Абай айтқан «момын бай» қайда қазір?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бұрындары бай мен кедейдің арасы мың жылқы болса, қазір оларды миллиардтаған долларлар бөліп жатыр...

Қарап отырсақ, ұлт тарихында небір саңлақ адамдар өткен екен. Ауылын ғана емес, тұтастай рулы елді асырап, халқына тірек бола білген ондай тұлғалардың атын тіпті эпикалық жәдігерлерден де жаттап өстік. Өз заманының алдыңғы қатарлы адамдары халық санасында игіліктің баламасындай болып қалған.

Ал сол Құдайдың берген ризығын еліне нәпақа еткен тұлғалар мен бүгінгінің бір күнде байып шыға келген «шала байларының» тірлігін салыстырып көрсек, не байқар едік?

Бұрынғы байлар мектеп салса, қазіргілер мектеп-балабақшаның ғимаратын арзанға сатып алғанды жақсы көреді. Бұрынғыларға еліктеп мешіт салса, руының не әкесінің атын қойып, меншігіне айналдырып, дінімізге де, ділімізге  де келмейтін қылықты бастайды. Мешітті ел игілігіне емес, атын шығару үшін салады. Тіпті бейіттегі бақталастықты көрсеңіз. Бір-бірінен асырып салып жатқан мазарлары өліге емес, өздеріне керек тәрізді.
Бұрынғы байлардан ескерткіш болып жер-су атаулары қалды. Өйткені елі үшін өмір сүргендердің халықтың тарихи санасындағы аты өшпейді. Қазіргілер болса кезінде «автолавка» айдаса да, ауылдың бір көшесін көзі тірі әкесінің атына алып беріп, шала бүлініп жатады.

Бұрынғы байлар да сән-салтанатты теріс көрмеген. Сондағы байлығы – әсем жасауланған бірнеше боз үй ғана. Алты ат жегетін алтын зерлі, оюлы пәуеске мен күйме ғана. Ал қазіргілердің салған жасанды салтанатқа толы сарайлары елге сес көрсету құралы тәрізді. Құны бір ауданды бір жыл асырауға жететін көліктерімен көшеге сыймай, қарапайым халықты таптап кете жаздап жүргендері. Қаржысы бола тұра, балаларына дұрыс тәрбие беретіндері аз. Шектен шыққан дарақылық, есерлік, мақтан. Өз Отанында тапқанын ел несібесіне жаратып, өндіріс салудың орнына, шетелге тасиды. Ауылдағы мыңдаған қойлары бар байлар елдің қамын ойламақ түгіл, ең алдымен, оларды арзан жұмыс күші көріп, қанауға көшеді. Тіпті аты жер жарған, акциялары әлемдік нарыққа шыққан корпорацияларымыздың өзі қанша рет «әлеуметтік жауапкершілік» танытып, мейірімділік шарасын өткізсе, ізін ала сонша пайыз салықтық жеңілдіктер сұрап отырғаны...

Әрине, бізде ақшасы да, ақылы да бар, «мерседесі» де, мейірімі де бар, ел алғысына, халқының ризашылығына бөленіп, батасын алып жүрген азаматтар да баршылық. Бірақ тым аз. Абзал аты ел ауызына ілініп жүргендерді санамалап шығуға екі қолдың саусақтары жетеді.

Ал замана адам баласына соншама тарихи дәуірлерді басынан өткере отырғанда, ең алдымен, сындарлы ақыл-ой, өркениетті сана сыйлады. Құдайдың осы сыйы бүгіндері алтынның жылтырына айырбасталып жүрген жоқ па екен?

Біз Наурыз мейрамын «хан тағынан түсіп, бай атынан түсіп, қара халықпен табысатын» теңдік мерекесі деп те атаймыз. Осындай мерейлі күндері қалталыларымыз «әлеуметтік теңдік», «қоғамдық жарасым» деген ұғымдарды еске алып қойса, артық болмас еді. Қазір ешкім біреудің қалтасындағы ақшасын санамайды, кім қалай жұмсаса да — өз еркі. Тек жаңа байыған азаматтарымыз қоғамдық құндылықтар қатарында қоғамдық этика мен қоғамдық мораль бар екенін ұмытпаса болғаны.

Бұрынғыдан бір мысал
Қазақта Бөкей ордасында капитализмнің ошағын орнатып, жандандырған Жәңгір ханның еңбегі орасан зор. Ол кісінің бұл бағыттағы істерінде кемшілік болған, бірақ оның жасағанына қазір біз қол жеткізе алсақ, Қазақстанның өркениет деңгейі кем дегенде Эстония секілді мемлекеттің деңгейіне жете алар еді. Ол мектеп аштырған, әскери училищеде қазақ балаларын оқытқан, оларға шәкіртақы төлеткен, оқығандығы туралы куәлік берген, ақыры қазақтың көзі ашық зиялы қауымын сол кездегі орыстардың дворяндар титулына дейін енгізуге атсалысқан.

Бертінге келер болсақ, ХХ ғасырдың басында найманның матайының байы Мамай Тұрысбек Ақсу өңірінен медресе ашқан. Оған Уфадан мұғалімдер шақыртып, жалақысын өзі төлеп отырған. Ресейдің татар өлкесінен қашып келген Әбдірахман бар, ұлты татар болса-дағы, қазақ халқының рухани көркеюіндегі үлесі ерекше. Ол тек діни ғана емес, есеп-қисап, жазу, өнертану, мысалы, тас қалау деген секілді еңбекке баулитын сабақтардан да білім берген. Сол медреседе менің атам Ғали Дәуренбеков оқыған. Қалай дегенмен де, ол кезеңдегі діни мектептер мен медреселердің діни аспектісі мықты болған. Міне, қазақтың «менмін» деген азаматтары халқына қолынан келгенше осындай жақсылықтар жасаған. Оны ауық-ауық айтып, артымыздан еріп келе жатқан жастарымыздың жадына сіңіру – біздің міндетіміз.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы

Қазақта текті байлар көп болған
«Қазақстандағы сталинизм және 20-40 жылдардағы репрессиялар» деген кітабымның бірінші, екінші тарауы ХХ ғасырдың басында Алаш қозғалысына, Алашорда үкіметіне қолдау жасаған және сол үшін совет өкіметі тарапынан жазаланған Есіл бойындағы қазақ байлары туралы.

Әсіресе, мынау Көкшетаудың Айыртау деп аталатын өңіріндегі байлар. Олардың ішінде байлары да, орташа шаруалары да болған. Мұнда Айбасов, Бимұрзин, Хайролла Мәкенов тағы басқа да репрессияға ұшыраған қазақ байларының тергеу материалдарын беру арқылы «қазақ байлары деген кімдер болған?» деген сұраққа жауап іздей отырып, қазақ байларының ғылыми портретін жасауға тырыстым.

Осы еңбекті жазу барысында менің бір байқағаным, патша өкіметі де, совет өкіметі де қазақ байларын қудалаған. Өйткені олар қазақ байларының қазақ қоғамындағы орны ерекше екенін білген. Және түбінде өздеріне қарсы шығатын күш деп білген.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарихшы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста