Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады

Мансұр ХАМИТ (фото)

Былтыр елдегі дүрбелеңнен кейін отау көтерген Дін істері агенттігі де кеше өз алқасын өткізді. Қайрат Лама Шарифтің төрағалығындағы жиынға Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуы еліміз үшін дін мәселесінің аса өзекті болып отырғанын одан сайын аңғартса керек.
Былтырғы жылды қорытқанда, жұртшы­лықтың есіне ең алдымен түрлі оқиғаларды тудырған террористік әрекеттер түсетіні анық. Одан кейінгі кезекте дін ісімен айна­лысатын дербес агенттіктің құрылуы, оның басшылығына араб тілі маманы, кәнігі дипломат Қайрат Лама Шарифтің келгені емес, төрағаның пәрменімен дүрбелең ту­ғызған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң көбірек есте қалатын тәрізді. Шын мәнінде, қоғамды жікке бөлген әлгі заңның өзі халыққа танымал біршама азаматтың бет-бейнесін ашып бергендей еді. Сондықтан да Лама Шариф мырза былтырғы жетістікті саралағанда, айтулы құ­жаттың қабылданғанын алдымен ауызға алғаны айтпаса да түсінікті болды. Төр­ағаның сөзіне сенсек, осы бір заң кон­фес­сияаралық саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру әрекеттеріне тың серпіліс беріпті. Жаңа заңда бұрын болмаған бір­қатар қағидатты ереже бекітіліп, құжаттың әлеуеті қазірдің өзінде айқын біліне бас­таған. Мәселен, заң күшіне енісімен, 579 саны аз діни топтың қызметіне бұрау салынған. Бұл ғана емес, діни бірлестіктердің жалпы санын жүйелеуде де жағымды өз­геріс баршылық. 2011 жылдың қаң­тарында Қазақстанда 4551 діни бірлестік қызмет етсе, қазіргі уақытта олардың саны 3972-ге, яғни 13 пайызға азайды. Бұл да ұйымдардың шекті санын білдірмейді. «Әлгіндей діни бірлестіктер ағымдағы жылдың 25 қазанына дейін қайта тіркеуден өтуге міндетті. Әйтпесе қайта тіркелмеген діни бірлестіктің қызметі сот шешімімен түбегейлі тоқтатылады», – дейді Қайрат мырза Лама Шариф. Сөйтіп, биылдан қалмай елдегі діни бірлестіктер тағы бір сүзіледі. Заңға қайшы келетіндердің әрекетіне толық тоқтам жасалады. Сөз арасында төраға дін мәселесінде үгіт-насихат жұмысының да өзектілігін атап өтті. Осы мақсатта агенттіктің ақпараттық кеңіс­тікті үздіксіз қадағалап отыруға бел буған сыңайы да танылды. Былтырдан бері 1174 интернет-ресурсқа талдау жүргізілген. Нә­тижесінде сот шешімімен діни экстре­мизм­ді насихаттап келген 58 сайтқа құлып салыныпты. Бұл жұмыс алда да жалғаса беретін болады.
Төрағадан соң Ақтөбе мен Жамбыл об­лыстарының департамент басшылары сөз алып, атқарылған іске һәм алдағы мін­детке бойлаған еді. Теріс пиғылды ағым­дардан жапа көргендерге көмек көрсету орта­лықтарының өкілдері де істелген жұмысқа есеп берді. Осының баршасын мұқият тың­даған Мемлекеттік хатшы Мұхтар Абрарұлы агенттіктің алдағы атқарар міндеттеріне маңыз берді. Оның біріншісі һәм бастысы – ұлтаралық келісім мен дінаралық тату­лықты сақтау. «Адамзат дамуының қай ке­зеңін­де болсын дін мәселесі кез келген қоғамдағы, кез келген мемлекеттегі ең басты мәселелердің бірі болып табылады. Қазақстанның бүгінгі саяси тұрақтылығы, экономикалық қарқын­ды дамуы, әлеуметтік жағынан үлкен жетіс­тіктерге жетуінің бар­лығы Тәуелсіздік жылдарында Елбасы орнықтырған ұл­таралық келісім мен дін­аралық татулықтың негізінде жүзеге асып отыр. Ендеше, біздің ең басты құндылығымыз да – осы. Сондықтан да агенттік қызметкер­лерінің алдында тұрған ең басты мәселе Қазақстан халқының негізгі құндылығын одан әрі орнықтыру, одан әрі бекіте түсу болып табылады», – деді М.Құл-Мұхаммед. Екінші басты мәселе – «Діни қызмет және діни бір­лестіктер туралы» Заңда қамтылған әрбір бапты сапалы әрі толық жүзеге асыру. Осы шеңберде діни экстремизммен күреске тоқталған Мемлекеттік хатшы Атырау, Ақ­төбе, Тараз, Алматы қалаларындағы лаң­кестік ылаңның себеп-салдарын әлі де жіті зерделеу қажеттігін атап өтті. Жіберілген кемшілік сабақ болып, алдын алу қамын ойластыру керек. «Үшінші басты мәселе, түрлі діни бірлестіктермен, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқарма­сымен жұмысты жаңа арнаға түсіруге тиіспіз. Өйткені бұл салада да қордаланған пробле­малар баршылық», – деген Мем­лекеттік хатшы агенттік төрағасы айтқан діни бірлестіктерді қайта тіркеу мәселесін қош көретінін аңғартты.
Келесі міндет – діни білім мен тәрбие. «90-жылдары шетелдерде, оның ішінде кейбір күмәнді болып табылатын діни орталықтар мен оқу орындарында көптеген жастарымыз білім алды. Оның кейбірі қазір қоғам арасында жұмыссыз жүрсе, енді бірі біз сынға алып жүрген діни бірлестіктің құрамына еніп, белсенді әрекетке көшкен, мұны ашып айтуымыз керек. Әйтсе де жаңағы шетелдегі «күмәнді» оқу орын­дарын­да білім алған азаматтардың бәрін бірдей баррикаданың арғы бетіне ысыруға еш болмайды. Бұлардың арасында сауаты өте үлкен, ислам дүниесінде беделі басым білім орталықтарында сусындаған жастар да жеткілікті ғой. Сол үшін олардың бар­шасын сыртқа теппей, өз ортамызға тар­тып, сондай азаматтармен ерекше жұ­мыс жүргізу қажет», – деп ескертті Мұхтар Құл-Мұ­хаммед мырза. Сосын Мемлекеттік хатшы әлгіндей жат ағыммен ауып кеткен ауди­тория­мен кездесу өткізуге ниетті екенін жасырмады. «Бүгінгідей форматта болмаса да, басқа жағдайда әңгімелесуге көшуіміз керек. Бұған араб тілін жетік білетін, дипломатияда талай жыл қызмет еткен агенттік төрағасының күш-жігері жететініне сенемін, мен де қолдау білдіремін», – деп қайырды ол.
Ал келешектегі діни білім мен тәрбие мәселесінде Мемлекеттік хатшы Нұр-Мү­бәрак университетінің жұмысын жолға қоюдың маңызы зор екендігін топшылайды. Яғни Нұр-Мүбәракта республика аумағын­дағы мешіттерде қызмет ететін һәм діни білім алғысы келетін жастарды тәрбиелеу керек. «Тәуелсіздік жылдарында елімізде бір­қатар медресе, діни оқу орындары ашылғандығын жақсы білеміз. Тіпті кейбір шетелдегі ұйымдардың белсенді «іскер­лігінің» арқасында жоғары діни оқу орын­дары да ашылды. Бірақ олардың қайсысы қандай тәжірибе жинақтап, халыққа қандай насихат жүргізіп отыр­ғанына белгілі бір кезең аралығында бақылау жасай алмай қалдық. Соның салдарынан бүгін қандай да бір проблема­лармен бетпе-бет келіп отыр­мыз», – деді Мұхтар Абрарұлы. Ендеше, олқылықтың орнын толтырып, келешекке қам жасау үшін Қазақстандағы бірден-бір жетекші ғылыми жоғары оқу орны болып саналатын Нұр-Мүбәрәк университетінің әлеуетін пайдалану қажет. «Бұл оқу нысаны – мемлекетаралық келісім бойынша ел Пар­ламенті ратификациялаған заң аясында, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін үл­кен білім ордасы. Ендеше, біз алдағы уа­қытта діни білім алуға құштар азамат­та­рымызды, әсіресе араб тілі мен мәдениеті, Шығыс философиясы, ислам өркениеті төңірегінде білім алғысы келетін жастарды осы университет арқылы жетілдірсек игі. Онда да оқуды дәстүрлі діни біліммен ұш­тастыруымыз, ислам мекемелерінде қызмет ететін білімді жастарды дәл осы орталықта тәрбиелеуге күш салуымыз керек», – деді Мемлекеттік хатшы.
Сөз соңында Мұхтар Абрарұлы Дін істері агенттігінің алдағы жұмысы өзінің тікелей басты назарында болатынын, сондықтан да әр уақытта қолдан келгенше жәрдемші болып жүретінін жеткізді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста