Кісілік кілті немесе ой сабақтастығы

Кісілік кілті немесе ой сабақтастығы

«Мал, мақтан, ғизат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады». 
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жайлы әңгіме қоз­ғамақ­қа бел байлаған тұста алдымен ойға оралғаны ұлы ғұлама  Абайдың осы сөзі болды. Байқап қарасақ, шынымен де,  Бе­кең қыр асырмайтын құр мақтау іздеп жүр­ген жоқ, қайта қайда барса да Бекеңнің соңынан ғизат-құрмет өзі еріп  жүретін тәрізді. Даңғаза мақтан мен арзан атақтың қыр соңынан етек-жеңдері далақтап, дел­бегей шауып жүргендерден өзгешелеу Сапарбаевтың көпшіліктен өресі биік, өрісінің кең болып пішілуінің мәні осында жатса керек. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «қиын нүктелерге» қорықпай жіберетін, антына адал, сертіне сенімді, ел жүгін көтерісуге еміреніп иық тіресер серігіне айналдырған да осы адамдық шығар, сірә. Ұлт көшбасшысының адам тани білетін асыл қасиеттері Алаш баласын алға сүйреп келе жатқан жоқ па? Ел Тәуелсіздігін баян­ды етіп, күллі әлемге ынтымағымызды үлгі қылып, Қазақстан халқын жарқын бола­шаққа бастайтын даңғыл жолға түсіргені рас. Кемел басшының көрегендігімен Ота­нымыздың қарыштап дамып келе жатқаны да шындық. Бұл орайда Елбасы сенімді се­рік­терінің  еселі еңбектерін ұмытпайды. Көз көріп, көңіл сенген соң, Шығыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев жайлы бірер сөз ай­туға бел будық.
Шыны керек, Сапарбаев жайлы мей­лін­ше жазылып та, айтылып та жүр. Кей­біреулер ауызекі әңгімеде «Сапарбаев феноменінің сыры неде?» деп жатады. Жауап жетерлік. Бірақ көпшілігі «іскерлік, табандылық, еңбекқорлық» деген тәрізді жауыр болған жаттанды тіркестер. Бұларды да жоққа шығармау керек  шығар. Деген­мен осы қасиеттердің бастау бұлағы, қай­нар көзі қайда? Кісілік келбет, адам­гер­ші­лік қасиет кілтін қайдан тапты? Жалпы, ада­ми болмыстың қыр-сырын  Абайдан артық, Абайдан терең айтып кеткен ғұлама жоқ. Сондықтан өзімді-өзім танысам, өзім­ді танып отыра өзгені де танысам деп ұм­тыл­ған ат төбеліндей азғана азаматтардың бірінің бітімін «Абай формуласына» салып көргеннің әбестігі болмас деп ойладық та, көзқарас сабақтастығының түйіскен тұсын іздедік. Бұл түйінді ойдың түйткілін шешуге Шығыс әкімінің өзі жол нұсқап бергендей болды.   Бір баспасөзге берген сұхбатында Бер­дібек Сапарбаев былай дейді:  «Алла тағала адамға алдымен ақыл берген, сосын сезім берген. Екеуі екі нәрсе бол­ға­нымен, бір-бірімен тығыз байланыста екені дәлелдеуді қажет етпейді. Ақыл мен сезімді безбеннің екі басындай тең ұстаған­ға еш нәрсе жетпейтін сияқты. Ме­нің­ше, бұл – өмірдің ең үлкен гармониясы. Сезімі жоқ адамдардан жүрек жібітер жылы әң­гіме күтіп әуре болудың қажеті жоқ. Ке­рісін­ше, ақылы аз адамдармен де ара­ла­сып, берекет таппайсың. Менің өмір­ден түсін­ген қарапайым пәлсапам осыған сая­ды». Байқаған шығарсыз, әкім  ақыл мен сезім егіздігін алға тартады.
Ал Абай не дейді екен? «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбай­ды, ақылдың сөзін ұғып аларлық  жүректе  жігер, қайрат, байлаулылық­тың жоқтығы­нан азады». Түсінген адам­ға ұлы  ақын да ақылға байлау болатын жү­рек екендігін мең­зеп тұрған жоқ па? Ғұлама айтып отыр­ған жүрек сезімнің ұясы емес пе? Ендеше, адамдық кредо, көзқарас бірлігінің қос санадағы сабақтастығы сәйкес келіп тұр­ғанын аңғармау мүмкін емес. Сонымен «Са­пар­баев феномені» алды­мен кісілік қасиеттің қайнар көзінен нәр алып барып қажырлылық, табандылық атты түсініктерге ұласып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Ал оның жемісі қандай дейсіз ғой? Ең бастысы, ол Шығыс Қазақ­стан облысына әкім болып келген алғашқы сәттерден-ақ  ұлт­тық болмыстың қасиетті туын өр Алтай­дың басына қадап, арынды  Ертістің арна­сын қазақилық қасиетке толтырды. Хәкім Абайдың қадірін ұлықтап, өнеріне жан бітірді. Шығыс бұлбұлдарының үнін естір­тіп, туған жер топырағының то­ңын жібітті. Апайтөс ақындарын арқа-жарқа табысты­рып, жалынды жазушы­лары­на жігер беріп қайта түлетті. Серісінің сәні, талаптының әні түзелді. Балуаны белбеу байлап, желая­ғы­на жал бітті. «Туған жерге тағзым!», «Шы­ғыс жұлдыздары», «Топжарған» бай­қау­ла­ры тәрізді шаралар арқылы талай бұлақтың көзін ашты, ерлерін ұлықтап, ел мерейін өсірді. Өмірдің өткелд­е­­рі­нен өткен шақта алдынан шыққан қиындық, кедергі­лер қанша аяқтан шалса да, елге деген перзенттік махаббаты, жұрт қамы үшін қойылған алдағы мақсаттар оны тоқтаусыз алға сүйреді. Ықпа желге арқасын тосты, ықпады,  соқпа желге маңдайын тосып қар­сы жүрді.
«Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қы­зықты нәр­се бар деп ойламайды, ой­ласа да бұрыла алмайды, егер сөз айт­саң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық?» – деп Абай атам қазақта ауызбіршіліктің жоқ­тығына налыса,  Бекең  де: «Шынында да, адамның жан дүниесінен ауыр еш нәр­се жоқ. “Кісінің көңілі бір атым насыбайдан қалады”. Мына қамшының сабындай қыс­қа өмірде адам­дардың бір-бірімен сый­ла­сып, ауызбірші­лікте жүргеніне не жетсін. Сай­тан­нан сұрап­ты дейді: “Сен неден қор­қасың?” Ол айт­қан екен: “Мен бір-ақ нәр­се­ден қорқа­мын: адам­­дардың ауызбіршілі­гінен”. Ме­нің­ше, осында көбіміз мән бере бермейтін үлкен фи­­лософия жатыр», – деп, ақылын алға са­лып, ел үшін бауыры езіліп маңайын ада­ми бір­лікке шақырады. Адамзаттың бар­лығ­ы­ның парасат-пайымы бір арнаға тоғыса бермейтіні бұлтармас шындық. Шығыс әкімінің шымыр шешім­деріне се­німсіздікпен қарап, әр іс-қимылын бағып, дұрыс істің өзін бұрысқа балаған кер­тартпа пенделер де кездесіп жатты. Біткен іске сыншы да көп келеді емес пе? Осындайда соқ­пағы мол тар жолдан «өгізді де өлтір­мей, арбаны да сындырмай» аман алып шығу оңай шаруа емес. Бекең тағы да ақыл­ға жүгінген болар, ой көзімен сал­мақ­тап көрген болар. Бір білеріміз, білгенге арқа сүйеді, білмегенге ұқтырды, білгісі кел­мегенді ықтырды. Со­лайша елдің көшін өрге қарай сүйреді. Кө­ші­нің түзулігін қада­ға­лап, шашау шығармай, жы­мын білдір­мей, қиналғанын сездірмей, мо­йымай сүй­­реп келеді. Қиялай шауып, қи­сынын кел­ті­ріп келеді.    
Бекең шырайлы Шығыс өлкесін мекен­деген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне тең қарап, «адамзаттың бәрін бауырым деп» бауы­рына тартты. Әр халықтың салт-дәс­түріне құрметпен қарап, оны аялы қамқор­лығына ала білді. Түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңыраққа ұйытты. Елбасының татулық, тұрақтылық, толеранттылық идеяларын басты бағдар қылды. Қазақ халқының мейірбандығын, қонағына қоң етін кесіп берер қонақжайлығын Алты Алаш бала­сына паш етті. Ауызбіршіліктің айнымас үл­­гісін көрсетті. Тек ұлтым деп ұрандаған­мен, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп тәрізді экономиканың күрделі салаларын дамытпайынша, Шығыстың шырайы толық кіре қоймайтынын жақсы ұққан Сапарбаев бұл істе де іскерлік таныта білді. Және жан-жақтылық пен жүйелілік үлгісін көрсетті.
Қайбір жылдары облыс басшысы агро­ном бола қалған тұста жұрт жаппай тары егіп, мұғалім болса баршамыз кітап­ха­на­дан шықпай, инженер болса біріміз қалмай шеберхана жағалап кеткен кездер­ді де құлақ естіп, көз көрген. Байыбына бар­май апа­лақтап ұрандаған тірлікте бере­ке болушы ма еді? Бірізділікке салынған бір сәттік мұндай науқаншылықтың арты­нан бір түйір із қалған жоқ. Бұл ретте Абай: «Есті кісілер есі шықпай, ақылды қол­дан жібермей, бойын сынатпай жүріп із­денеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының құйрығын жауып кетіп, екі көзі ас­панда, жынды кісіше шаба беруді біле­ді  екен, соны  көрдім», – десе, Шығыс әкі­мі Сапарбаев: «Өз тәжірибемнен байқа­ға­ным, кеңседе отырып қарар қа­былдаған бір басқа да, ал енді  елдің ішіне барып, сол халықтың мұң-мұқтажына құ­лақ түріп,  ұтымды ұсыныстарға жол ашу бір басқа екенін баса айтқым келеді. Мен бұл жерде жұмыс орнында қабылданған шешімдер шалағай шығады деп айтудан әсте аулақ­пын. Кабинетте отырғанда да  елді естен шығарған емеспін. Бірақ өзімнің ақылға салып, құлақ қойған ісім менің бойымдағы сезімді анық оята алатын халық түйсігімен астасып жатқанда ғана әркез дұрыс шешім қабылдағандай сезіне­мін», – деп ой толғайды. Түйсінген адамға тағы да ой сабақ­тастығын аңғару қиын емес шығар. Айтар ой біреу. Сапарбаевқа бірізділік, тар шеңберде ойлау жат қылық. Ол аяқтың астындағысынан гөрі көз ұшын­дағы қияға назар аударғанға құмар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың маңы, кресл­о­ның айналасы төңірегінде емес, мемлекет­тік тұрғыда ой түйіндеп, іске бел шеше кірісетін іскер басшы. Ең бастысы, осы келелі істер­дің бәрінің  басы-қасында өзі жүреді. Соның арқасында  қазақ ауылда­рын­дағы баяғыда ұмыт қалған мәдениет ошақтары­на жан бітті. Ақылы мен қай­ратына сүйен­ген басшы облыс бойынша әр саланың қарыштап дамуына айрықша мән беріп, шалғайда жатқан елді мекен­дерді де, ірі қалаларды да қырандай қы­рағы кө­зімен бақылап, кең қанатының асты­на ала білді. Облыста атқарылып жат­қан ұлан­ға­йыр істердің бәрін тізбелесек, бір емес, бір­неше атанға жүк болатын әң­гіме баста­лып ке­тетіні сөзсіз. Бір ғана, мен туып-өскен Абай елінің қайта өрлеу, өр­кен­деу, өсу нышаны байқалса, ол да Бекең­нің та­ла­бының, көре­гендігінің арқасы деп тү­сі­не­мін. Мұн­дай оң өзгерістер, алға жыл­жу­шылық Шы­ғыстың барлық ауданда­рын­да көрініс та­уып отырғаны көз қуанта­ды.
«Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс», – дейді Абай. Облысы­мызда қызметке тұрған жас мамандар Сапарбаевтың тікелей назарында. Жанам дегенге от беріп, шабам дегенге ат беріп, жас қызметкерлердің өркендеп өсуіне, қарыштап дамуына жол ашып отыр. Ол да болса бүгінгі күнмен шектелмей, болашақ­қа деген сенімділіктің белгісі екені саналы адамға айтпай-ақ түсінікті жайт.
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін от­таған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүй­ген құлының бірі боласың» деген екен хакім Абай. Ал Бер­дібек Сапарбаев: «Ме­нің ең сүйікті ақын­дарымның бірі Мұқағали Мақатаев қалай керемет айтқан:
“Мен қалай ақынмын деп айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын”. Осы аталы сөз ақындарға ғана емес, әкімдерге де қаратылып айтылған секілді-ау! “Халыққа қаншалықты жақын болдыңыз?” деген сұрағыңызға  екіжақты берік те се­нім­ді байланыс орнаса, ортақ мәміле әл­бет­те табылып отырады деп жауап берген болар едім. Шынтуайтында да, басшының біліктілігі осы жерден бастау алып жатса, ел алдында абыройсыз бол­майды екен»,
– деп, Абай айтқан адамдық қарыз пар­қының кілтін дәл тапқанға ұқсайды. 
Тағы да Абай: «... Уағдада тұрғыш, бо­­йын жаманшылықтан тез жиып ал­ғыш, көштің соңынан ере бермей, адас­қан көп­тен атының басын бұрып алу­ға жараған, әділетті ақыл мойын­да­ған нәрсеге, қиын да болса мойын­дау, әділетті ақыл мойын­да­маған нәрсеге, оңай да болса, мойын­дамау – ерлік...» дейді. Сапарбаевтың бойында Абай айтқан рухани ерлік қасиеті де бар­шылық. Оның қолымен істегенді мойнымен көтере білетін мәрттігі де жоқ емес.  Бас­таған істің аяғына жетуге құмар. Қандай бас­тама көтерсе де, түбінде осының пәлесі ма­ған қалады-ау деген ұсақтыққа бармай­тын тәуекелшіл тұлға. Естуімше, ол қанша­лық­ты бауырмал болса, соншалықты мысты, қаншалықты жана­шыр болса, сон­­­ша­лықты талапшыл. Сон­дықтан оны хал­қы құрмет тұтады, қолдай­ды. Біз естіп-білген, көкірекпен сезінген Сапарбаев бейнесі осындай болса керек.

Р.S.
Биік мансап – биік жартас,
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады,
– деп Абай айтпақшы, кім әкім болмай жатыр?.. Мені қызықтырғаны Сапарбаевтың әкімдік мансабы емес, оның адами болмысы еді. Сондықтан болар, ел үшін, туған жер үшін маңдай терін аянбай төгіп жүрген азаматтардың бірегейі ретінде оның еңбегімен қоса, кісілік келбетін көпшілік назарына ұсынуды мақсұт еттік. Атқарылған іс бар болса, халқының алғысын арқалап жүрсе, өресі өзгелерден өзгешелеу болып келсе, еліме пайдасы тиіп жатса, көңілде жүрген ойды ақтарып жатсақ несі айып? Ұлы ғұлама туған жердің жоғын жоқтап, елдің алғысын арқалап жүрген Б.Сапарбаевтың кісілік кілтінің сырын Абай ой-түйінімен сабақтастыра іздегеніміздің де сыры осында еді.
М. Ералин

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста