Астана – бірліктің символы
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
– Астана – халқымыз үшін Тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ. Қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді, дәулетін әлді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да Елбасы мен елорда – егіз ұғым.
Уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана — тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі. Арманы мен тілегінің кепілі. Сондықтан бас қалаға деген талап та, талғам да қашанда жоғары. Бұл орайда, оның үдесінен шығып, үлгілі үлгерім көрсету – өңірлерге өнеге болып отырған Астанамызға қойылар басты талап.
Төлеген Мұхамеджанов, Парламент Сенатының депутаты:
– Астананы Тәуелсіздіктің символы демеске амал жоқ. Өйткені Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін ғана егеменді ел болып, Елбасымызды сайлағаннан кейін ғана Елбасының шешімімен осындай астанаға қол жеткізіп отырмыз. Бұлай болмағанда, еліміздің ортасынан ойып алып қаланған астанамыз болмас па еді? Астана – халқымыздың өзі еркімен таңдап алған астанасы. Өйткені мұның алдында бізге Ресей Орынборды, Қызылорданы, Алматыны астана қылып берді. Бұл қалалар өзіміздің таңдауымызбен болған емес. Сондықтан да Ақмоланың Астана болып қалануы, Есілдің сол жағалауында 10 жылдың ішінде жаңа қаланың ертегілердегідей пайда болуы ғажап дүние болды. Бұл басында Президентіміздің арманы болған. Ал қала салынып болғаннан кейін, Астана барлық қазақстандықтардың арманына айналды. Себебі әрбір қазақстандық осы қалаға келгісі, Астананы көргісі келеді, біреулер осында балаларын оқытып, енді біреулер тұрғысы келеді. Астана – егемендігіміздің символы ғана емес, Тәуелсіздігіміздің жеңісі мен жемісі. Астана – шыққан шыңымыз бен бағындырған белесіміздің көрінісі. Қиын-қыстау кезеңде, әлемде дағдарыс болып жатқан кезде еліміз әсем қаланы тұрғызып, әлемге паш етті.
Мырзатай Жолдасбеков, Президенттік мәдениет орталығының директоры:
– Астана бүгінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемдік руханияттың астанасына, әлемдік саясаттың ордасына айнала бастады. Былтырғы өткен Астана саммиті, биылғы Ислам ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттер кеңесіне, Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығымыз, сондай-ақ әлемдік деңгейде дүбірлеп өтіп жатқан форумдар, жиындар Астананың мәмілегерлік, Қазақстанның дипломатиялық деңгейін көрсетеді. Тәуелсіздік алған кезде иттің күшігі сияқты босағадан сығалаған ел едік, қазір әлемнің төріне шықтық. Біз — өзімізбен-өзіміз болып осы уақытқа дейін орда тікпеген елміз. Кеңес өкіметі заманында Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары астана болды, бірақ олар өз қалауымызбен астана болмады. Өзіміз өз болғалы осы Астананы астана қылып, орда еттік. Еңселі, іргелі ел болдық. Бізді әлем таныды, мойындады, әлемге сөзіміз өте бастады, ықпалды мемлекет болдық. Осы саясаттың бәрі Астанада жүзеге асып жатыр. Бұрын Тәуелсіздік арман болса, бүгінде Астана арман қалаға айналды. Қай жағынан қарасаң да, Астана мемлекетімізді алға сүйреп келе жатқан локомотив тәрізді. Тәуелсіздік арманы даму болса, дамудың айқын мысалы – Астана. Қазір Қазақстанның барлық қалалары Астанаға қарап бой түзейді. Екі дәуірдің тоғысында Қазақстаннан басқа астана салған мемлекет жоқ. Сондықтан мен Астананы жер бетінде, аспан астында Құдайдың құдіретімен пайда болған құбылыс деп есептеймін. Осының қадіріне жетіп, аялай білуіміз керек.