Арал маңындағы байлықты ағайындар қалай бөліспек?
«Меніңше, біздің де еліміздің бір жерінде мұнай бар, болуы керек. Ал егер мұнай болса, меніңше, бір жерден газ атқылап шығуы да ғажап емес. Іздеу керек. Шын беріліп іздеген адамның таба алмауы мүмкін емес». Белоруссия Президенті Александр Лукашенконың аузынан шыққан осы сөздер әлемдік БАҚ-та бірнеше күн әзілге айналып, саясаткерлердің езуін тарттырған еді. Расында, қазір кез келген ел артық тер төкпестен, аста-төк байлықтың астында қалу үшін мұнай кенін тауып алуды армандайтын болды. Белоруссия Президентінің жаңағы сөздері «қайдағы бір өнерсіз елдер шикізаттың арқасында бай тұрып жатқанда бізден де неге бір тегін байлық табылмайды» деген ішкі қалау мен реніштен туындаған сияқты.
Осыдан бес-алты жыл бұрын Өзбекстанның Арал маңынан шикізат көздерін іздемек болып жүргені айтылып жүрді. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, Арал маңын барлау жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен және оған түрлі елдер мен компаниялардың тарапынан қомақты қаржы құйылған. 2006 жылы Арал теңізінің Өзбекстан аумағындағы кен орындарын іздестіру жұмыстарын жүргізуге бес инвестор бірлесіп келісім жасаған еді. Олардың қатарында «Өзбекмұнайгаз», ресейлік ЛУКОЙЛ, малайзиялық Petronas, қытайлық CNPC және кореялық KNOC компаниялары бар. Жобаға инвесторлар алты жылдың ішінде 110 млн доллар жұмсаған.
Дегенмен сол барлау жұмыстарының нәтижелері ешбір басылымда ресми айтылып жатқан жоқ. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын ташкенттік журналистердің мұнай іздеушілермен бірге Арал маңын аралап, барлау жұмыстарына атсалысып қайтқанын естіген едік. Дегенмен қомақты қаржы құйған ресейліктер әзірге сәтсіздік кешіп жатқан сияқты. Соған қарамастан, Мәскеу Өзбекстанның Арал маңынан көмірсутек көздерін іздестіру шараларына қатысты ықыласын сейілтпей, айтарлықтай қол ұшын беріп жатқаны сөз болуда. Қазір Ресей Өзбекстаннан шамамен 9 млрд текшеметр газ импорттайды. Бірақ мұны азсынып отыр. Шамамен 20 млрд текшеметр тасуға қажеттілік бар екені айтылуда.
Арал акваториясында қанша көмірсутек қоры бар?
Әртүрлі деректер бойынша, Арал маңындағы көмірсутектің жалпы қоры 2 млрд тонна мұнай және 2 трлн текшеметр газды құрайды. Геолог мамандар 12,5 мың шаршы шақырымды құрайтын Арал акваториясында 30-ға жуық мұнай-газ кен орны болуы керектігін айтады. Бұл көрсеткіш Орталық Азиядағы мұнайдың – 31 пайызына, газдың 40 пайызына тең. Яғни Каспий маңындағы ең ірі ресейлік кен орындарын екі еселейді. Ал өзбек мамандарының болжауынша, Аралдың табанында 470 млрд текше метр газ бар.
Осындай геологиялық болжамдармен қанаттанған Өзбекстан көп жыл бойы Арал маңына ешбір шетелдік компанияны жолатпай келді. Мұнысы «өз күшімізбен игереміз» деген ұстанымнан туындаған болуы керек. Алайда қазір бұл ұстанымнан барынша айныған сияқты. Керісінше, Арал маңындағы шикізат көздерін іздеуде кез келген елмен, компаниямен әріптестік орнатуға дайын екендіктерін білдіруде. Жалпы, өзбек билігі Кремльмен қатар, Бейжіңге де көп мүмкіндік ұсынуға дайын. Мәселен, қазір Ресей өзбек газының 1000 текше метрін 220 доллардан сатып алса, Қытай 90 доллардан алады екен. Бұл жағынан келгенде, Қытай да Өзбекстанда жаңа кен орындарының пайда болуын қуана қарсы алар еді.
Болжам бойынша, 2014 жылы Қытай әлемдегі ең көп энергия пайдаланушы ел атанады. Яғни Қытайдың мұнай шикізатын импорттаудағы сұранысы қазіргі көрсеткіштерден үш есеге дейін артады. Сол сұранысты өз деңгейінде қамтамасыз ету үшін Қытай қазірден бастап шикізат көзін іздей бастауы қажет және сол бағытта әрекеттеніп те жатыр. Қытай үшін энергия тасымалдаудың үш негізгі ошағы бар десек, олардың біріншісі – Африка, екіншісі – Орталық Азия, үшіншісі Иран болып табылады.
Аралдағы шикізат көзі екі ел арасын алыстата ма?
Өзбекстан қазірдің өзінде аймақтағы ірі газ өндіруші ел болып саналады. Газ өндіруде Түрікменстанмен шамалас. Сарапшылардың айтуынша, егер Аралдың маңынан жоғарыда көрсетілгендей көлемдегі көмірсутек табылса, Өзбекстан Орталық Азиядағы ең негізгі энергия тасымалдаушы елге айналады. Әрине, бұл жағдайда Қазақстан мен Өзбекстан арасында бәсекелестік пайда болады. Бұл бәсекелестік таза нарықтық заңдылықтармен шектеліп қалмай, екі ел арасында жағымсыз қатынастарға да жол берілуі мүмкін. Себебі Өзбекстан мен Қазақстан әлі күнге дейін Арал теңізіндегі шекарасын бекітіп үлгерген жоқ. Ал әлдебір кен орындары әшкере болғаннан кейін оның оңай бекітілуі неғайбыл. Бес мемлекет арасында бөліске түсе алмай жатқан дәл қазіргі Каспийдің күйін кешіп, мұнда да теңіздің құқықтық мәртебесін анықтай алмай, дал болуымыз әбден мүмкін. Әзірше көршілес қос мемлекет Арал теңізі маңындағы көмірсутектердің иелігі қалай анықталатыны жөнінде келіссөз жасаған жоқ. Жалпы, Қазақстан жағы Аралдағы шикізат көздерін анықтауға асығып жатқан жоқ. Дегенмен Қазақстанның Каспий маңындағы мұнай қоры да ары кеткенде 10-15 жылда таусылады. Яғни Қазақстанның да жаңа кен орындарын іздестіре бастайтыны белгілі.