Конституциялық сот Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жойды
Конституциялық сот 10 қаңтарда Конституцияның 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы № 2 нормативтік қаулысын шығарды. ҚазАқпарат қаулының мәтінін жариялайды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының 2023 жылғы 10 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулысы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Төраға Э.Ә.Азимова, судьялар А.Қ.Ескендіров, Қ.Т.Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашылар - Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьялары С.Ф.Ударцевтің және Б.М.Нұрмұхановтың хабарлауын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибені және жекелеген шет елдердің заңнамасын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық соты анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық сотына 2023 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініші келіп түсті.
Өтініш субъектісі аталған конституциялық норманы түсіндіру кезінде мынадай сұрақтарға жауап беруді сұрайды:
«1. Конституцияның 62-бабы 4-тармағының ережелері конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша қабылданады, Парламенттің Конституция мәтінінде осындай деп аталатын конституциялық заңдарды ғана қабылдауға құқылы екенін білдіре ме?
2. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма?».
Негізгі Заңның қаралып отырған нормасын өтініш нысанасына қатысты түсіндірген кезде Конституциялық сот мынаны негізге алады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағында «конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданады» деп бекітілген.
Конституцияның 92-бабын түсіндіру кезінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы» Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 3 шілдедегі № 16/2 нормативтік қаулысымен Конституция мәтінінде конституциялық деп аталған заңдар түбегейлі анықталмаған делінген.
Конституциялық кеңестің бұл құқықтық ұстанымы өткізілген конституциялық реформаларды ескере отырып, өз маңызын сақтайды.
Конституциялық заңдардың бастапқы ережелері Конституцияның бірқатар нормаларында қарастырылған. Конституциялық нормалар конституциялық заңдардың қабылдануын тікелей ұйғарады (2-баптың 3-1-тармағы, 9-бап, 49-баптың 4-тармағы, 64-баптың 4-тармағы, 71-баптың 6-тармағы, 75-баптың 4-тармағы, 83-баптың 4-тармағы, 83-1-баптың 4-тармағы және басқалар).
Сонымен қатар, негізгі заң олар реттейтін қоғамдық қатынастардың ерекше маңыздылығына байланысты конституциялық заңдардың негізгі ережелерін қамтиды немесе 1995 жылғы Конституция күшіне енген кезде қабылданып қойған осындай заң күші бар актілер негізінде конституциялық заңдар шығару мүмкіндігін бекітеді (3-бап, 41-баптың 1, 2 және 3-1-тармақтары, 91-баптың 1-тармағы, 92-баптың 1-тармағы және басқалар).
2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде (Конституцияның 3-бабының 1-тармағы) өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып (Конституцияның 3-бабының 2-тармағы), Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне ғұмыр бойы мүшелігін, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық Президент болып сайлануға шектеудің қолданылмауын Конституциядан алып тастады (Конституцияның 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумға дейінгі редакциясының 42-бабы 5-тармағының екінші бөлігі, 46-бабының 4-тармағы, 71-бабының 1-тармағы, 91-бабының 2-тармағы).
Бұдан басқа, 2022 жылғы конституциялық реформамен заң шығармашылық процесінің тәртібі өзгертілді және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап конституциялық заңдарды Парламент оның Палаталарының бірлескен отырысында кемінде екі оқылым өткізе отырып, қабылдайды (Конституцияның 53-бабының 1-1) тармақшасы және 62-бабының 6-тармағы).
Конституциялық сот, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының дербестендірілген Конституциялық заңының әрекет етуінің конституциялық-құқықтық негіздерін және Конституциядан Республиканың тұңғыш Президенті туралы басқа да атап өтулерді алып тастаған 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумнан кейін осы Конституциялық заңның қолданыстағы заңнамада сақталуы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңаланған редакциясымен келіспейді, деп пайымдайды.
Заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер, егер олар Республика Конституциясына сәйкес келсе, Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық болып табылады (Негізгі Заңның 4-бабының 1-тармағы). Қазақстан Республикасының Парламенті Республиканың ең жоғары өкілді органы ретінде заң шығару билігін жүзеге асыру кезінде аталған конституциялық талаптың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
Конституциялық сот, нормативтік құқықтық актінің әрекет етуінің конституциялық-құқықтық негіздері тоқтатылған жағдайда, бұл актінің құқықтық тағдыры шешілуі керек, деп есептейді.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 49-бабының 6-тармағын, 55-58, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттары өтінішінің нысанасына қатысты Қазақстан Республикасының Конституциялық соты қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағын конституциялық заңдар Конституцияда тікелей көзделген мәселелер бойынша қабылданады, бірақ бұл Конституция мәтінінде осындай деп аталған конституциялық заңдар онымен түбегейлі анықталған дегенді білдірмейді деп түсіну керек. Осы деңгейдегі заңнамалық актілерден олардың реттеу мәселелері Қазақстан Республикасының Конституциясынан алынып тасталған конституциялық заңдар шығарылып тасталуы тиіс.
2. 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы қазақ және орыс тілдерінде ресми республикалық баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында жариялансын.