ЕҚЫҰ-ның саяси қырын саралаған кезде оның парламенттік өлшемін ескермеу мүмкін емес. Ұйымның аса маңызды органдарының ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы соңғы кездері белсенді бола түскені заңдылық. Саммит қарсаңында ұйымның маңызды органының қызметіне қысқаша шолу жасап өткен артық болмас.
Парламенттік ассамблеяның құрылымы
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы 1991 жылы ұйым елдері парламенттері басшыларының Мадридтегі кездесуінде құрылған болатын.
Ассамблеясы Ұйымға қатысушы 56 мемлекеттің 320 парламентарийі кіретін ЕҚЫҰ институттарының бірі болып табылады. ЕҚЫҰ-ның «парламенттік өлшемін» қамтамасыз ете отырып, Ассамблея парламенттік институттардың проблемаларды талқылау арқылы және қарарлар мен ұсыныстарды қабылдау арқылы Ұйым қызметіне атсалысады, ұйым кеңістігінде демократияны ілгерілетуде парламентаралық үнқатысуды жүзеге асырады. Ұйым аясындағы міндеттемелерді қатысушы мемлекеттердің орындауына Ассамблея бағалау жүргізеді, қақтығыстарды ескерту, реттеу тетіктерін әзірлейді және енгізеді.
ЕҚЫҰ ПА негізгі органдары ретінде Тұрақты комитет, Бюро және және үш жалпы комитет жұмыс істейді. Мәселен, Тұрақты комитет ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 ел парламентінің ұлттық делегациялары басшылары мен бюро мүшелерінен құралады. Тұрақты комитет бюджетті бекітеді, Бас хатшыны сайлайды және Ассамблея жұмысын ұйымдастырады.
Бюро құрамына жылына бір рет сайланатын Ассамблея Төрағасы, оның тоғыз орынбасары, Қазынашы, және үш жалпы комитеттің лауазымды адамдары енеді. Құрметті Төраға өзінің ережесі бойынша Бюроның дауыс бермейтін мүшесі болып саналады. Биыл жыл сайынғы сессия барысында ЕҚЫҰ ПА Президенті болып Петрос Эфтимиу сайланған болатын. Бюро Тұрақты комитет шешімдерінің орындалуы мен отырыстар арасындағы Ассамблеяның жұмыстарын ұйымдастырады. Айта кету керек, Ассамблея Төрағасы өзінің атынан белгіленген мәселелерді шешу үшін арнайы өкілін тағайындай алады. Сөйтіп, қазіргі уақытта гендерлік мәселелер, көші-қон, ЕҚЫҰ бюджеті, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күрес, Ауғанстан, Таулы Қарабақ жанжалы, Жерорта теңізі, Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Гүржістандағы жағдай жөніндегі ЕҚЫҰ ПА-ның Арнайы өкілдері жұмыс істейді. Биылғы Қырғыз еліндегі сәуір төңкерісіне байланысты ЕҚЫҰ ПА-ның Қырғызстан бойынша Арнайы өкілі болып сенатор Әділ Ахметов тағайындалып, бірқатар жұмыстар атқарып келеді. ЕҚЫҰ ПА төрағасының тоғыз орынбасарының ішінде Сенат спикері Қ.Тоқаев та бар.
ЕҚЫҰ ПА-ның үш жалпы комитеті делегациялардың сайлауымен Хельсинки Қорытынды актісінің негізгі үш «қоржынына» сәйкес құрылады: Саяси мәселелер мен қауіпсіздік жөніндегі Жалпы комитет (бірінші комитет); Экономикалық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта жөніндегі Жалпы комитет (екінші комитет) және Демократия, адам құқығы және гуманитарлық мәселелер жөніндегі Жалпы комитет (екінші комитет). Жалпы комитеттер жыл сайынғы сессия мен қысқы отырыстарда жиналады. Комитеттер халықаралық өмірдегі өзекті мәселелерді шешуді талқылап, соның ішінде сайлауды байқау бағдарламаларын әзірлейді. ЕҚЫҰ Па Хатшылығы Копенгагенде орналасқан. ЕЫҰ ПА мүшелері: Австрия, Әзірбайжан, Албания, Андорра, Армения, Беларусь, Бельгия, Болгария, Босния мен Герцеговина, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грекия, Гүржістан, Дания, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Канада, Кипр, Латвия, Литва, Лихтеншейн, Люксембург, Македония, Мальта, Молдова, Сан-Марино, Сербия, Словакия, Словения, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Финляндия, Франция, Хорватия, Черногория, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония. Ватиканның ЕҚЫҰ ПА сессиясына құрметті мейман ретінде екі өкілін жіберуге құқығы бар.
Парламенттік дипломатия
Саяси-экономикалық интеграция парламентаралық байланыссыз жүзеге аспайды. Сондықтан ұйым мен елдер арасындағы заңнаманы үйлестіру мақсатында өзара парламентаралық ықпалдастықтың маңызы зор. Дипломаттар секілді парламентарийлер де дау-дамайға араағайындық қыла жүреді. Бұндай ынтымақтастық парламенттік дипломатия деп те аталады.
ЕҚЫҰ ПА-ның Қазақстан Республикасы делегациясының құрамында Сенат Спикері Қ.Тоқаева, сенаторлар Қ.Сұлтанов, Ә.Ахметов, Б.Досманбетов, Мәжіліс депутаттары Е.Әпсалямов, С.Бычкова, Ә.Жолшыбеков, Т.Қосмамбетов бар, қазақстан Парламенті мен ЕҚЫҰ ПА арасындағы ынтымақтастық тереңдеп келеді. Оның мысалы ретінде, қазақстандық парламентшілер 2007-2010 жылдарда ЕҚЫҰ ПА құрамында Албания, Армения, Беларусь, Гүржістан, Македония, Молдова, Ресей, Сербия, Украина, Әзірбайжан, АҚШ-тағы сайлауларды байқау миссиясына қатысқанын айтуға болады. Оның үстіне 2003 жылы Алматыда ЕҚЫҰ ПА трансазиялық форумы, 2008 жылы Астанада ЕҚЫҰ ПА жыл сайынғы 17 сессиясы, Алматыда биыл мамыр айында «ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі» тақырыбында ЕҚЫҰ ПА трансазиялық парламенттік форумының өткізілуі өзара байланыстардың нығая түскенін айғақтайды.
Ассамблеядағы мандаттар туралы мәлімет:
Парламенттік ассамблеядағы орындар бекітілген көрсеткіш бойынша бөлінеді. Мысалы, АҚШ-та – 17 орын, Ресейде – 15 орын, Ұлыбритания, Германия, Италия, Францияда – 13 орыннан, одан кейінгілер екі орынға азая береді (Сан-Марино және Лихтеншейн). Ал Қазақстанның алты орны бар.