Бүгінгі ұрпақ – болашақтың иесі
«Қандай да елдің ертеңін білгің келсе, оның жастарына қара» деген ұлағатты сөз бар. Әр заман өз ерекшеліктерімен, дарынды өрендерімен, өрелі істерімен тарихта таңба қалдырады десек, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі бойкүйездік кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттылықтың ажырамас бөлігі. Уақыт сөресінен ешқашан түсірмеуге тиіс осынау адамдық міндетімізге болашақтың талабымен қарағанымыз абзал.
Патриотизм, отансүйгіштік туралы айтылып жатқан көркем дүниелер ісімізбен астасып жатыр ма? Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан», – деген сөзі әрбір өскелең ұрпақтың жүрегіне жігер беріп, үлкен жауапкершілік жүгін жүктеген сенім деуге толық негіз бар болғанымен, оның сіңірілуіне үлкен кешенді жұмыс керек. Төл тарихын сонау замандардағы ержүрек, қайсар сақ, Әлкей Марғұлан айтқан «ғұндардың соңы – түркілердің басы» ұрпағынан тарқататын халқымызға бір кездері тарих өз сынағын ұсынды. Ал жаһандану заманында тек экономика ғана емес, мәдениет пен тіл бәсекелестікке түсіп жатқан ғаламда ерлік, өрлік, отансүйгіштік секілді рухани құндылықтар ұлт тағдырымен қоса айтылатындығын кім білді?! Саналы ұрпақ – сапалы ел ертеңінің көрінісі. Бүтіндік, елдік, Тәуелсіздікті тұғыр еткен өрен тәрбиелеу жолында ата-бабамыздан келе жатқан тарихи жадты тірілтіп, ұлттық менталитетіміздің бай мұрасын заман талабына сай жаңғыртуымыз керек.
Бүгінгі балғындардың бойындағы «отан», «отаншылдық», «ұлт», «ұлтжандылық» ұғымдарының тек қартаң тартқан ақсақалдар мен орта тап буын өкілдерін ғана емес, сонымен қатар бар буынды толғандырып отырғаны баршылық. Тек қана «Отан – туған жер, менің туған жерім – Қазақстан. Ұлтым қазақ, ұлтжандылық – өз Отаныңа қызмет ету» деген түсінікті жалаңдана ұғыну қауіпті болмысты тудырары хақ. Отан ұғымын, Отанға деген сүйіспеншілік сырын атақонысты иемдену, Әнұранын жатқа айту, Туын төбеге тігумен шектеу – нағыз көзқамандық. Елін сүймеген адам өзгені де сүйе білу қасиетінен таяздық танытады. Осы жерде қас батыр Баукеңнің сөзіне жүгіну заңды: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқыныш көбейіп тұр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам, екінші, нәрестесіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқам, үшінші, әдемі, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды, үйреніп жатқан бала жоқ, үйрететін әке, әже жоқ».
Қуатты қол, құрыш білек, жолбарыс жүрек, кен-ақылдың иесі батыр Баукеңнің қаупі – туған халқы ертеңінің қамын жеген ердің жанайқайы. Ұлт ұлының сөзін өз әл-дәрменімізше саралауға бел байладым.
Бүгінде әлем ғалымдары баланы құрсаққа біткеннен бастап тәрбиеге алу керектігін дәлелдеп жатса, хақ ислам дінін ұстанған бабаларымыз неке, ер мен әйел денсаулығы мен рухани саулығына ерекше назар аударған. Отбасындағы тәрбие бала өмірінің баспалдағы екендігін айтып, іргетасын қаласқан. Іргетасы осал құрылыстың көркінің де, негізінің де әлсіз болатынын біле тұра, оның үстіне ғимарат құру қауіпті іс екені белгілі.
Осы тұста ата-ана үшін адам санын көбейту емес, халқы үшін қалтқысыз қызмет ететін бала өсіріп, тәрбиелеу алғышарт болуы тиіс. Жақсы бала жақсы ортадан ғана шығады. Өзгелерге өзегімізді ашып, өзіміздегі алыптардың атын айтып мақтанудан еш шаршаған емеспіз. Ал сол аттарын ардақтап, сөздерін санамалайтын тұлғалар неге санаулы? Осыны бір сәт ойға алып көрдік пе? Бұл жерден біз өз сұрағымызға жауап табамыз. Тәрбиенің бастауы тектіліктен дариды. Тектілік тамыры бабаларымыздың ұрпағының ержүрек, адал болып өсуіне баулу сырында жатыр. Десе де, Еуропа елірткен еркіндік түбімізге жететінін ойға да алмаймыз.
Республикамыздың түкпір-түкпірін аралағанымда өте білімді, шыңдалған жастарды көргенде көңіл қуанды. Бүгінде белдескеннің белін үзіп, тіресумен тізе бүктіретін заман өтті. Дамыған елдердің экономикасының белсенді жас аралығы 23-30 жас аралығын қамтығанын Блумберг агенттігі хабарлады. Оған айқын мысал ретінде Facebook әлеуметтік желісін ойлап тапқан Марк Цукербергті мысалға келтіруге болады. Елбасымыздың «ХХІ ғасыр – білім ғасыры» деп топшылауының өзі көрегендіктің нақылы екендігін осыдан түсінуге болады. Әрбір Қазақстанның жасы он бес адамның санасына лайық қарулануы тиіс. Бұл – уақыт талабы, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Біз өркениет өрісі жолында дінімізге, салт-дәстүрімізге барсақ та, біліммен бойлағанымыз абзал. Ұлттық рухтың жүрегі ұлттық сана сезім болса, күретамыры – патриотизм.
Баукең бір сөзінде: «Халықтың халық болып өмір сүруі не жырымдалып жүріп, өз бет-бейнесінен айырылуы сол ұлт өкілінің өзінен кейінгі ізбасарына бабалар аманатын қай салада жеткізуіне байланысты. Ата дәстүр, ана тілі өздігінен жалғаспайды не сырттан біреу келіп көсегемізді көгертіп, сақтап бермейді», – деген.
Қазіргі қазақ қоғамындағы жастарға «мынаны ойлайды, армандайды» деп пікір айту өте қиын. Әр азаматтың өзінің өмірлік ұстанымы мен қызығушылығы бар. Өзім араласатын жастардың дені – мемлекетті алдыңғы қатарлы, дамыған ел ретінде көруді қалап, ұлтының Тәуелсіздік атты асыл мұратының тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде асқанын армандайтын «мемлекетшілдік санасы» қалыптасқандар. Оларды біріктіретін де – осы ортақ ойлары. Алайда бар арманы билік пен ақшаны көздеген жастарды да көз шалып қалуда. Олардың санасы үшін «ұлт», «тарих», «діл», «дін» түсініктері – жат нәрсе. Бүгінгі күнмен өмір сүріп, ертеңін не күтіп отырғанын ойламайтындар қатарын, міне, осы санаттағы азаматтар түзеді. Бұл рухани мәңгүрттікке апарып соқтырған олқылық – жастарымызды тәрбиелеп отырған жалпыұлттық идеяның олқы тұсы.
Жастар саясаты дегенде, біз алдымен экономикалық-әлеуметтік саланы ғана емес, сонымен бірге идеологиялық саланы басты стратегиялық мақсатқа қосуымыз керек. Идеология – жастар ұйымдары ойлайтын секілді бір реттік акция емес, жастардың санасына «мемлекетшілдік сананы» қалыптастыратын кешенді жүйеге негізделгені шарт. Әрине, бұл – оңай шаруа емес.
Ұрпағымызды ұлттық, адамгершілік құндылықтар шеңберінде қолданыстағы «Жастар саясаты туралы» Заңның орындалуын дербес қадағалаған жөн.
Заман иесі, болашақ тұтқасы – жастар. Біз екі кезеңді көрген буынбыз. Ал бүгінгі жастар – Отанға ортақ игілікті пайдаланушы, іске асырушы, дамытушы Тәуелсіз ел перзенттері. Президентіміз Н.Назарбаев өз сөзінде: «Менің халқым өзге ұлттың түсіне кірсе, шошып оянатын ауыр-ауыр тағдырларды басынан кешті. Тіпті тұқым-теберігімен жойылып та кететін жағдайда болды. Бірақ азаттыққа деген арпалыс, Тәуелсіздікке деген талпыныс осы күнге жеткізді», – дейді. Шындығында, мұндай әлемге айқара құшақ ашқан кезең қазақ жұртында бұрын-соңды болған емес. Тәуелсіздік сонысымен де еш нәрсеге айырбастамас, жоғалтып алуға болмайтын құндылыққа айналуы тиіс. Осы орайда өткенді үлгі қылып, рухы бодандыққа бой алмаған Тәуелсіз ел перзенттерінің «тәуелсіз санасын» қалыптастыру идеясы – заман туғызған қажеттілік.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: білімді де ілімді, қауқары найзағайдай жарқылдап, қара бұлтты қақ жарған жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі уақыт еншісіндегі енжарлықты көтермейтін ең басты қоғамдық міндет.