Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримованың әлеуметтік желідегі әрекеті көпшілік арасында қызу талқыға түсіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде тараған видеода жартылай жалаңаштанған депутат өзіне қарсы пікір жазған қыздарға ескерту жасаған.
"Мекенжайларыңа барып, күйеулеріңнің немесе ұлдарыңның, әкелеріңнің басын айналдырып алып кетемін", - дейді ол видеода.
Бұл видеоны блогерлер әлеуметтік желілерде таратып жатыр.
"Танысып қойыңыздар. Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова. Қыздар, күйеулеріңіз бен әкелеріңізге сақ болыңыздар. Тартып алып кетпесін", - деген Facebook-те рэпер Жан Ахмадиев.
Гүлжайна Даримова - Павлодардағы танымал блогерлердің бірі. Биылғы Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында Павлодар қаласының №8 округінен мажоритарлық жолмен өзін ұсынып, жеңіп шықты. Оның негізгі қарсыласы эколог Дмитрий Демченко болды. Даримованың қарсыласынан 300-дей дауысы басым болды.
Сондай-ақ, БАҚ пен әлеуметтік желіде оның күзде Ресейден мобилизациядан қашып келгендерге мейрамханада ас беріп, дастарқан жайғаны, оның сол ісіне қарсы болған белсенділерді үстінен арыз жазып, қаматып тастағаны туралы бірнеше рет жазылды.
"Көріп жатырмыз. Бұл видеосы - Даримованың сайлауға дейін болған видеосы. Одан кейін мұндай видеоларын көрген жоқпын, сөздері дұрыс. Бұл өзі мінезді қыз болғанымен, жұмысты жақсы істейді. Қамқорлық шараларына көп қатысады", - дейді Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин.
Мәслихат төрағасы Даримованың ісіне қандай шара қолданылатынын айтты.
"Бұл жерде қоғам тарапынан "бұл недеген сұмдық" деп талап болатын болса, сөгіс беріледі, сөгіс беретін құқымыз бар. Егер кінәлі болса қоғамнан кешірім сұрату бар. Оның бәрі көпшілік болып, сессияда шешіледі", - дейді Қобланбек Қожин.
Төраға мәслихат туралы заңда депутаттардың киім үлгісі туралы жазылмағанын жеткізді. Оның сөзінше, кейде нәзікжанды депутаттар сессияға кеуделерін жартылай ашып, ашық-шашық келеді.
Айта кетейік, Павлодар қаласындағы №8 сайлау округінен депутаттыққа түскен Гүлжайна Даримова 1977 жылы туған. Ол - Royal Triumph туристік агенттігінің директоры.
Е.Базарқұл