Кино деген керемет, бірақ кілтипаны көп
Бір сұхбатында еліміздегі ең ірі киностудия басшыларының бірі «киноға идеология қажет емес, кинодан тек өнер іздеуіміз керек» дегенді айтып қалып еді. Киногердің не айтқысы келгенін қайдам, бірақ кино өндірісін идеологиясыз елестету мүмкін емес. Мәселе оның қандай идеологияның жетегінде болатынында. Себебі кино – тек өнер ғана емес, тек көңіл көтеруші құрал емес, ол ақпарат құралына да жатады. Кино — идеологияны арқалап жүретін өнер.
Әйтпесе Голливуд пен Болливудқа, Ресей, Қытай және Иранның киноөндірісіне идеология керек, ал Қазақстан үшін оның қажеті жоқ болғаны ма? Мысал ретінде киноөндірісі жағынан ең озат ел Американы алайық. АҚШ фильмдері әрқашан жеңімпаздықты насихаттайды. Оның кейіпкерлері дәйім жеңіске жетіп отырады. Және тек Америка халқының абыройы үшін емес, адамзаттың ортақ игілігіне қызмет етеді. Бұл туындылардың айтар ойы мен арқалаған жүгі – әлемді тек Америка құтқарады дегенге саяды. Мысалы, Голливуд туындыларының көбінде кездесетін қарапайым сценарий төмендегідей өрбиді: Жер бетіне қандай да бір қауіп төнеді (көбіне өзге планеталықтардың тарапынан). Сол кезде планетаны Пентагон құтқарып қалады. Осы ең көп кездесетін оқиғаның астарында идеология жатқаны анық қой. Немесе көрермендеріне үлкен әсер қалдырған соңғы бір фильмдердің арасынан «2012» картинасын саралап көрейік. Режиссер әлемді топан су басып қалар сәтте барлық мемлекеттер өздерін қалай ұстайтынын суреттеп бергісі келеді. Әрине, ол жалпы америкалық көзқарастан алшақтамайды. Бұл картинадағы америкалықтар өте қайырымды, өжет әрі тапқыр адамдар, тіпті бірен-саран кездесетін зұлымдарының да бойындағы қайырымдылық тез оянады. Ал орыстар – өзімшіл, қылмыс әлемімен тығыз байланысты, жалған патриоттар. Қытайлар – өте тәртіпті, аз-маз қулығы бар, дегенмен америкалықтардың айтқанымен жүріп-тұратын адамдар. Үндістер – көрікті, ақылды, рахымды, бірақ аңқау, сол аңқаулығының себебінен «Нұх кемесіне» іліне алмай, қапы қалады. Осылайша режиссер өз көрермендеріне өзгелер жайында пікір қалыптастырып, демократияның құндылықтарын сіңірген америкалықтардың ұлы халық екенін тағы бір дәлелдеуге тырысады. Осы фильмдегі мына бір маңызды детальға назар аударайық: әлемді топан басар сәтте апаттан аман алып қалатын алып кемені америкалықтар ғана жасай алады. Соған қарамастан тек АҚШ президенті ғана оған отырудан бас тартады. Қалған елдердің жетекшілері қара бастарын ойлап, өздерін аман алып қалғанына мәз-мәйрам. Қысқасы, ел басына күн туған сәтте елмен бірге болатын дана көшбасшы да «тек Америкадан» шығады екен.
Әрине, Голливудтің туындылары түгелдей Пентагон мен Ақ үйдің тікелей тапсырысы бойынша түсіріледі деуден аулақпыз. Себебі дамыған шетелде кино өндірісі мемлекеттік тапсырыс бойынша емес, нарықтық жолмен жүзеге асады. Алайда Ақ үйде отырғандар мен Голливуд режисерлері пікірлерінің бір жерден шығуы да кездейсоқтық емес шығар. Әсіресе сыртқы саясатқа келгенде бірінің ойын бірі толықтырып, шенеуніктердің ресми мәлімдемелері мен киногерлердің туындылары барлығының илегендері бір терінің пұшпағы екенін көрсетіп қояды. Мысалы, осыдан 90-жылдары АҚШ әскерінің Ауғанстан мен Ирактағы әлдебір терроршылармен соғысын баяндайтын «Шөлдегі дауыл» сынды бірнеше фильм көпшіліктің назарына ұсынылған болатын. Жергілікті тұрғындарды ұсқынсыз кейіпте суреттейтін бұл фильмдер әлемге кеңінен таралды. Осылайша теледидар арқылы ирактықтар мен ауғандықтарды терроршы деп таныған әлем жұртшылығы 2001 жылы АҚШ әскері Ауғанстанға, артынша Иракқа басып кіргенде селт етпеді. Яғни киногерлер алдымен халықты иландырып берді де, артынан оны жүзеге асыру Пентагонға қиындық тудырмады. Астарлап ой жеткізу – америкалық кинематографтарға тән қасиет. 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін террор тақырыбындағы кинотуындылар тіпті көбейе түсті. Айтпақшы, мұндай сарындағы фильмдердің Қазақстанды да нысанаға алатыны бар. Соңғы жылдары бестселлер болған Голливудтың «Біздің дәуіріміздегі Вавилон» атты фильмі қазір қазақстандық телеарналардан да көрсетіліп жатыр. Фильмде Қырғызстан өңірі тұрақсыздық орнаған, бейне бір Ауғанстан секілді суреттелген болатын. Дәл қазіргі жағдайда Қырғызстанымыз «екінші Ауғанстан» емей немене? Хош делік, кездейсоқ сәйкестік-ақ делік. Дегенмен Орталық Азияны терроризмның ошағы етіп көрсететін бұл туындыда қазақстандықтар да радикалды ислам әлемінің бір ошағы ретінде көрсетіледі. Әрине, Өзбекстанды да оңдырмайды. Режиссер бұл мемлекетті бір бомбаның күшімен күлін көкке ұшырды.
Киноиндустрияның алыптары бұл технологияның ақпараттық майдандағы жақсы қару екенін түсінеді. Киноны өнер үшін жасайтын халықтардың бірі — үнділер. Дегенмен олар да бұл құралды өзінің мемлекеттік идеологиясын, яғни демократиясының арнасын кеңейтуге пайдаланады. Ал түріктердің «Көкжалдар мекені» телехикаясы Түркияның мүддесіндегі геосаясатты сәтті көрсетіп бере алды. Өкінішке қарай, киноны өнер деп қана қарайтын қазақстандық режиссерлер ұлттық һәм мемлекеттік мүддені бейнелеуден кем қалып жатыр. Мәселен, қазір «Қазақфильм» киностудиясы америкалық жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» шығармасының желісі бойынша кино түсіріп жатыр. Бір жағынан, бұл — парадокс. Жылына сан мың фильм ұсынатын АҚШ-тың шамасы жетпегендей, жылына әрең он фильм ұсынатын Қазақстан Хемингуэйді насихаттауға көмек бермекші. Онда да тың бастама болса бір сәрі. Осы уақытқа дейін «Шал мен теңіз» шығармасының желісі бойынша қос фильм түсіріліп қойған.
Жыл сайынғы кинофестивальдердің жүлделері де саясаттың сойылын соғып жүр. Мысалы, биылғы «Оскардың» да саяси фильмге берілгені кездейсоқтық емес шығар. Әйтпесе «Дауылды билеуші» (Повелитель бури) фильмін киносыншылар ортаңқол туынды деп санайды. Фильмнің айтары «Ирактың бейбіт тұрғындарының тыныштығы үшін америкалық жауынгерлер от кешіп жүр» дегенге саяды. Бұл фильмнен өнердегі шеберліктің ұшқынын тіпті де байқай алмайсыз.
Жапонияның премьер-министрі Юкио Хатоямо бір отырыста: «Біз саясатта жүріп, адамдардың санасына жеткізе алмайтын ұғымдарды кейбір режиссерлер бір фильм арқылы ғана түсіндіреді. Сондықтан мен саясаттан гөрі кино күшті деп айтар едім», — дегенді айтқан еді. Жапония мемлекеті қанша жерден демократия мен зайырлылыққа ұмтылса да, өзінің ұлттық келбетін жоғалтып алмау жолында өлермендікпен әрекет етеді. Мұны кино өндірісінің саны мен сапасынан оңай байқауға болады. Сол секілді жабық Қытай да өз көрермендерін адамзатқа ортақ гуманистік құндылықтар мен мемлекеттік саясаты ұштасқан өнер туындыларымен қамтып отырады.
Қысқасы, кино дегеніміз – қару. Қару болғанда да адамдарды бір-бірлеп құлататын Калашников емес, мыңдап сұлататын аса қауіпті бомба. Сондықтан Иранның қолындағы атомдық қарудан Батыс әлемі өлердей қорқатыны секілді ойлау жүйесі теріс қалыптасқан режиссерден де қорқу керек. Ендеше, оған да қоғамдық бақылау керек. Ақпараттық алаңды жалаң өнер қуалаған режисерлердің алдына төсеп беру ағаттық болуы мүмкін. Әсіресе киноөндірісі, негізінен, мемлекеттік тапсырыстармен, яғни салық төлеушілердің ақшасына түсірілетін біздің мемлекетте көрермендердің сын-пікірі ескерілуі керек.