Жүз жас ақын-жазушыға жағдай жасауға жұмсалатын қаржы жүз шақырым жол салудан көп бола қоймас

Жүз жас ақын-жазушыға жағдай жасауға жұмсалатын қаржы  жүз шақырым жол салудан көп бола қоймас

Бекжан ӘШІРБАЕВ, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

– Бекжан аға, жалпы, өміріңізде, шығармашылығыңызда не жаңалықтар болып жатыр?
– Жаңалық аз емес, ақындық жолымның 25 жылдық белесін бір түйіндеп, оқырман алдында есеп беру ниетім бар. Алдағы жексенбі, яғни желтоқсан айының 1-і күні Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында шығармашылық кешім өтеді. Жаңа жырлар оқылып, жаңа әндерімнің тұсауы кесіледі. Оған Тоқтар Серіков, Саят Медеуов, Заттыбек Көпбосынұлы, Мақсат Базарбаев, Жазира мен Жанболат, Сырым Исабаев, Гауһар Әлімбекова, Ералхан Әбіш, Өктем Алтай, Роза Әлқожа, Әділ Сламхан, Ғани Мәтебаев және тағы да басқа қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысады. Кешті «Хабар» агенттігі теледидарға түсіріп, бел­гілі пародист Олжас Сыдықбеков жүргізеді. «Аспан жақта той бар десе, әйелдер саты іздей бастайды» деген қарақалпақ хал­қы­ның мәтелі бар екен. «Алаш айнасы» газе­тінің барша оқырмандарын сол концертке шақырамын.
– Бұл жақсы, қуанышты жаңалық екен. Кештің демеушілері бар ма? Жалпы, дайындық қалай?
– «Түрксіб» теміржолы пайдалануға беріліп, алғашқы паравозды жүргізудің тұсаукесері болып жатқанда, бір қазақтың шалы келіп, сонда қазан-ошақты жайғап жүрген жігіттен: «Мұнда не болып жатыр?» – деп сұрапты. «Ақсақал, мынау – бумен жү­ретін отарба, соны бүгін іске қосамыз»,– деп­ті. «Қой, мына үлкен темір жүре қой­мас»,– дейді әлгі шал күдіктеніп. «Жү­реді, жүреді, жүрмесе, сонша ел неге тер төкті дейсіз», – депті жігіт. Сөйтіп, екеуі бәстескендей болып тұрғанда, паравоз бу­дақ­татып түтін шығарып, қозғала бастайды. Жігіт: «Әне, көрмейсіз бе, жүрді ғой»,– десе, шал: «Енді тоқтата алмайсың­дар», – деген екен. Қазақтың мінезі де сол паравоз сияқты: бір істі бастамайды, бастаса тоқтауы қиын.
Шығармашылық есеп беру көптен бергі арманым еді, соның реті енді келіп отыр. Алғашқыда қорқа-қорқа қолға алған шаруа болатын, құдайға шүкір, материалдық та, рухани да демеушілерім табылды. Концерт жайында ел құлақтансын деген мақсатпен бірнеше БАҚ-та сұхбаттарым, өлеңдерім және хабарландыруларым жарияланды. «Хабар», «Қазақстан», «Алматы», СТВ, «Хит ТВ» телеарналары мен «Қазақ әдебие­ті», «Дала мен Қала», «Айқын», «Ана тілі», «Жұлдыздар отбасы», «Ұлт болмысы», «Қай­рат Нұртас» секілді газет-журнал бас­шы­ларына, сондағы әріптестеріме алғысым шексіз. Бізде қазақ өнері мен мәдениетіне шын жанашыр азаматтар аз емес. Маған материалдық тұрғыдан қолдау көрсеткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа, «Алаш» тарихи зерттеу орталығының директоры Хайролла Мағауияұлына, баспа-полиграфия, дизайн саласының білгірі Медет Темірбекұлына және KahanDT ЖШС директоры Досжан Төребекұлына деген ризашылығым зор.
Бірде Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева концерт залдарының жалға алу құны аспандап тұрғанын, ол шығын ақталуы үшін билет бағасы жоғарылайтынын, бұл өз кезегінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өкілдерін қолдауды әлсірететінін айтқан болатын. Мына қызықты қараңыз, концерт жайында қала көшелеріне жарнама плака­тын ілсеңіз, оның әр данасы үшін 4 АЕК (6000 теңге көлемінде) салық салынады екен. Сонда 1000 афиша – 6 000 000 теңге! Бұл қаржы «алкогольсіз сыраны» немесе «элиталы тұрғын үйді» жарнамалаушылар үшін қиындық тудырмайтын шығар, ал өнер адамына оңай тимесі анық. Біздегі мәдениет туралы заңның осындай солқылдақ тұстары көп. Бұл ұстаным қазақ руханиятын көгерт­пейді. Өз ұлтыңның құндылықтарына бизнестің көзімен ғана қарау безбүйрек ұрпақты тәрбиелеп шығады. Ұлттық эфирі­міз бен үлкен сахналарымыз құятын қаржы­сы қап-қап барабаншыл батыстың  даңғы­рақ музыкасымен тола берсе, санадағы жары­лыс бізді түбі жағырапиямыздан айы­рылуға алып келеді.
Біздің көп заңдарымыз неге қарапайым халықтың мүддесін қорғай алмайды? Себебі оның жобасын қазір жекелеген ве­домс­тволар дайындайды, өз мүддесі тұр­ғысынан жазады, соны Парламентте қалайда бекітіп алады. Ал бұрын ше, кеңес заманында қалай еді? Бұл шаруа білікті ғалымдарға жүктелетін, солардың талғам-таразысына салынатын. Сол дәуірде Семей ет комбинатының  директоры мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін өлім жазасына кесілген. Биліктегілер ел қазына­сына сұғанақтық танытудан қорқатын, қатал үкімнен сескенетін. 2007 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдадық, бірақ нәтиже көңіл көншіте ме? «Бара бер­генше, пара бер» психологиясынан арыл­дық па? Жоқ. Заңдарды ізгілендіру әлемдік өркениеттің талабы шығар, бірақ оның  осын­дай залалы да аз емес. Шенеунік қазы­наны неге тонайды, тонау мүмкін болғасын, өздеріне ыңғайлы заң баптары жол бергесін тонайды.  
– 2000 жылдардың басында сіздің айтыста айтқандарыңыз жұрттың аузында жүретін. Бірақ жүлдені басқалар алатын. Бап емес, бақ шауып жатты ма сол кездерде? Әйтпесе «Аманжолмен айтысу ауыр емес» еді ғой.
– Қазақта «Ана сүтімен сіңбеген тана сүтімен сіңбейді» деген тамаша тәмсіл бар. Ақындық, композиторлық және журналис­тика – бұл үшеуін сен таңдамайсың, кері­сінше, бұл «үш дос» сені таңдайды. Қара­пайым адамның қолында үш кілті – үйінің, көлігінің және қызмет бөлмесінің кілті бол­са, өнер адамында бұдан бөлек, жүректің кілті болады. Ол кілт алтындай ойдан, сөз­ден, сезімнен құйылады. Өмірде сол кілтіңді жоғалтып алудың өкінішінен сақтасын! Сондықтан бұл жерде «Ертөстігім бір төбе» деп ерекшелеп, бойға біткен өнерімнің ешқайсысын шеттеткім жоқ.  Журналистика – әлеуметтік мінберім, ақын­дық пен композиторлық – өмірлік компа­сым.
Мен айтыс ақыны мен жазба ақынының арасына Қытай қорғанын салып тастауға қарсымын. «Айтыс – поэзия емес, әдеби дебат қана» деушілермен де келіспеймін. Бұл – оның қазанында қайнамаған, іші өлеңге толмаған сырт көздің ғана пікірі. Жүрсіннің жүйріктерінің қатарынан көрінуім маған танымалдылық алып келді, жүлдесіз қалсам, ол оған ерекше бір талпынбаға­нымнан шығар. Егер, шынымен, бас жүлдені алғым келсе, оған талантым да, тамыр-таныстығым да жетер еді. Айтыс сахнасынан кетуіме ешкімнің қиянаттығы, аяқтан шалуы себепкер болған жоқ, өз көңілім осыны қалады. Мен айтыста қарсыластан емес, көрерменнен жеңіліп қалатынмын. Жүкең­нің: «Бекжанның  дүйсенбіде айтқан өлеңін сәрсенбі күні түсінеміз»,– деуі тегін емес.
Бірде Қазақ радиосында көркемдік кеңестің отырысы болып, менің «Көршінің қызы» әнім жаңа басшылықтың тұсында эфирден өтуі қайта талқыланыпты. Жүрсін Ерманов ағам ол кезде бас директор. Музы­калық редакцияны басқаратын бір ағамыз­дың әнге онша іші жыли қоймаған көрінеді. Енді әркімнің талғамы әртүрлі, оған талас бар ма?! Менің әндерімнен «қымыздың иісі» шығады, ол кісі әндеріне «цилиндр қалпақ кигізіп, аузына сигара қыстырғысы» келеді. Сонда Жүкең: «Айналайын, бұл бүкіл қазақ даласы шырқаған ән ғой, ол сұраныс­ты қайда жасырып қоясың, кешір, сенің бүкіл шығармаңды құрметтеймін, бірақ солардың ішінде осындай көп тыңдарман жинағаны бар ма? «Көршінің қызы» әні Қазақ радиосынан беріледі», –  депті. Осы әңгімені маған достарым жеткізгенде, бір марқайып қалдым. Максим Горький: «Творчество адамын мақтап қою керек», – дейді. Сол сезімді бастан кештім.
– Сіз айтыс шоуға айналуы керек дегенді жиі айтасыз.   
– Иә, жиі айтамын. Бірақ менің «Ақын­дар айтысын шоуға айналдыру керек» деген пікіріммен біраз адам келіспей жатады. «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Сыр-сұхбатта» да, «31-ші арнадағы» «Айтыл­маған әңгімеде» де осы сұраққа жауап бердім. Меніңше, бұл жердегі бар гәп «шоу» дегенді кімнің қалай түсініп, қабыл­дайтынында жатыр. Ресей телевидениесіне ток-шоу форматын алып келген Александр Познердің хабарлары тек ойын-сауықтан тұрмайды, ол жерде де орыс халқының тағдырын шешетін сөздер айтылады, болашақта Кремль билігі саяси басымдық беретін ойлар ортаға тасталады. «Айтыс шоуға айналса, елдік мәселелер айтылмай қалады» деген сөз бекер. Айтысқа халықты келтіру, үлкен сарайлардың жалға алу құнын ақтау үшін әдеби менеджерлік қажет. Шоудың элементтерін қоспасаң, көрерменді қалай жинайсың? (Республика сарайының 20 пайызын ғана толтырған талай жыр додасы өтті ғой). Айтыстың меценаттары бүгін бар, ертең жоқ. Мысалы, балта тілді Балғынбек билік партиясының қолдауымен өтетін айтыста қоғам шындығын ашып айта ала ма? Жоқ. Айтыс өнері – қазақ мәдение­тінің ең мықты бренді, ол өзін-өзі қаржы­ландыра алатын мүмкіндікке ие. Қаржылық тәуелділік ой тәуелділігіне алып келеді. Футбол ойындарында ұтысқа көлік тігіліп, стадиондар толады. Меніңше, оның екі жақтың ойындағы нәтижесіне ешқандай әсер-ықпалы жоқ. Өлең тойына да осындай шоудың белгілері кірістірілсе, одан ақын сөзінің ләмі кетіп қалмайды.
Айтыс – синкретті өнер, бұл тұжырымды Әуезовтің өзі жасаған. Қазір қала тұрғын­дары актер өнерін тамашалағысы келсе  театрға, ән тыңдағысы келсе концертке, ғажайып көргісі келсе циркке, газет-журнал оқығысы келсе киоскіге барады. Ал ХІХ ғасырда өз дамуының шырқау шегіне жеткен айтыс осы мәдени демалыс түр­лерінің бәрін өз бойына сіңірген. Мысалы, Шашубай айтысқанда екі құлағын ары-бері қозғап, шабытына шалқыған ақын бөксе­сімен жорғалап, есіктен төрге бір-ақ озады екен. Тәкен Әлімқұловтың бір повесінде сал-серілер өмірі суреттеледі. Бір ауылға жақындаған тұста думанды топтың серкесі атынан әдейі құлап қалады да, ел-жұрт ерке ақынын сол жерден қалы кілемге көтеріп салып, ауылға алып келеді. Бұл шоуға жатпай ма? Жоңғар шапқыншылығы тұсында қазақ даласында жыраулар поэзия­сы дамыған. Ол кезеңде киізтуырлықты қазақ халқы «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз?» деген арман-аңсардың жетегінде қалды. Ал айтыс өнері – бейбіт заманның перзенті, ол думан-тойдың көркі болды. Әрине, біз айтыстың шоулық сипатын әңгіме қылғанда оның түрлерін ескеруіміз қажет. Айтыстың телевизиялық нұсқасы шыққан бастапқы жылдары (өткен ғасырдың 80-90жж.) қыз бен жігіт айты­сы, қайым айтыс, түре айтыс, сүре айтыс, тақы­рыптық айтыс деген түрлері жақсы дамыса, өкінішке қарай, осы жағы қазір көп ескеріле бермейді. Меніңше, сол кеңестік дәуірде айтыстан шоу жасауға деген талпыныс болды. Елдің әлеуметтік жағдайын айтудан да ешкім сырт қалған жоқ. Тақырыптық айтыста Арал тағдырын қозғаған Мұхтар Құраловтың толғауы қан­ша жүректерді тебірентті, Манап Көкенов пен Көкен Шәкеевтің сүре айтыста айтқан салиқалы сөздері ел санасында сілкініс тудырды. Сондықтан ақындар айтысын ХІХ, ХХ ғасырларда өз табиғатында болған думандық сипатынан айыру қажет емес.
– Жазба поэзияға біржола бет бұрдыңыз. Айтыстағы өзгешелік өлеңде жалғасты. Бұл тыңға түрен салу ма, жоқ әлде сөзіңіз сондай ма?  Өзіңіз айтыскер Бекжан мен жазба ақын Бекжанның қайсысын бағалайсыз? Қазаққа қайсысы керек деп ойлайсыз?
– Біздің қоғам жазба ақынға дәрігер деп, айтыс ақынына тәуіп деп қарайды. Дәрігерге барсаң, толтыратын бума-бума қағазы бар, тәуіпке барсаң, бір түшкірсе  өзіңді жазылып шығатындай сезінесің. Дәрігерден үмітің үзілсе, қу жаның үшін тәуіп іздеп кетесің. Бұл параллельді неге айтып отырмын? Цензура барлығын біл­мей­тіндер өмір шындығын кітаптан іздейді, жазба ақынның осы тұста тұсалып қалатын кездері аз емес. Ал айтыскер өмір шындығын өлеңмен өріп, сахнада айтып үлгереді, эфирге берілерде қайшыға түсіп, қидаланса да, сондағы біраз құлақ тыңдап қалады.
Айтыстың қазылар алқасында жазба ақындар отырса, мүшәйраның қазылар алқа­сынан  айтыс ақынын көрмейсің.  Бұл не? Бірінен-бірін кем санау, анау ұстаз, мынау шәкірт деп білу ме? Бізде жазба поэзияда ерекше қолтаңбасы бар айтыскер ақындарымыз аз ба? Мысалы, Есенқұл Жақыпбеков, Әселхан Қалыбекова, Ерік Асқаров, Мэлс Қосымбаев, Мұхамеджан Тазабеков, Серік Қалиев, Шорабек Айда­ров, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла т.б. Меніңше, жазба ақын да өлеңді суырып салып шығарады. «Дүйсенбі екі жол ұйқасты таптым, бір шумағым сәрсенбіге дейін бітіп қалар» деп ешкім жүрмейді. Мен студенттік жылдары ҚазҰУ-дың 5-інші жатақханасында Марал­тай, Әмірхан, Сәндібек секілді жазба ақындар­мен бір бөлмеде тұрдым. Біздің Маралтай шабыты келгенде бір күнде бес-алты өлеңді төгіп-төгіп тастайтын. Әмірхан­ның бас-аяғы 3 сағаттың ішінде бір поэма бітіргені бар. Мен: «Әмірхан аға, сіздің 3 са­ғатта жазған 100 шумағыңызды мен кө­ші­ріп те үлгере алмаймын ғой»,– деуші едім таңданы­сым­ды жасыра алмай. Осы­дан біраз жыл бұрын  Қазыбек Иса ағам­мен Петерборда бірге болдық. Нева жағасында орналасқан қаладан алған әсерін жырмен өріп, 20 шумақтан астам өлеңді ойында пісіріп, дастарқан басында мөлдіретіп оқи жөнелді. Қағазға қонақүйге оралғасын түсіріп жатты. Меніңше, жазба ақын да, айтыс ақыны да өлеңді суырып-салады,  екеуіндегі үдеріс бір. Ал тақырыптық, стильдік ерекшелік, ол өз алдына бөлек әңгіме. Өзіндік қолтаңбасы бар жазба ақын да, айтыс ақыны да көп, өздерінің ішінде де бір-біріне ұқсамайды.
Мені отыздан енді ғана асқан көкөрім шағымда Ұлықбек Есдәулет ағам «Қазақ әдебиеті» газетіне шақырып, бас редактор­дың орынбасары қызметіне көстең еткізіп отырғыза қойды. Поэзияның қыз-қыз қай­наған ортасы, нөмірге кетіп жатқан көзі тірі классиктеріміздің өлеңдеріне редакторлық көзбен қарайсың. Жазушылар одағына мүшелікке өту қажеттігі туды. Менің жазба поэзияға бүтіндей бет бұруым осы кез, ол үшін Ұлықбек ағама қарыздармын.
– Көршіңіздің қызы талай қыздың көңілін тербеген «Көршінің қызын» тыңдады ма екен?
– Көршінің қызы – типаж, жиынтық об­раз. Әннің хитқа айналуы оның қарапа­йым­дылығында деп білемін. Сіз жұмысыңыздағы бухгалтер келіншекті күнде костюм-юбкада көресіз, ал үй киімінде көрсеңіз қандай әсерде болар едіңіз? Ол да асүйде жүреді, патша жаяу баратын жерге барады. Қарапайым. Басқаша айтқанда, «Көршінің қызы» – «үй киіміндегі» ән. Адамның ішкі «мені» күшті (бірақ оны екі рет айтсаң, «менмен» атанасың), былайғы жұртқа Жамал шалдың немересі кімге ғашық болғаны аса маңызды емес. Бір топ адаммен суретке түссеңіз, алдымен өзіңізді іздейсіз, «көзім жұмылып қалмады ма, шашым дұрыс таралған ба?» деп. Сол сияқты бұл әннен де әр қазақ өзін, жүрегінің сыңарын тапты. Ал әнді көтеріп, жатталымды етіп тұрған қайырмасындағы «әкесі де оның жақсы адам» деген жолдар деп ойлаймын. Тек оны уыздай таза, арзан дүниеге былған­баған жаныңызбен, кешегі абитуриент қалпыңызбен тыңдай біліңіз.
– Өлең Аманхан Әлімұлының айтқанындай, туыла ма, жоқ әлде жазыла ма?
– Менің поэзиямда да кеудемдегі қырық қабат сүзгіден өтіп кеткен, көркемдігі әлсіз «шпион-шумақтар» табылып қалады. Оны өзім білемін, қайта жариялағанымда түзеп отырамын. Ғабит Мүсірепов: «Бір сөз бір сөзге сәулесін де,  көлеңкесін де түсіреді», – дейді. Кейде бір сөздің мағынаны, ойды терістеп тұрғанын білмей қаласың. Мынау журналистік өмірде бір байқағаным, материал газетке дайындалу барысында редакторлық, корректорлық сүзгіден өтеді, бірақ баспа бетін көргенде бірлі-жарым әріптік, пунктуациялық қате бәрібір жүреді. Шұқшиып оқығанда табылмаған қате  ертесіне өзі жетіп келеді. Қағаз мәдениетінің, жарияланған дүниенің осындай бір сиқыры бар. Бұл өлеңнің жарық көруіне де қатысты.  
Мен өлеңді ұйқасын алып тастап, қара сөзге айналдырып алып оқимын. Сонда мәнді ой, көркем образ, сәтті теңеу қалса, ол – туылған өлең, қалмаса, ол – жазылған өлең. Бір өлеңімде: «Толғатпай жазылған жыр, Толтырған құжат қана»,– дегенім бар. Менікі осы принцип, одан айныған емеспін. Жалпы, бізде оқырманның обалын ойлап, баспаханадан бірден макулатураға жібере салуға болатын кітаптар өте көп. 
– «Заң газетінде» басшысыз. Бас редакторлықтың жауапкершілігі ақындық жауапкершілікті басып кетпей ме?
– Міржақып Дулатов бір мақаласында «өнер адамдары мемлекетте дотацияда отыруы керек» деп жазады. Кеңес билігі шы­ғар­машылық тұлғаларға ерекше мәртебе беріп, біздің аға буын демалыс орында­рында алаңсыз роман жазумен айналысты. Қазақ поэзиясын даналық биікке көтерген Қадыр ақын 40 жасынан кейін газет-журнал төңірегінде жұмыс істемепті. Ол кездегі материалдық игілік, қаламақы көлемі осындай шарайат туғызды. Қазір оның бірі де жоқ. Қолың мүйізгек болғанша жазасың, оған мысықтың тамағындай азғана қаламақы шықса, жалақыға жегілмегенде қайтесің. Бірақ менің қызметім, маманды­ғым қанша дегенмен  жазу-сызудың төңі­ре­гі, бір терінің пұшпағы ғой. Бізде базар жағалап, құрылысты төңіректеп, жолаушы тасып күнелтуге мәжбүр қаншама дарындар бар. Міне, соларға мемлекеттің қамқор­лығы, аялы алақаны қажет-ақ. Қазақ әдебиетіндегі 100 жас ақын-жазушыға жағдай жасауға жұмсалатын қаржы  100 шақырым жол салудан көп бола қоймас.
– Сырлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет.

ӨМІРБАЯН

Бала кезім... кеуде таудай еңселі,
Әке сөзі – алдағы күн өлшемі.
«Оқуына түскің келсе әртістің,
Ең алдымен жылауды үйрен»,– деуші еді.

 

Өмір – ойын, қазір біраз қол қашты,
Бұрын ондай сәтсіз жүріс болмас-ты.
Тек көктемді көріп тұрған көзімнен,
Шығара алмай қиналғанмын сол жасты.

 

Ғарышкерден емес даңқы мысқал кем,
Бір керемет өлең жазу ішкі әурем.
Телефоны тыңдалатын адамдай,
Әдебиетте сөйлеу керек тұспалмен.

 

«Өнер» деген өзен бойын жағаттай,
Жүріп келем, тап болады сабат қай?
Том-том кітап қалмас менің артымда,
Табақ-табақ тойға тартқан тамақтай.

 

Бір сұлу деп атқа қонды талай ер,
Сезім азса, атанармыз жабайы ел.
«Қарай берсең, жасартатын айна бар»,–
Десем қазір іздеп кетер бар әйел.

 

Он сегізде кездеспеген қызды ойлап,
Көңіліме алғаным бар күз байлап.
Жапырақтың сарғаюын тоқтату,
Ғылым үшін тақырып боп тұр қайнап.

 

Ей, бауырым, әр күніңе тәубе де,
Жоғыңды іздеп түсе берме әуреге.
Меншігіңе айналдырсаң барлығын,
Сіздің үйге сыймай қойды тау неге?!

 

Үміт деген – жеуге келмес көк өрік,
Кел, одан да сәтті күнге сенелік!
Мүмкін, сізді соғар көлік бүйірден,
Бағдаршам да қалды бүгін бөгеліп...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста