Сәтін салса, жуырда Астанада өткен ТМД үкімет басшыларының кеңесінде уәде етілгеніндей, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап көптен күткен Кедендік одақпен қауышатын боламыз. Айта кету керек, Кедендік одақ құру туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру біраз кешеуілдеп қалды. Өйткені көп ел оны кешегі кеңестік дәуірді еске түсіретін саяси одақ деп қабылдап, кежегесі кері тартып келді. Задында, Кедендік одақ – саясидан гөрі экономикалық тұрғыдан маңызы зор одақ.
Кедендік одақтың «тар жол тайғақ кешуі»
Әуелі көбіне кері мағынасында ұғынып жүрген Кедендік одақ дегенді айқындап алсақ. Кедендік одақ – екі немесе бірнеше мемлекеттің өзара саудада кедендік баж салығын алып тастап, өзге елдерге қатысты протекционистік саясат ұстанып ұжымдасу формасы. Кейбір Кедендік одақтар еркін сауда аймағын орнатуға дейін терең интеграцияға барып жатады. Сондықтан Кедендік одақтан үркудің қажеті болмас.
Әу баста Кедендік одақ құру туралы келісімге одақтас Ресей және Беларусь мемлекеттері 1995 жылы 6 қаңтарда қол қойған болатын. Сол 1995 жылы 20 қаңтардан бастап бұл келісімге Қазақстан қосылды. Одан кейін 1996 жылы Қырғызстан, 1999 жылы Тәжікстан Кедендік одаққа мүше болуға бейіл танытты. 1995 жылдан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан Кедендік одақ құру бағытында интеграциялық комитет құрды. Алайда бұл елдер Кедендік одақ құруға келіскенімен, ұзақ жыл үзіліс орнады. Интеграцияға жетелейтін құжаттар орындалмады. Ол аздай, Тәжікстан мен Қырғызстан Кедендік одақтан айнып шыға келді. Сарапшылар айтып жүргендей, Кедендік одақ толық құрылуы үшін екі-үш кезеңді өткеруі керек. Сонымен...
Бірінші кезең: Өзара сауда барысында тарифті және тарифсіз шектеулерді алып тастау, бірыңғай сауда режимін орнату, өзге елдерге қатысты ортақ тарифті реттеу механизмін қалыптастыру.
Екінші кезең: Кедендік одақ құруға бейіл елдердің кедендік территорияларын біріктіру үрдісі іске асуы керек. Қазіргі кезде бірінші кезеңді артқа тастадық. Ал екінші кезең жүзеге асу үстінде.
Үшінші кезең: Кедендік одақтың бұл кезеңінде ортақ рынок қалыптастырылуы тиіс. Бұл – ДСҰ-ға мүше болуға сақадай-сай болу деген сөз.
Елбасы бұған дейін Кедендік одақ құруды Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенге дейін қолға алуды ұсынған болатын. Елбасы атап өткеніндей, «Егер Дүниежүзілік сауда ұйымына дейін Кедендік Одақ құрылса, төрттік мемлекеттері аталмыш ұйымға ортақ тұстары мен ортақ көзқараспен кіріп, еркін сауда аймағы іс жүзінде жүзеге асатын болады».
Қазақстан мен Ресей Президенттері «Бірыңғай кедендік аумақ және Кедендік одақ құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға және «Кедендік одақ комиссиясы туралы» Заңға әлдеқашан қол қойған болатын. Енді «Кедендік одақтан Қазақстанға келер пайда қандай?» деген сауалға жауап іздесек.
Кедендік одақта дауысымыз неге аз?
Кедендік одақ құру бағытында 2007 жылы өткен Душанбе саммитінде ЕурАзЭҚ аясында құрылған Кедендік одақтың құқықтық мәртебесі жөнінде келісім жасалды. Кедендік одақ үш елдің кедендік тарифтерін біріздендіріп, заңнамалардың арасындағы айырмашылықтарды азайтуға тырысты. Бұл Одақтың қызметін мемлекетаралық комиссия басқарады. Оның шешімдері ұлттық мүдделерді ескере отырып, дауыс беру арқылы қабылданады. Ал егер комиссия отырыстарында тараптар бір шешімге келе алмаса, онда мәселе Кедендік одақтың ең жоғарғы органы – Мемлекетаралық кеңеске шығарылады. Тағы бір атап өтетін нәрсе, Одаққа мүше елдердің жалпы экономикалық саясаты, заңдары, тіпті бизнеске деген көзқарасы мен оның билікпен қарым-қатынасы бірдей болуы тиіс. Бұл жағынан үш елдің айырмашылығынан гөрі ұқсастығы басым. Бірақ Кедендік одақ құру ісі тым баяу жүріп жатыр. Кедендік одақтағы кемшін тұсымыз байқалды. Мәселен, Кедендік комиссиядағы Қазақстанның дауыс саны тым аз болып тұр. Өйткені комиссиядағы тараптардың дауысы былайша бөлінген: Беларусь – 21,5 пайыз, Қазақстан – 21,5 пайыз, ал Ресейдің дауысы 57 пайыз болып белгіленген. Қазақстан мен Беларусь екеуі қосылып, Ресейдің дауысын еңсере алмайды. Міне, мәселе кімнің пайдасына шешілуі мүмкін? Бұл – ойландыратын жайт. Ресей премьер-министрінің бірінші орынбасары Игорь Шувалов айтып өткендей, ТМД үкімет басшыларының Астанадағы кеңесінде Кедендік одақ төңірегінде Қазақстан мен Ресей арасында шамамен 19 пайыздай келісілмеген ұстанымдар қалған. Енді бұл мәселенің тігісін жатқызу Қазақстан жағынан Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шүкеев пен Игорь Шуваловқа жүктелген. Сонымен бірге Кедендік одақты құру үшін жыл аяғына дейін бірыңғай Кедендік кодекс қабылдануы керек. Кедендік одақ жөніндегі құжаттар алдағы маусымның 9-ында Мәскеуде үкімет басшылары деңгейінде өтетін кездесуде пысықталмақ.
Кедендік одақ Қазақстанға не береді?
Біріншіден, Кедендік одаққа кірсек, өзара сауда-экономикалық қатынаста кеден салығы алынып тасталады. Бұл одаққа мүше үш елге де тиімді.
Екіншіден, Кедендік одақ ТМД елдерін Дүниежүзілік сауда ұйымына қиындықсыз кіруіне қолайлы басқыш болады.
Үшіншіден, жалпыға бірдей әрі тұрақты тарифтер қабылданып, сырттан келетін импорттық тауарларға қол жеткізуде теңдік сақталады. Мәселен, тек қана теміржол тарифтерін теңестіру келісіміне қол жеткізгеннің өзінде Кедендік одаққа мүше үш ел арасындағы тауар және жүк айналымын 30 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Әлемдегі кедендік одақтар:
Оңтүстікафрикалық кедендік одақ – Ботсвана, Лесото, Свазиленд, Намибия, ОАР (1910 жылы құрылған).
Шығысафрикалық қауымдастық – Танзания, Уганда, Кения, Бурунди және Руанда. (1967 жылы құрылған).
Еуроодақ пен Түркияның кедендік қауымдастығы (1963 жылы құрылған).
Араб ортақ нарығы – Мысыр, Ирак, Иордания, Йемен, Ливия, Мавритания және Сирия елдерінің кедендік одағы (1964 жылы құрылған).
Орталықамерикалық ортақ нарық – Гватемала, Гондурас, Коста-Рика, Никарагуа және Сальвадор кедендік одағы (1961 жылы құрылған).
Шығыс Кариб мемлекеттері ұйымы – Антигуа және Барбуда, Гренада, Доминика, Монтсеррат, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадина кедендік одағы (1991 жылы құрылған).
Ой-түйін
Қорыта келгенде, Кедендік одақ ТМД елдерін Дүниежүзілік сауда ұйымына қиындықсыз кіруіне қолайлы басқыш болмақ. Алайда көршіге құшағымызды жайып, шекарамызды айқара ашамыз деп, есірткі мен контрабандалық тауарлар тасқынының және заңсыз мигранттар шабуылының астында қалып қоймауды ұмытпаған жөн.