19 тамызға тағайындалған ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға еліміздің 15 өңірінен кандидаттарды тіркеу аяқталды. Жалғыз Ақтөбе облысында үміткерді тіркеу ісі іркіліп қалды. Соған орай кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысында Ақтөбе облысы бойынша кандидаттарды тіркеу мен ұсыну мерзімдерін ұзарту туралы қаулы қабылданды.
Басқа өңірдегі сенатор боламын дейтін кандидаттар білегін сыбанып, шілденің 30-ынан үгітті бастауға бекемделіп жатқанда, Ақтөбе облысында ерекше іркіліс байқалды. Аймақтық сайлау комиссиясының ұсынымына қарағанда, өңірден бұған дейін үш кандидат Сенат депутаттығына тіркелгенімен, кейіннен олардың екеуі өз еріктері бойынша ұсыныстарынан бас тартып, кандидатураларын кейін қайтарып алыпты. Ал «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 71-бабы 7-тармағына сәйкес, Сенат депутаттығына өңірлерден ұсынылатын кандидаттар саны екеуден кем болмауы шарт. Сондықтан да заң үдесін ескере келе һәм Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының ұсынымын негізге ала отырып, Орталық сайлау комиссиясы Сенат депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсынуды Ақтөбе облысы бойынша – 31 шілдеге дейін, ал оларды белгіленген тәртіппен тіркеуді 5 тамызға дейін ұзартуды жөн деп тапты. Сосын бұл туралы арнайы қаулы шығарды.
«Заңға сәйкес, кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған күні Сенаттың депутаттығына екеуден кем кандидат тіркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы тиісті аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша кандидаттарды ұсыну мерзімін 20 күннен аспайтын мерзімге ұзартады. Ақтөбе облысы бойынша үш кандидат тіркелген еді, олардың екеуі өздері ұсыныс жасап, кандидаттықтан бас тартты. Енді осындай қадам жасап отырмыз», – деді жиын барысында Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов. Сөйтіп, ақтөбелік кандидаттарды тіркеу 5 тамызға дейін шегеріледі. Ал тіркеуден сүрінбей өткен үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысына тек 6 тамыздан бастап кірісетін болады. Қалған іс-шаралар жоспары еш өзгеріссіз қалып отыр, яғни Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру күні бұрынғысынша барлық өңірде бірдей 19 тамызда өтеді. Сөйтіп, Ақтөбе өңірінен кім тіркелсе де, ендігі өзінің үгіт жұмысын алты күнге кеш бастайтыны белгілі болып отыр. Қалған өңірлер Сенат депутаттығына таласқа түсу үшін сақадай-сай тәрізді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Парламенттің салиқалы палатасы саналатын Сенаттың 16 «креслосына» 14 облыс пен Астана және Алматы қалалары бойынша үміткерлер арасында талас жүретін болады. Тіркеу шарасы кейінге шегерілген Ақтөбе облысын қоспағанда, ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына, қазіргі мәліметке сәйкес, 55 кандидат тіркелген. Кандидаттардың 14-ін мәслихаттар ұсынған болса, қалған 41-і өзін-өзі ұсыну жолымен бақ сынауға бекініпті. Тіркелген 29 кандидат – «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының, біреуі – «Ауыл» социал-демократиялық партиясының, біреуі – «Ақжол» демократиялық партиясының, біреуі – «Руханият» партиясының мүшесі. 15-і партияда жоқ. Сегіз кандидат өздерінің партияға қатыстылығын көрсетпеуді ұйғарыпты. Жалпы, Сенат сайлауының барысы қалыпты жағдайда, қажетті құқықтық аяда өтуде. Әйтсе де бұған дейінгі тіркеу үдерісіне қатысты Орталық сайлау комиссиясына екі шағым жасалып, бір іс сотта қаралған.
«Бүгінге дейін Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен екі шағым тіркелді. Біз оларды Ішкі істер министрлігінің және басқа да тиісті ведомстволардың қатысуымен қарап шығып, қажетті жауаптарын бердік. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аталған мәселеге қатысты аудандық сот іс қарады. Онда қазіргі уақытта Парламент Сенаты депутаты болып табылатын азамат Солтүстік Қазақстан облысы бойынша кандидаттардың бірін тіркеу барысындағы жіберілген кемшіліктерге қатысты шағым жасаған. Сот ісіне қарағанда, депутаттың берген шағымы шындыққа сәйкеспейді», – деді ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
Ақтөбе облысы бойынша Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу мерзімі ұзартылды
Последние статьи автора