Мәжілістің кешегі жалпы отырысында депутаттар алты бірдей заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оларды Сенаттың қарауына қарай шығарып салды. Сонымен қатар кешегі отырыста Парламентті құрап отырған үш партияның өкілдері сауал жолдауға мүмкіндік алды.
Алдымен сөйлегеннің бірі «ақжолдық» депутат Сағиятулла Сәрсенов болатын. Өзіне берілген бес минут ішінде елдің еңбек заңнамасындағы шикіліктерді ғана емес, осы саладағы әлемдік тәжірибені де шарлап шыққан Сағиятулла Өмірзақұлы біраз жайтты аңғарта сөйледі. «Еңбек – адам тұтынушылығын кешенді қамтамасыз ететін қоғам әрекетінің негізгі формасы. Өйткені әрбір азамат осы ресурстың негізінде рухани және материалдық игілікке жетеді. Соңғы кездері еліміздің жер-жерінде орын алған әлеуметтік еңбек дауларының салдары қазақстандық қоғамды дүр сілкіндіріп, көпшілікті ойға қалдырды. Бұлай деуімізге еліміздің ірі-ірі өндіріс орындарында болған жайсыздықтар дәлел», – дейді депутат. Оның айтуынша, Жаңаөзен, Қызылорда, Жезқазған өңірлерінде орын алған әлеуметтік еңбек даулары мәселенің мәнісіне тереңірек үңілу қажеттігін көрсеткен. Бұған қоса, кейбір кәсіпорындарда әлгіндей жағдаяттар жасырын, латентті формаға иеленіп алса керек. «Бұл – бүгінгі күннің ақиқаты. Мұндағы ең негізгі мәселе, елімізде бүгінге дейін әлеуметтік-еңбек дауларының туындауы жайында бір жүйеге келтірілген зерттеулер жоқ. Осының өзі әлеуметтік даулардың қайда, қалай және қашан туындауы мүмкін екендігі жөнінде нақты мәлімет алуға көп кедергі. Сол себептен ең бірінші кезекте аса жоғары деңгейде еңбек-әлеуметтік қатынастар мәселесі бойынша бүкілқазақстандық кешенді зерттеулерді жүргізу заман талабы», – дейді Сағиятулла Сәрсенов.
Бұдан ары депутат елдегі Еңбек кодексінде ұжымдық келісімшарт жасау қарастырылғанымен, «бірде-бір жұмыс беруші іс жүзінде қатардағы жұмысшылармен келісімшарттың осы түрін жасамайды. Сондықтан еңбек дауында бүкіл ұжымның мүддесі жатса да, заң бойынша ол жекелеген адамның мәселесі ретінде ғана қарастырылады» дегенді алға тартады.
«Ең маңыздысы, елдің еңбек заңнамасы реформаны қажет етеді. Сондай-ақ еңбек даулары мен жанжалдарын шешетін тәуелсіз институт құру қажет. Расында, бұл мәселеге баса назар аударатын кез жетті», – дейді Сағиятулла Өмірзақұлы. Сосын Сәрсенов мырза сөзінің тұздығы ретінде әлемдік, әсіресе еуропалық, солтүстікамерикалықтардың тәжірибесіне назар аударды. Айтуынша, Еуропа мемлекеттерінің басым көпшілігінде еңбек дауын шешумен айналысатын мемлекеттік деңгейде арнайы комиссиялар құрылған. Мәселен, Ұлыбританияда кеңес беру қызметі, Ирландияда еңбек қатынастары жөніндегі комиссия, ал Финляндияда әлемдік делдалдардың Ұлттық бюросы қызмет етеді. «Мұндайды Қазақстанда да жүзеге асыруға толық негіз бар. Себебі бүгінгі таңда мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша алдыңғы қатарлы дамыған елдер қатарына енді. Ендеше, еңбек қатынастары жөнінде де біз алдыңғы қатарлы елдер дәрежесінде болуымыз қажет», – деді ол.
Тіл төңірегіндегі тірліктің көбі шабан...
Тілге қатысты мәселедегі негізгі межені Елбасы бұған дейін айқындап, 2017 жылы халықтың – 80, 2020 жылы 95 пайызы қазақ тілін біліп, 10 жылда мектеп түлектерінің бәрі осы тілде сөйлейтін болсын деген тапсырмасын берген болатын. Расында, меже айқын, ал атқарылар һәм атқарылып жатқан міндет нешік? Өйткені депутат Алдан Смайыл айтпақшы, мемлекеттік тілдің беделін көтеріп, оны қазіргі заманғы ғылыми-техникалық өркениет тіліне айналдыру баршамыздың аса маңызды міндетіміз. Ана тіліміз Назарбаев университеті арқылы игерілетін жаңа мамандықтар мен білім салаларының, инновациялық-индустриялық бағдарлама арқылы пайда болатын тың кәсіптердің, барлық деңгейдегі электронды ақпарат құралдарының тілі болуға тиіс.
Алайда Алдан Зейноллаұлы бұл мақсаттағы жұмыстардың шабан орындалып отырғанына қынжылыс танытты. Мәселен, 2008 жылы Білім және ғылым министрлігі мен Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде «Мемлекеттік тіл – қазіргі заманғы ақпараттандыру тілі» атты бағдарлама жасау мәселесі талқыланған. Кейін әлі күнге өзектілігін жоймаған міндеттер де айқындалған екен. Алайда депутат мысалға келтірген сол міндеттің бірі де жоқ. Өйткені айтылған әңгіме, көтерілген мәселе сол орында қалып қойған сыңай бар. Сондықтан да депутат Алдан Смайыл қазақтың тілін ақпарат ғасырының көшінен қалдырмау үшін «Мемлекеттік тіл – қазіргі заманғы ақпарат тілі» бағдарламасы қабылданып, іске жоспарлы түрде кірісу керектігін айтады. «Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы мемлекеттік тілдегі ақпараттары жеткіліксіз. Бұл мәселені реттеу үшін 2010 жылғы 15 шiлдеде қабылданған «электрондық үкiметтi» дамыту мәселелерiн қамтыған заңына мемлекеттiк ақпараттық жүйелердегi қазақ тiлiндегi ақпараттың көлемi орыс тiлiндегi ақпараттың көлемiнен кем болмауға тиiс деген норма енгізілді. Дегенмен бұл талап бүгінгі күнге дейін орындалмай отыр», – дейді А.Смайыл. Осыған орай, депутат мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қазақ тілінде ақпараттардың орналастырылуы туралы норманың орындалуына мониторинг жүргізу қажет деп санайтынын жеткізді.
Мектептегі жүйе күйреп барады...
Ал «халықтық коммунистер» фракциясы атынан сұрау салған депутат Айқын Қоңыров: «Еліміздегі бүгінгі мектеп балалар мен олардың ата-аналарына ғана емес, мұғалімдердің өздеріне де тәуекел факторы болып отыр» деп төбеден түскендей төтенше мәлімдеме жасады. Сосын «мектеп бюрократиялық қысымға айналып, тексерістен көз ашпай отырғанын» айтып, әртүрлі инстанциялармен айына үш мәрте, оның ішінде де әдістемелік емес, жазалау мақсатында тексеріліп жатқан мектептерге» араша сұрады. Депутаттың айтуынша, төніп тұратын тексерістердің салдарынан мектеп һәм оның директорлары сапаны қойып, рейтинг қуалауға көшкен. Сөйтіп, білім ошағы балаларға бағдарланудан қалып, «өз оқушыларына агрессияшылығын» таныта бастағанға ұқсайды. «Жалақының мардымсыздығы салдарынан талантты жастар, ер-азамат педагогтер мектепке барудан қалды. Сөйтіп, мектеп зейнетке дейін әупірімдеп өмір сүретін егде әйелдің кейпін келтіреді көз алдыға», – деп қынжылады депутат.
Еңбек дауларын елемесе болмайды
Последние статьи автора