Эстонияның электронды үкімет тәжірибесі керек
Кеше Елбасы Н.Назарбаевтың Эстонияға ресми сапары жалғасты. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Эстония Республикасының Президенті Бірлескен мәлімдемеге қолдарын қойды. Тараптар сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Эстония Республикасы Үкіметі арасындағы инвестицияны өзара қорғау және ынталандыру туралы үкіметаралық келісімге және Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі мен Эстония Республикасының Ұлттық мұрағаты арасындағы мұрағат істері саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімге қол қойылды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Эстонияға мемлекеттік сапары аясында «Атамекен» ҰЭП мен Эстонияның сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Ресми бағдарлама аяқталған соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Эстония Республикасының Президенті Тоомас Ильвестің бірлескен баспасөз мәслихаты өтті.
– Қазақстан Эстониямен ынтымақтастықты дамытуға маңызды мән береді. Тәуелсіздік жылдарында Сіздің еліңіз зор табыстарға жетіп, Еуропалық одақтың, НАТО мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының толыққанды мүшесі болды, сондай-ақ жалпыеуропалық валюта евроны қабылдады. Қазақстан-Эстония қатынастарының үдемелі дамуын қуанышпен атап өтемін. Сенімді диалог жоғары деңгейде орныққан, өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары анықталған, келісімшарт-құқықтық базасы құрылған. Бүгін Президент Ильвес мырза екеуміз Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Онда жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге өзара ұмтылыс көрініс тапқан. Біз Эстонияның Астанада өз Елшілігін ашу туралы шешіміне ризамыз, – деген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанда және Эстонияда экономикалық өсімнің жоғары қарқынмен қалпына келгені өзара тиімді сауда қозғалысына қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті. 2010 жылы Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда айналымы 37 пайызға өсіп, 74,5 миллион долларды құрады. Қазақстан мен Эстонияның мүдделеріне транзит-көлік әлеуетін белсенді пайдалану жауап береді. Қазақстан эстониялық порттардағы терминал мен тарату орталығын қазақстандық жүктер мен энерготасымалын еуропалық рынокқа жеткізу үшін асу ретінде пайдалануға мүдделі. Мұнда Таллин және Силламэ порттарымен өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары бар.
– Қазақстан – Еуропалық одақ үшін өте маңызды ел. Және біз бұл туралы барлық еуропалық құрылымдарда айтып жүрміз. Осыған байланысты Эстония Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің жаңа қорытындысы жолымен тереңдетуді қолдайды. Біз осы мемлекеттік сапарға маңызды мән береміз, оның барысында көлік, транзит, энергетика, ауыл шаруашылығы және білім тәрізді салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары анықталатын болады. Қазақстан Орталық Азияда саяси да, экономикалық та жағынан өте маңызды рөл атқарады. Біз Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығын, сіздердің елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымын және сіздер биылғы жылы төрағалық ететін Ислам конференциясы ұйымын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Эстония сондай-ақ Қазақстанның аймақта тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі және Ауғанстандағы көлік жүктерін қамтамасыз етудегі күш-жігерін жоғары бағалайды. Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясы жұмысының жандануы көлік пен логистика, энергетика және инновациялық технология тәрізді экономиканың басым бағыттарындағы экономикалық өзара іс-қимылды тереңдету үшін жаңа серпін береді деп үміттенемін, – деді Эстония Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Эстония Республикасының премьер-министрі Андрус Ансиппен кездесті.
Кездесуде Эстония премьер-министрі Мемлекет басшысына IT-технология саласындағы Эстонияның тәжірибесі туралы айтты. 2000 жылдан бастап Эстонияда Еуропадағы үздік электронды үкімет жүйесі енгізілген. Халыққа электронды қызмет көрсететін дерекқорда 500-ден астам аталым сақтаулы.
– Біз сіздердің мамандарыңызды шақыруға және Эстонияның халыққа электронды қызмет көрсету жөніндегі тәжірибесін қабылдауға дайынбыз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Эстония Республикасының Президенті Тоомас Ильвес пен оның зайыбы атынан мемлекеттік қабылдау болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Эстония Республикасы парламентінің спикері Эне Эргмамен кездесті. парламент спикері Мемлекет басшысын президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Өз кезегінде Президент Эне Эргманы Эстония Парламентінің Спикері қызметіне қайтадан сайлануымен құттықтады.
Кездесу кезінде сондай-ақ қазақстандық-эстониялық ынтымақтастық мәселесі, атап айтқанда, парламентаралық байланыстарды нығайту, Қазақстан мен Эстония арасындағы әуе қатынасын дамыту, Тарту университеті мен Назарбаев университеті арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Таллин қаласының Бостандық алаңындағы Жеңіс монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысып, қала мэрі Эдгар Сависаармен кездесті. Елбасының «Виктория-1» паромында ірі эстондық компаниялардың басшыларымен кездесу де жоспарланған.