«АДАЛ» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали партияның негізгі мақсаттары туралы айтып берді, деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Серік Сұлтанғали алдағы сайлауда АДАЛ партиясы бюллетеньде №5 алғанын еске салды. Сонымен бірге партия кандидаттарының орташа жасы бойынша ең төменгі көрсеткішке ие болғанын айтты. Партия кандидаттарының орташа жасы - 41,6 жас.
«Мен осы саяси науқанда додаға түсіп жатқан барлық ұйымға сәттілік тілеймін және олар халыққа берген барлық уәделерінің үдесінен шықса деген ниетім бар. Мен сайлаушыларымызды азаматтық позицияларын белсенді түрде танытып, тағдырларын таңдауға қатысуға шақырамын. Осы сайлауда әділеттілік салтанат құрсын!», - деді АДАЛ жетекшісі.
Серік Сұлтанғали партияның сайлауалды бағдарламасы туралы айтып, партия мүшелерінің басты мақсаты - әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.
«Біздің сайлауалды бағдарламамыз - бұл қоғамға және барлық деңгейдегі әкімдерге ұсынатын нақты кәсіби іс-қимылдар жиынтығы», - деді ол.
С.Сұлтанғали құжат елдің 6 мың елді мекен тұрғындарының мәселелерін талдауға негізделгенін баса айтты. Халықтың барлық өтініштері талданды және оларға сәйкес бағдарламаның 5 негізгі бағыты жасалды:
- Халықтың өмір сапасын көтеру;
- Кәсіпкерлік - дамыған мемлекеттің іргетасы;
- Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беру;
-Өңірлердің өркендеуі - қуатты мемлекет діңгегі;
-Өмірге қолайлы мемлекет.
Бағдарламаның егжей-тегжейін түсіндіре отырып, ол ең алдымен партия күнкөріс деңгейінің мөлшерін қайта қарауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Бұл орташа жалақының 40 % -нан кем болмауы керек, яғни 32 668 теңгенің орнына - 60 мың теңге. Сонымен қатар біз ең төменгі жалақы мөлшерін - 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге арттыруға ықпал етуді жоспарлап отырмыз. Бірде-бір әлеуметтік төлем күнкөріс деңгейінен төмен болмауы керек», - деді ол.
Сондай-ақ, «АДАЛ» жетекшісі партияның ауқымды несиелік рақымшылыққа қарсы екенін айтты.
«Халықтың екінші деңгейлі банктерден, шағын қаржы ұйымдарынан рәсімдеген несиелері тым көп, бірақ бұны жаппай есептен шығару арқылы шешу мүмкін емес - оның орнына жеке тұлғалардың банкроттық институтын енгізу керек. Өмірлік қиын жағдайдағы кез-келген қазақстандықтың қарызын төлеуге және жаңа өмір бастауға заңды құқығы болуы керек», - деп түсіндірді Сұлтанғали.
Партия төрағасы тағы бір рет «АДАЛ» сайлауалды бағдарламасы халықтың барлық топтарына бағытталғанын және оны нақты жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
«Біз бағдарламаны мүмкіндігінше тезірек жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл құжат тек ұрандар жиынтығы емес - біз қаражаттарды орталықтардан аймақтарға бөлудің барлық процестерін ескердік», - деп түйіндеді ол.
Партияның сайлауалды бағдарламасының толық мәтінін мына жерден таба аласыз.