Ашаршылықтың 80 жылдығын атап өту арқылы жалпыұлттық көзқарас қалыптастыруымыз қажет
Қаймана қазақты қынадай қырып өткен ашаршылық туралы қазақ баспасөзінде ғана жиі көтеріледі. Нәубетті жылдардың ақиқатын жалпыұлттық деңгейге көтеруге мүдделілік танытып, тұрақты түрде қаузап жүргендердің бірі – біздің басылым. Біз бұдан бұрынырақ ашаршылық құрбандарына тағзым да жетіспей жатқанын, ескерткіш мәселесін көтеріп жүрген қоғамдық ұйымдар шырылдағанмен, оған құлақ асар ешкім болмай тұрғанын ашық жазған едік. Шыны керек, тұтас қоғам кілең халықтың қалаулыларынан тұратын Парламенттен үміт күткен. Ұлттың көкейінде жүрген ашаршылыққа жалпыұлттық көзқарас қалыптастыру мәселесін жақында Елбасының өзі бірінші болып көтерді.
Назарбаев университетінде жастармен кездесуінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Еліміз биыл қазақтардың 40%-ының өмірін қиған ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтеді», – деп мәлімдеген еді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Биыл мен елімізде ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуге тапсырма бердім. 1929-1930 жылдары қазақтардың 40% қырылды. Біздің аталарымыз, менің әкелерім бұл қалай болғанын айтатын», – деді. Елбасы халқымыз талай қиындықты көргенін, бұдан біз сабақ алып, алға жылжуымыз керектігін атап айтты.
Президент мемлекетқұраушы ұлттың талабына дөп келетін шешім айтты. Ашаршылықтың ақиқатын айтып, мемлекеттік деңгейде ортақ көзқарас қалыптастыратын уақыт пісіп-жетілді. Қазірдің өзінде халқының саны 45 миллионнан асатын украиндер ашаршылықты геноцид деп таниды. «3-3,5 млн украинды жалмап өткен зұлматты ұлтты жаппай қырды» деп айыптап, арнайы заң қабылдап үлгерді. Қазір украин тарихындағы ашаршылықты әлемнің 30-ға жуық елі геноцид деп қабылдады. Олардың қатарында Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Латын Америкасы, Австралия құрлығындағы өркениетті, дамыған мемлекеттер бар.
Тарихшы қауым 1919—1922 жылдар аралығында 1 млн, ал 1931-1933 жылдары 2,4 млн қазақ аштан қырылғанын айтады. Украинамен салыстырғанда нәубетті кезеңде аштықтан қырылғандардың жалпы саны бірдей болғанмен, жалпы халықтың санына шаққанда қазақтың қарасы айтарлықтай сиреп қалды. Сонымен, ашаршылықтың 80 жылдығына орай қандай шаралар жасалуы қажет?
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Бізде ашаршылыққа, саяси репрессияға қатысты материалдар толық ашылған жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат қорларында жатқан республикалық, облыстық ашаршылыққа қатысты материалдар көтерілуі тиіс. Себебі тарихшылар мен зерттеушілерге сол материалдарды бермей ұстап отыр. Бұл – әділетсіздік. Нақты айтар болсақ, Кеңес өкіметінің қылмысын жасыру деген сөз. Қазақстан өзін Кеңестер Одағының заңды мұрагері деп жариялаған жоқ қой. Онда неге қылмыс қасқана жасырылуы тиіс? Сондықтан ғалымдардың объективті зерттеуіне мүмкіндік беру керек. Сонда ғана шындық ашылады. Посткеңестік елдердің ішінде Украинада бұл мәселе жақсы зерттелді. Тарихшыларымыздың зерттеуіне мүмкіндік берілмеуінен бізде әлі күнге дейін ашаршылыққа қатысты көптомдықтар, монографиялық еңбектер шыққан жоқ. Бұл нені білдіреді? Бізде әлі күнге дейін отандық тарихшылардың ашаршылыққа қатысты дербес тұжырымдамасы жоқ дегенді білдіреді. Осы арқылы біз украиндердің ғылыми еңбектеріне тәуелді боламыз. Солардың аштыққа байланысты көзқарастарын қабылдаудан басқа амал қалмайды.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
– Біріншіден, әрбір облыс ашаршылықтан қырылғандарды еске алып, үлкен-үлкен ас берулері керек. Екіншіден, бұл тек 80 жылдықпен шектелмеуі тиіс. Қазақ үшін қаралы күн ретінде белгіленуі қажет. Қазақ ұлты басынан небір нәубетті өткізді ғой. Бірақ халықтың тең жартысы қырылған зұлмат болған емес! Біз 90-жылдары азалы күн өткізетінбіз. Үшіншіден, біз қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен араластырып атап өткен боламыз. Міне, осы екі басқа мәселенің аражігін ажыратып алу қажет. Төртіншіден, ашаршылыққа жалпыұлттық көзқарас қалыптастыру үшін облыс орталықтарында ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш қою керек.
Бізден ұсыныс
Ашаршылықты зерттейтін қауымға кеңінен ақпараттық қолдау қажет. Мысалы, бізге үлгі боларлық аштық туралы шынайы деректер, фотосуреттерге біздің тарихшы ғалымдар қол жеткізе алмай жүрсе, Украинада әрбір ынталы азамат біледі. Өйткені тек ашаршылыққа қатысты танымдық сайттар жұмыс істейді. «Анти-Голодомор-Геноцид» атты фанклубы белсенді. Тіпті Сталин бастаған КСРО көсемдеріне жергілікті сот шешім шығарып айыптағаны да бар. Бізде жағдай басқаша. Әзірге қазақ баспасөзі мен қазақтілді тарихшылардың ғана проблемасы сияқты көрінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ашаршылықтың 80 жылдығын атап өту жөніндегі тапсырмасын лайықты деңгейде жүзеге асыру құзырлы орындарға жүктелсе, жұмысты қадағалап, талап қою қашанда халықтың еншісінде. Осы ретте электронды Үкіметті дамытуды қолға алып жатқан елімізде ресми органдар бұқараның ұсыныс білдіруіне жағдай жасаса деген тілек бар. Шенеуніктер Президенттің тапсырмасын жоғары деңгейде атап өтеді деген сенім де жоқ емес.