Берік отбасының діңгегі – дәстүр
Астанада «Берік отбасы – қоғамның тірегі» атты республикалық конференция өтті. Президент жанындағы әйелдер және отбасы ісі жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, Парламент депутаттары және іскер, белсенді әйелдер бас қосқан маңызды жиында бірқатар мәселелер ашық айтылды. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірлері мен Алматы қаласындағы әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалады екен. Бұл мәліметтерді келтірген Мәжілістің Мәдени-әлеуметтік даму жөніндегі комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева аталған жағдай оңтүстік аймақтарда біршама жақсы екенін тілге тиек етті.
Қазіргі жаһандану, қарқынды бәсекелестік кезеңінде барлық мемлекет демография мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Ал демографияның қалыпты ырғағын қалыптастыру үшін отбасы құндылығына ерекше көңіл бөлінуі шарт. Отбасы құндылығы – кез келген мемлекеттің ұстанып отырған басты саясаты. Педагогтер де, дін өкілдері де шаңырақтағы ата-ана, бала үштағанының үйлесімді дамуы мемлекет іргетасының берік болуына қызмет ететінін айтады. Жоғарыда келтірілген деректер демографияны ұлттық саясатының негізі деп санайтын Қазақстан үшін жағымды мәліметтер емес.
Отбасы бірлігіне экономикалық жағдайдың ықпалы қаншалықты?
Демография мәселесін шешу үшін мемлекет жыл сайын түрлі бағдарламалардың жүзеге асуына мұрындық болып, көптеген жобаны қаржыландырады. Алайда қомақты қаржымен халықтың саны көбейіп, отбасы құндылықтары артып отырмағаны белгілі. Мұны экономикалық жағынан қуатты қазіргі еуропалық мемлекеттер мен АҚШ-тың тәжірибесінен анық аңғаруға болады. Ішкі жалпы өнімнің деңгейі жоғары мемлекеттерде де отбасы құндылықтарының жойылып бара жатқанынан хабардармыз. Осы ретте мынадай қызық дерек келтіре кетсек: еуропалық социологтер ұйымы зерттеулер жүргізіп, ерлі-зайыптылардың айырылысуына экономикалық жағдайдың ықпалы бар екенін дәлелдеді. Отбасы мүшелері керісінше, экономикалық жағдай қиын кезде бір-біріне жақындай түседі екен. 2008 жылы кәріқұрлықты құрсауына алған әлемдік дағдарыс Испаниядағы ажырасулардың санын 12 пайызға дейін қысқартқан екен.
Отбасын ойрандайтын факторлар жиілеп келеді
Коммуникация жетіліп, ғылыми-технологиялық жаңалықтардың көптеп ашылуы да шаңырақ көтерген жастардың жолын екіге айыруға ықпал етіп отыр. Мысалы, әйгілі әлеуметтік желі – «Фэйсбук» АҚШ-тық әрбір бесінші отбасының ажырасуына әкеледі екен. Біздің елде кеңінен тараған «Мой мир» әлеуметтік желісінің, ұялы байланыс қызметтерінің де отбасы құндылығына теріс әсері көп.
Жанар, «Мой мир», «Фэйсбук» әлеуметтік желілерінің қолданушысы:
– Менің басымнан да, құрбыларымның басынан да түрлі оқиғалар өтті. Жалпы, әлеуметтік желілердің түпкі мақсатының өзі – әлемнің қай нүктесінен болсын дос табу. Интернеттегі шетелдік, отандық достарыммен сөйлесіп отырғанда отағасымен келіспей қалатын тұстарымыз болып тұрады. Қызғану, ұрыс-керіс кейде сондай кезде туындап кетеді. Бір құрбым әлеуметтік желі үшін сөз байласқан жігітіне тұрмысқа шықпай қалды.
Бұл – бір ғана мысал. Мысықтілеулі түрлі діни ағымдардың жетегінде кеткен қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсті. Ұлттық ырым-тыйымдарды Құдайға серік қосу дейтін әсіредіншілдердің де отбасының бірлігіне тигізер зияны баршылық. Мұндай оқиғаларды көптеп кездестіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта отбасының берекесін алатын фактор жиілей түспек.
Осы ретте «Берік отбасы – қоғамның тірегі» атты республикалық конференцияда сөз алған Іскер әйелдер ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаева тамаша ұсыныс айтты. Ол қазақстандық отбасылардың берекесін арттыру үшін қазақтың отбасылық дәстүрлерін жаңғырту керектігін алға тартты. Бұл ұсыныстың жаны бар. Себебі осы жиында Мәжіліс депутаты Динар Нөкетаева келтірген деректер қазақтың дәстүрлі отбасы құндылығы сақталған жерде ғана отбасы бірлігі артып, демографиялық өсімнің арта түсетінін дәлелдеп отыр. Жасыратыны жоқ, оңтүстік өңірлерде теріскеймен салыстырғанда қазақылық басым. Сондықтан да шығар, шаңырағы шайқалған отбасылардың саны аз, өмірге келген баланың қарасы көп. Раушан Сәрсембаеваның ұсынысынан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова өзі басқаратын ұлттық комиссия жүргізген зерттеулердің қорытындысына сүйене отырып: «Қазақы отбасы құндылығы әлі де болсын сақталған, тек оны әрі қарай дамытып, отбасы құндылығын кеңінен насихаттауымыз керек», – деді.
Бір пікір
Ал ерлі-зайыптылардың отбасын сақтап, ұрпақ көбейтуінде олардың өз отбасынан алған тәрбиесінің рөлі ерекше деп есептейтін Зейнеп Ахметова апамыз былай дейді:
– Отбасыдағы бала тәрбиесі туралы айтылғанда балабақша бар ғой деп ойлауы мүмкін баз біреулер. Шынын айту керек, балабақша – ата-аналар жұмыс істеу үшін ойластырылған заманның қажеттілігі. Балабақшаның тәрбиесі мен ата-әженің тәрбиесін салыстыруға келмейді. Өйткені ата мен әже – шежіре, олар ата-бабасынан бері қарайғының барлығын балаға үйретеді. Ал балабақшада бірдей тамақ ішетіні, бір өлеңді жаттайтыны, бір бөлмеде бәрі бір уақытта ұйықтайтыны, яғни жалпыға бірдей тәрбие берілетіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде бала тұлғалық қасиеттен айырылады, жеке адам ретінде қалыптаса алмайды, өзіне ғана тән болмысы жойылады. Балабақшада өскен баланың есінде ештеңе қалмайды. Сондықтан ұлттық перзентхана, ұлттық балабақша ашатын кез жетті.
Ұсыныстар
Қазақтың отбасы құндылығын жалпыхалықтық деңгейге көтеру үшін біраз мәселені қолға алу қажет сияқты. Бұл ретте бізде мынадай ұсыныстар бар:
• халықтың санасына, тәрбиесіне ықпалы зор телеарна арқылы отбасы құндылықтарын насихаттайтын бейнероликтер көрсету;
• прайм-тайм уақыттарда қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын көрсететін бағдарламалар ұсыну;
• қай тілде оқытылсын, мектептер мен жоғары оқу орындарында отбасы құндылықтарын дәріптейтін сағаттар ашылуы қажет.
Түйін
60-80 жылдарда Батыс әлеміндегі субмәдениеттің кең қанат жайғаны белгілі. Субмәдениетті насихаттаушы алғашқы толқын бүгінде сарытісті қарияға айналды. Уақыт өткен сайын христиандық, еуропалық мәдениеттен жырақтап кеткен Батыс әлемінде отбасы құндылығы тозудың алдында тұр. Ерлі-зайыптылардың көптеп ажырасуы, демографиялық тоқырау – Батыстың басындағы бүгінгі дерт. Кезінде батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» – деген екен.