АҚШ-та өтіп жатқан «журналистік шеберлік және этика» семинары барысында ел астанасындағы беделді жоғары оқу орындарының бірі Дж. Вашингтон университетінде болашақ журналистерге дәріс беріп жүрген ғылым докторы Марк Фельдштэйнмен кездесу болды. Марк Фельдштэйн әлемге әйгілі CNN, BBC Америка сияқты теле-радио саласында жұмыс істеген, тәжірибесі мол, жергілікті газет-журналдарда қызмет етіп, түйгені көп білікті журналист көрінеді. Кездесу барысындағы әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Марк ФЕЛЬДШТЭЙН, Дж. Вашингтон университетінің профессоры:
— Сіз болашақ журналистерді оқытып жатырсыз. Жалпы, әлемнің көптеген елінде журналистерді арнайы факультетте оқытуды құп көрмей жатыр. Сарапшылар «егер БАҚ жылдар бойы жалпы журналистиканы оқып шыққан журналисті емес, белгілі бір саланы терең меңгерген мамандарды тартса, халыққа әлдеқайда сапалы дүние ұсынар еді» дейді. Осыған сіздің пікіріңіз қандай?
– Мен де осы сарындағы пікірлерді қолдаймын. Мысалы, мен өзімнің саналы ғұмырымның 20 жылдан астам уақытын журналистикаға арнаған адаммын. Журналистика күрестен ғана тұратын өте сирек кездесетін мамандық қой. Осы аралықта қолымдағы қаламым маған нан тауып бере жүріп, басыма талай рет таяқ болып тиді. Елдегі саяси жағдайды ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын елдердегі жағдайларды да оқырмандарым мен көрермендерімнің назарына ұсындым. Осы аралықта журналистиканың барлық қырын көріп, сырын ұқтым десем де болады. Бірақ менің мамандығым журналист емес. Яғни бірнеше жыл бойы журналистикада оқып барып журналист болған жоқпын. Негізгі мамандығым – саясаттанушы. Бірақ менің қалап алған мамандығым журналистикадағы қызметіме ешқандай да кедергі келтірген жоқ. Керісінше, осы саланы еркін білуіме пайдасын ғана тигізді. Сондықтан бұл пікірді толығымен қолдаймын.
– Дүниені дүрліктірген Викиликс дауына қандай баға бересіз?
– Біріншіден, қандай да бір құпияның ашылуын жаны қалайтын кез келген журналист сияқты, менің де қызығушылығым болды. Екіншіден, осы елдің азаматы ретінде менің төлеген салығыма жұмыс істеп отырған үкіметтің қалай жұмыс істегенін, болашақта не жасамақ ойы бар екенін білу өте маңызды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Викиликстің, оның иесі Джулиан Ассанждың қадамдарына риза болдым. Бірақ Викиликсті «сүттен — ақ, судан таза» деп тағы да айта алмаймын. Өзіндік қателіктері болды. Мысалы, барлық материалдар саясиланған. Әрине, Джулиан Ассанж журналист емес. Ол — тек қана хакер. Сондықтан да дайын материалдарды пайдалану жағы кемшін болды деп ойлаймын.
– Біздің білуімізше, АҚШ-та ақпарат саласының жұмысын реттеп отыратын министрлік жоқ. Сонда сіздерде қандай да бір басылым ашу үшін тіркеуден өту қажет емес пе?
– Иә, біздің елде ақпарат саласының жұмысын үйлестіріп отыратын орталықтанған ведомство жоқ. Бірақ кейбір ақпарат құралдарына лицензия алу керек болады. Мысалы, сіз қандай да бір радио желісін ашпақ болсаңыз, сізге міндетті түрде лицензия алу керек болады. Ол құжат сізге жеке толқын берілгенін білдіреді. Бізде радиоарналар өте көп. Бірінің жиілігіне екіншісі түсіп кетпес үшін осындай жүйе қызмет жасайды. Ал басылымдарға келер болсақ, қандай да бір газет немесе журнал ашқыңыз келсе, оны тіркемей-ақ жұмысыңызды бастай бересіз.
– Сіздің елде қандай да бір мемлекеттік құжатты жария еткен журналист бас бостандығынан айырыла ма?
– Менің білуімше, біздің елде журналистің мемлекеттік құпияны бұқараның алдына жайып салуы сонау Вашингтон билік еткен тұстан бері жалғасып келеді. Мұндай жағдайда Үкімет бірінші кезекте журналисті емес, сол журналиске материалдарды берген адамды іздейді және сол адамды анықтап, тиісті жазасын береді. Көп жағдайда жария етілген мемлекеттік құпияның құндылығына, салмағына байланысты. Егер шектен шығып жатса, журналист те сыбағасын алады.
– АҚШ-тың ақпарат саласында мәліметтерді сатып алу үрдісі бар ма?
– Менің журналист болып қызмет еткен жылдарымда мұндай жағдай кездесіп көрген емес. Көбінесе, журналистік зерттеулермен айналыстым. Мен жұмыс жасаған ақпарат құралдары мәліметтерді сатып алмайтын. Жалпы, еліміздегі іргелі ақпарат құралдарының ешқайсысында мұндай әдет жоқ. «Сары басылымдар» арасында бұл үрдіс бар.
– Біздің елде блогосфера жақсы қарқын алып келеді. Блог жүргізу бұқаралық сипат алып бара жатқандықтан ба, біздің қоғамда «блоггерлер қоғамдық пікір қалыптастыруда журналистерді басып озуы мүмкін» деген пікір қалыптасып келеді. Жалпы, блогосфера ертерек дамыған елдің өкілі ретінде «блоггерлер журналист бола алады» деген пайымға қалай қарайсыз? Сондай-ақ біздің елде шенеуніктерден бастап, әлеуметтік желілерді пайдалану үрдісі қанат жайып барады. Сіз бізге еліңіздегі әлеуметтік желілердің қоғамдағы рөлін айтып өтсеңіз...
– Блоггерлер мен журналистер бір-біріне ешқашан кедергі келтірмейді. Олардың көп болуы қоғамға ғана пайдалы. Біздің елде блоггерлер өте көп. Блогосфера бірнеше жылдан бері жұмыс жасап, дамып келе жатса да, ақпарат кеңістігінен дәстүрлі журналистиканы ығыстырып жіберген жоқ. Ығыстыра да алмайды. Себебі — екеуі екі бөлек ұғым. Блог авторлардың пікірінен ғана тұрады, жазба иесінің көзқарасына құрылады. Мықты блогтар белгілі бір аудиторияны қалыптастырып алған соң, жарнама жағына көп көңіл бөледі. Белгілі бір уақыт өткеннен соң жарнама берушілермен жұмыс істеп кетеді. Бізде белді әлеуметтік желілердің қоғамдағы рөлі өте күшті. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде солай. Араб әлеміндегі оқиғалардың басты факторлары да осы әлеуметтік желілер болды. Тоталитарлық жүйедегі мемлекеттер бұлардан қатты қорқады. Ал сіздерде шенеуніктердің өзі көпке үлгі болып отыр екен. Бізде де саясаткерлер әлеуметтік жүйеде белсенді. Меніңше, әлеуметтік желілерді журналистиканы дамытуға пайдалану керек. Яғни дәстүрлі ақпарат құралдарындағы құнды материалдардың сілтемесін әлеуметтік желілер арқылы таратып, оқырмандардың санын еселеуге мүмкіндік бар. Себебі қазір кейбір желілердің пайдаланушыларының саны жарты миллионнан асты. Бұл — үлкен аудитория, үлкен күш.
– Әңгімеңізге рақмет!