Финн елі Қазақстанды маңызды серіктес деп таниды
Кеше Финляндия Республикасының Еуропа істері және сыртқы сауда жөніндегі министрі Александр Стубб қызметтік сапарымен Алматы қаласына келді. Министрмен бірге келген 55 финн компаниясының өкілі Қазақстанда түрлі бағытта бірнеше келіссөзге қол жеткізуді жоспарлап отыр.
Финляндияның инновациялық даму, энергия үнемдеу, тау-кен өндірісі, құрылыс, білім беру тағы да басқа салаларынан келген қонақтар Қазақстанға жасаған сапарларының алғашқы күнін қазақ-финн іскерлік семинарынан бастады. Бұл жиынға Finpro Қазақстан компаниясы мен Финляндияның Сауда орталығы және Қазақстан Республикасындағы Финляндия Республикасы елшілігінің өкілдері қатысты. Семинарда финн кәсіпкерлерінің Қазақстанмен ынтымақтастықтың құрылыс, көлік инфрақұрылымы, денсаулық сақтау және білім сияқты салаларында келісімшарттарға қол қоюды жоспарлап отырғаны белгілі болды. А.Стубб мырзаның сөзіне қарағанда, Қазақстан Еуропаның солтүстігіндегі Финн елі үшін маңызды серіктес болуға лайық. Сол себепті осы сапар барысында қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, туризм, байланыс және коммуникациялар, энергетика, ауыл шаруашылығы мен табиғи ресурстар салалары бойынша да бірқатар келіссөздер жүргізілмек. Финляндияның Еуропа істері және сыртқы сауда министрі қазанның 5-іне дейінгі аралықта Алматы мен Астана қалаларында бірнеше кездесуге қатысады. Ол Алматыдағы КИМЭП пен Астанадағы Назарбаев университетінде дәріс оқуға әзірленіп келген. Қазанның 4-5-і күндері еуропалық делегацияны қазақстандық-финляндиялық Үкіметаралық комиссияның Қазақстан тарапынан тең төрағасы, ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров қарсы алады. Сонымен қатар А.Стубб Астана қаласындағы екі күндік сапары барысында ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовпен, Премьер-министрдің орынбасары, ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевпен, ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченкомен, «Самұрық-Қазына» ӘАҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевпен, сондай-ақ Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуді жоспарлап отыр. Стубб сапары қазанның 5-інде өтетін Астанадағы қазақ-финн үкіметаралық комиссиясының 7-отырысымен аяқталады.
Александр Стубб, Финляндия Республикасының Еуропа істері және сыртқы сауда жөніндегі министрі:
– Қазақстанға келуді өткен жылдан бері жоспарлап жүрдім. Біз Қазақстанды барлық салада қарқынды дамып келе жатқан, экономикасы мықты ел деп білеміз. Сапарымыз сәтті басталған сияқты. Қазақстандықтар бізді жылы қарсы алды. Іс-шараларымыз да ойдағыдай өтіп жатыр. Бірақ бір нәрсе ойымнан шықпай қалды. Мен Александр Винокуровпен велосипедке мініп, Алматы қаласын аралағым келген. Бірақ оның өзге елде жүргенін қазір ғана естідім. Ал сапарымның ең басты мақсатына тоқталсақ, ол – екі елдегі іскерлік ынтымақтастықты нығайту. Астана қаласына барғаннан кейін ондаған ұсынысымды жеткізіп, бірнеше құжатқа қол қоямыз деген ойдамын.