Марфуға АЙТҚОЖИНА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Ақын адам үшін ең үлкен сый – халықтың ыстық ықыласы. Менің есімде қалғаны, ешқандай атақ алмай тұрған кезімде мені оқырманым «қазақтың жыр аққуы» деп атаған еді. Мен үшін бұдан үлкен сыйлық жоқ. Өз басым дүние, анау-мынау ұсақ-түйекке мән бермеймін. Өйткені бұл мен үшін маңызды емес. 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында маған ең бірінші болып Елбасынан құттықтау келді. Бұл дегеніміз – патшамыздың бізді елеп-ескеруі ғой. Өз қаламыздың, өзге облыс, аудан басшыларын айтпағанда, елордамыздың әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен керемет лебіздер жазылған құттықтау келді. Сондай-ақ күні кеше Қасымжомарт Тоқаев бауырымнан келген құттықтауды оқып сондай тебірендім, толқыдым. «Алты Алаштың маңдайына біткен жарық жұлдызы» деген теңеуден артық қандай сый-құрмет болсын. Балаларымның, немерелерімнің сый-сыяпаты өз алдына. Ақынжанды адамның тағдырын сыйлап, көңілі үшін шын ниетпен ықылас бөлу – бұл үлкен құрмет.
Айткүл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Нәзікжанды әйелдер қауымының мерекесі 8 Наурызда кез келген әйелге әртүрлі жекелеген сыйлықтар сыйланып жатады ғой. Мұндай сыйлықтарда сан жоқ. Ал менің өмірімде ерекше есімде қалғаны жас кезімізде «Гүлдер» ансамблінде қызмет етіп жүрген шағымда сол ұжым әйелдерге арнап арнайы кеш өткізетін. Осы салтанатты кеште біздер секілді жаңадан халыққа танылып жүрген жас әртістерге, әнші-бишілерге арнап шағын қойылым қоятын. Әзіл-шыны аралас осындай қойылымдарда әрбір қыз-келіншектің бейнесі көрініс тауып жататын. Бұл біздің өнерімізге байланысты болғандықтан, біз үшін мұндай кештер, қойылымдар үлкен сыйлық болатын. Биылғы жылы есімі елге кеңінен танымал Ержан Қосбармақов басшылық ететін біздің Алматы облыстық филармония әйелдерге арналған кеш өткізу туралы бастама көтеріп жүр. Енді Халықаралық әйелдер күнінде ұжымымыз бізге есте қаларлық салтанатты кеш ұсынады деп күтудеміз.
Бағдат СӘМЕДИНОВА, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Өнерде жүрген соң жыл сайын көктемнің алғашқы әсем мерекесінде түрлі сый-сыяпатқа бөленіп жатамыз. Жылда алатын сыйлықтарым бірін-бірі қайталамайды, кейбірі ерекше естелік ретінде есте қалып жатады. Әсіресе мереке күндері таңертең көзіңді ашқанда балам әдемі гүл әкеп қояды. Мұндай тосын сыйға қалай қуанбайсың? Тыңдармандарым да түрлі сыйлықтар беріп жатады. Осыдан бірнеше жыл бұрын 8 Наурыз мерекесі қарсаңында үлкен концерт бердік. Сонда бір орыс апа сахнада тұрғанымда тамаша гүл мен конверт ұсынды. Конвертті ашып қарасам, ішінде – ақша. Концерт соңында әлгі апа жаныма келді. Мен аң-таңмын. Ол кісіге: «Сіз мені басқа біреумен шатастырып тұрған жоқсыз ба» деп сұрап қоямын. Өзі басқа ұлттың адамы, оның үстіне зейнеттегі апаның маған ақша ұсынып тұрғанына не істерімді білмей қысылып, ең болмаса мекенжайыңызды жазып алайын деп қоямын. Сөйтсем, «Жоқ, айналайын, мен сенің тыңдаушыңмын, концерттеріңнен қалмаймын, сен ән айтқанда менің көңілім қуанады» деп шынайы ықыласын білдірді.
Лиза СЕРІК, актриса:
– Менің есімде қалған сыйлық – осыдан бірнеше жыл бұрын Халықаралық әйелдер күні мерекесінде балаларымның жасаған сыйы. Біз балалардың қолына көп ақша бере бермейміз ғой. Ұлым Мансұр өзі осы аналар мерекесіне алдын ала тиын-тебен жинап, жүрек пішіндес шоколад сатып алыпты. Содан кейін ұлым мен екі қызым Ханшайым мен Аида қағаздан әдемілеп отырып тілек қағазын жасап, ішіне «Мама, біз сені сүйеміз» деп жазып қойыпты. Осы сыйлықты алғанда қуанышымда шек болмады. Ол кезде үш балам бар еді, бүгінде, Аллаға шүкір, бес баланың анасымын. Көпбалалы ана ретінде де мереке сайын қала басшылығы, өнерге жанашыр азаматтарымыз елеп-ескеріп, сый-сияпат көрсетіп жатады. Мен жалпы, ешқашан біреуден сыйлық күтпеймін. Ең бастысы, адамның шын ниетімен айтқан бір ауыз сөзі мен ақ тілегінен артық сый жоқ деп ойлаймын.