Австриялық «Крона» газетіне сілтеме жасаған ҚазТАГ агенттігі ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың сұхбатының ықшамдалған нұсқасын жариялады. Шетелдегі экс-чекист австриялық басылымға берген сұхбатында тосын мәлімдеме жасап отыр.
ҚР ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев оған Венада жасалған қастандық пен оны ұрлап кетуге жасалған әрекеттер «қазақстандық арнайы қызметпен байланысты емес, Австриядағы экс-елші Рахат Әлиевтің өзімен байланысты деп мәлімдеді», – дейді австриялық «Крона» газеті. «Маған жасалған қастандық пен мені ұрлап кетуге жасалған әрекеттер ҚР ҰҚК қызметкерлерімен байланысты емес, бұл Р.Әлиевтің адамдарымен байланысты. Маған шынымен екі рет жасалған шабуылдан аман қалудың сәті түсті», – дейді Ә.Мұсаев «Крона» газетіне. Экс-чекист бұл шабуылдарды оған Нұрбанктің бұрынғы топ-менеджерлеріне (Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлиевке) кім қастандық жасағаны белгілі болғандықтан жасалып отыр деп есептейді. «Ол Р.Әлиевтің тапсырмасы бойынша жасалды. Мен бұл туралы бәрін білгенмін, енді мені ар азабы қинап жүр», – дейді Ә.Мұсаев. Басылым тілшісінің «Мұны Парламент комиссиясының 26 тамызда Р. Әлиевтің ісін қарайтын отырысы қарсаңында айтуға не түрткі болды?» деген сауалына ҚР ҰҚК экс-төрағасы «моральдық жауапкершілік пен парызым деп сезінемін» деп жауап беріпті. Ә.Мұсаев австриялық тілшіге Р.Әлиев өзінің Австрияда жүргенімен, мұндағы саяси баспана алуына Венада «алдын ала қалыптастырылған саяси байланыстар», әсіресе, Австрияның бұрынғы ІІМ басшылығымен жасаған байланыстар себепші болғанын айтып берген.
«Крона» мәліметтері бойынша, жақында Қазақстанның бас прокуратурасы Австрия Республикасының әділет министрлігінің атына хат жолдаған, онда «Қазақстан азаматы Ә. Мұсаевты елге қайтару туралы сауалдың кері қайтарылып алынатыны» хабарланады. Ал Ә.Мұсаевтың бұл сұхбаты сол хатпен байланысы бар-жоқтығын басылым хабарламайды.
Естеріңізге сала кетсек, 2008 жылы 25 қыркүйекте желілік БАҚ-тарда Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевке шабуыл жасалғаны туралы хабар жарияланған (бір болжам бойынша шабуылшылар мақсаты Әлиев болған). Алдын ала мәліметтер бойынша, Әлиев жеңіл жарақат алып, Ә. Мұсаев ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылған. Сонымен бірге Мұсаевтың тілмашы Австрия азаматшасы Лидия Айкмайердің жараланғаны белгілі болған. Алайда кейін белгілі болғанындай, Әлиевтің Мұсаевпен бірге болғаны, оның жараланғаны расталмады. The Wall Street Journal-ға берген сұхбатында Ә. Мұсаев оған тапаншамен қаруланған 4 адам шабуыл жасағанын, оларға қарсылық танытқанда, өтіп бара жатқандар назар аударып, шабуылшылар қашып кеткенін айтқан еді.
2007 жылдың 26 наурызында Ақмола гарнизонының сотымен Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Р. Әлиев пен оның сыбайласы Ә. Мұсаев мемлекеттік құпияларды заңсыз алу мен жариялау, қару-жарақты ұрлау, билік пен қызмет бабын асыра пайдалану, мемлекеттік мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру, рейдерлік, тыңшылық әрекеті бойынша айыпталып, сырттай тиісінше 20 және 15 жылға сотталған болатын.