 7 пайызы ай сайын кинотеатрда болып тұрады. Сондықтан осы салаға ерекше көңіл бөлген жөн. Оған қоса, біздің киномыз әлемдік прокатқа шыға бастады. Мәселен, биылғы Канн кинофестивалінде Қазақстанның екі картинасы – «Жаужүрек мың бала» және «Студентті» халықаралық дистрибьюторлар сатып алды», – дейді вице-министр.
Бұдан басқа, музыка мен театр саласында әлі де біраз шаруаны тындыру қажет. Себебі радио мен театр сахнасында ұлттық нақыштағы шығармалардың аздығы елдің мәдени-рухани дамуына кері әсер етіп отырғаны рас. Кітап шығару ісінде де түйткілді мәселелер көп. Алдағы уақытта министрлік кітап авторларының қаламақысын көтеруді көздеп отыр. Алайда жазылған шығармалардың оқырманға жол тартуы бір ғанибет. Өйткені қоғамдық кітапханалар тым аз. Әсіресе балаларға арналған кітапханалардың азаюы біраз қиындық туғызып отыр.
P.S. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» деген жаңа төсбелгімен марапаттау туралы шешім шығарды. Осы атаққа алғашқылардың бірі болып КСРО Халық әртісі Еркеғали Рахмадиев, Парламент депутаты Мұрат Ахмадиев, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс драма театрының директоры Юрий Якушев, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омаров, Көкшетау қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Айгүл Сәбитова, Астана қаласы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қанат Төкесбай ие болды. Бұл да еліміздің өнері мен мәдениетін жаңғыртуға өз септігін тигізеді деген сенім мол.