Асқар ӘБДРАХМАНОВ, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
– Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) төрағалығы барысында қандай шараларға басымдық беріліп жатыр, қандай жоспарлар құрылуда?
–ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Қазақстанның төрағалығы барысындағы ең маңызды шаралардың бірі десе болады. Дегенмен алдағы уақытта бұдан да басқа көптеген халықаралық шаралар жоспарланған. Солардың бірі қыркүйек айында денсаулық сақтау министрлерінің кездесуі болады. Сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі исламның жағдайы жөнінде халықаралық конференция өткізу жоспарлануда. Мәдени мәселелерге қатысты шаралар мен жиындар міндетті түрде болады.
– Жуырда Елбасы сөз еткен ислам модернизациясы және Ислам ондығын құру жөніндегі ұсыныстар талқыланып жатыр ма? Жалпы, бұл бастаманы өзге ислам елдері қалай қабылдап жатыр?
– Біздің дипломаттардың айтуынша, ислам елдерінде Қазақстан Президентінің ислам ондығын құру жөніндегі ұсынысы жиі талқыланып жатыр. Сондай-ақ сарапшылар қауымы да бұл тақырыпты назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Әрине, ол біздің төрағалығымыз барысында немесе алдағы үш-төрт жылда құрыла салады деп кесіп айтуға болмайды. Себебі мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыруға өте көп уақыт керек. Дегенмен ол көптеген аймақтарда жағымды бастама ретінде қабылданып жатыр.
– Ислам елдерінің интеграциясына Қазақстан қаншалық ықпал ете алады?
– Қазір ислам мемлекеттері Қазақстанды заман ағымына сай, қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде танып, мұсылман әлемі арасындағы көшбасшы ел ретінде қарастырады. Себебі «Қазақстан экономикалық даму және саяси тұрақтылық, дінаралық келісім жағынан біраз мұсылман мемлекеттеріне үлгі бола алады» – деген пікірді шетелдің дипломаттар тарапынан жиі естиміз.
– Әлемдік мұнай қорының 70 пайызы, газ қорының 50 пайызы ИЫҰ елдерінің иелігінде екен. Ислам мемлекеттері осы дәулетіне сай, мықты бір құрылым құрай ала ма?
– Иә, Ислам ынтымақтастығы ұйымының беделін өсіру мәселесі басты мақсат болу қажет. Әлемдік қауымдастық мойындаған құрылымға айналу үшін әлі біраз еңбек ету керек. Меніңше, Қазақстан тарапы осы мақсатқа жету үшін айтарлықтай үлес қосып жатыр.
– Ислам елдерінің, олардың билік құрылымдарының пікірлері бір жақтан шыға бермейді. Тіпті араб елдерінің өзі ғана АҚШ-ты жақтайтындар және оған қарсы шығатындар болып екіге бөлініп алған. Бұл ИЫҰ жақын болашақтағы жұмысына қалай әсер етуі мүмкін?
– Әрине, барлық елдердің бірдей көзқараста болуы мүмкін емес. Сондықтан мүше мемлекеттер өз көзқарастары түйісетін жерлерді іздеу керек. Мысалы. БҰҰ–ның да ортақ ұстанымдары келе-келе қалыптасты. Сол секілді ИЫҰ алдына қол жеткізуге болатын мақсаттарды қоя білу және соған жұмылдыра білу – қажеттілік.
– ИЫҰ ұйым ретінде, өз алдына мекеме ретінде қазіргі ислам елдеріндегі, араб мемлекеттеріндегі саяси тұрақсыздықтарға араласа ала ма, араласуы қажет пе?
– Араласа алады. Жуырда мен Сирияға іссапар жасаған болатынмын. Ондағы мақсат, аймақтың хал-ахуалымен танысу еді. Сапар барысында біз жанжалдасушы тараптардың ортақ ұстанымдарын іздедік. Яғни аталған халықаралық ұйым бұл мәселеге міндетті түрде араласып, қантөгістерді болдырмау шараларын жасауға тиіс.